18 Маусым, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында Кабо-Верде құрамасы тағы бір сенсациялық нәтижеге қол жеткізді.
Африкалық команда топтық кезеңнің екінші турында Уругваймен 2:2 есебімен тең түсіп, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалды.
Кездесу барысында Кабо-Верде тарихи жетістікке де қол жеткізді. Матчтың 21-минутында Кевин Ленини айып добын тамаша орындап, командасының әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы голын соқты.
Алайда бірінші тайм аяқталғанша уругвайлықтар есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шықты. Әуелі Максимилиано Араухо мергендік танытса, араға аз уақыт салып дәл осы ойыншы нәтижелі пас беріп, Агустин Каноббио Уругвайды алға шығарды.
Екінші таймда Кабо-Верде қайсар мінез көрсетті. 61-минутта Элиу Варела қарсылас қақпасына дәл соққы жасап, есепті қайта теңестірді. Осылайша матч 2:2 есебімен аяқталды.
Ойынның үздік футболшысы болып жартылай қорғаушы Кевин Ленини танылды. Ол тек тарихи голдың авторы атанып қана қоймай, алаңдағы ең белсенді ойыншылардың бірі болды.
Айта кетерлігі, АҚШ-та өтіп жатқан мундиальда Кабо-Вердені қолдау үшін қақпашы Возиньяның анасы да арнайы келген. Оның виза мәселесі АҚШ Конгресіндегі демократтар көшбасшысы Хаким Джеффристің қолдауымен бір тәулікке жетпейтін уақыт ішінде шешілген.
Естеріңізде болса, Испаниямен өткен ойында Возинья көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, оның әлеуметтік желідегі оқырман саны 40 мыңнан 12 миллионға жеткен еді. Көпшілік 40 жастағы қақпашының кім екенін жарыса жазып жатты.
Возиньяның шын аты – Жозимар Жозе Эвора Диаш. Ол 1986 жылдың 3 маусымында Сан-Висенте аралындағы Минделу қаласында дүниеге келген. Балалық шағы оңай өткен жоқ. Әкесі әскери қызметте болған соң анасы отбасын асырау үшін күні-түні еңбек етеді. Сондықтан Жозимарды атасы мен әжесі тәрбиелейді. Содан ба, қатарластары оны «Возинья» деп кекетіп, мазақтайды. Португал тілінен аударғанда бұл сөз «әже» немесе «әженің баласы» дегенді білдіреді. Өйткені Жозимар өмірінде қандай жағдай болса да бірінші әжесіне айтып, жұбаныш табады.
Екі тур қорытындысы бойынша Кабо-Верде сенсациялық түрде плей-офф жолдамасына таласып отыр. Турнирдің алғашқы матчында олар Испаниямен 0:0 есебімен тең түскен болатын. Ал екінші турда испандар Сауд Арабиясын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, төрт ұпаймен Н тобының көшін бастады.
Сол кездесуде 18 жастағы Ламин Ямаль әлем чемпионаттарындағы алғашқы голын соқса, Микель Оярсабаль дубль авторы атанды.
Енді топтан шығатын командалар соңғы турда анықталады. Уругвай Испаниямен кездессе, Кабо-Верде Сауд Арабиясына қарсы алаңға шығады. Қазіргі таңда топтағы төрт құраманың да келесі кезеңге өту мүмкіндігі сақталып отыр.
18 Маусым, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр