Кабо-Верденің қаһарманы: қақпашы Возинья туралы не білеміз?

 www.vietnam.vn
Фото: www.vietnam.vn

Испания мен Кабо-Верде құрамалары арасындағы кездесу көптің есінде қалды. Жай ғана сенсация үшін емес, жанкүйерлер 530 мың халқы бар елден жаңа қаһарман шыққанына таңдай қақты. Қызыл фурияның төпелеткен шабуылына қасқайып қарсы тұрған қақпашы Возинья мундиальдың жаңалығына айналғаны анық. 

Ел аузындағы ойын

Иә, ойын басталмай тұрып біразы Испания құрамасының кабо-верделіктерді қалпақпен ұрып алатынын айтып, менсінген жоқ. Оның үстіне олардың әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатқаны тағы бар. Десе де дәл осы команда фавориттің тасасында қалып, не жемтігіне айналмады. Қайта қорғана білді, бірді-екілі қарсы шабуылға шықты. Әлемдік аренада тәжірибесі аз демесең, анау-мынау құрамадан жинақы ойнады. 

Дегенмен көптің көзі Кабо-Верденің 40 жастағы қақпашысы Возиньяға түсті, білем. Матч бойы 7 сейв жасап, айды аспаннан бірақ шығарды. Испанияның бірнеше миллион тұратын ойыншыларына лайықты жауап бере білді. Сәйкесінше, жанкүйерлер қақпашыға таңданғаны сонша ол әлеуметтік желіде танымал болды. Instagram желісінде оқырман саны 43 мыңнан 6,5 миллионға көбейді. 

фото: Instagram-нан скриншот

– Мен бұл күнді өмір бойы армандадым. Біз осы сәтті ұзақ күттік. Командадағы әр ойыншы барын салды. Испанияның әлемдегі ең үздік құрамалардың бірі екенін білдік, сондықтан бұл – біз үшін ерекше қуаныш, – деді қақпашы. 

Ойыннан кейін берген сұхбатында жеңісін ата-әжесіне арнайтыннын айтты.Возиньяның көз жасына ерік бергені рас. Оған бірнеше себеп бар. Алдымен, ол Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталар тұста ұлттық құрамадан кетуді ойлайды. Өзін шаршаңқы сезінетін айтқанымен, командаластары оны қалуға көндіреді. Бірақ анасын мундиальға ертіп келе алмайды. Кабо-Вердеден Америкаға жету үшін виза мен жол ақысы тым қымбатқа шығады. Осыны еске алған жанкешті қақпашы сенсацияның астарында отбасының сенімі жатқанын көрсетті. 

Ардагер қақпашы

Сонымен, Испания сұрмергендеріне алдырмаған Возинья кім, бұдан бұрын неге танымал болмады? 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 433 (@433)

Возинья Португалияның екінші дивизионындағы «Шавеш» клубында ойнайды. Ол әлем чемпионатына ардагер қақпашының бірі ретінде келген. Өзімен қатар шотландиялық Крейг Гордон, германиялық Мануэль Нойер, уругвайлық Фернандо Муслера және мексикалық Гильермо Очоа бар. Әрине, Гордонның 43 жаста, Очоаның 40 жаста екенін ескерсек, олар біріншілікке қосалқы құрамда отыруға ретінде келген. Осы тізімге 39 жастағы Муслераны қосуға болады. Ал Нойер мен Возинья ұлттық құрамасының негізгі қақпашысы, қалқаны ретінде келген. 

Возинья әжесінің баласы ма?

Возиньяның шын аты – Жозимар Жозе Эвора Диаш. Ол 1986 жылдың 3 маусымында Сан-Висенте аралындағы Минделу қаласында дүниеге келеді. Балалық шағы оңай өткен жоқ. Әкесі әскери қызметте болған соң  анасы отбасын асырау үшін күні-түні еңбек етеді. Сондықтан Жозимарды атасы мен әжесі тәрбиелейді. Содан ба қатарластары оны «Возинья» деп кекетіп, мазақтайды. Португал тілінен аударғанда бұл сөз «әже» немесе «әженің баласы» дегенді білдіреді. Өйткені Жозимар өмірінде қандай жағдай болса да бірінші әжесіне айтып, жұбаныш табады. Әлбетте кішкентай балаға бұлай мазақтағаны ұнамайды. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Senda Athletics (@sendaathletics)

Осылай күндер өте береді. Жозимар елдің көзіне түскенімен, бапкерлер мен скауттар оның болашағына сенбейді. Себебі болашақ қақпашының бойы кішкентай еді. Осы жағдайға қапаланып жүргенде 16-17 жасында бойы күрт өсіп, 1 метр 89 сантиметрге жетеді. Кәсіби мансабын бастауға жол ашылып, Кабо-Верденің «Батуке», «Минделенсе» клубында доп тебеді. Одан кейін Анголаның «Прогресу» клубына ауысады. 

Арман жолындағы қадам

«Прогресу» клубында Жозимар тарихи таңдау жасайды. Кемпірдің баласы болғаны мұнша кәдеге жарамас па?! Өйткені клубта өзімен аттас тағы бір қақпашы Жозимар бар еді. Сөйтіп, екінші Жозимар болуға келіспей, жейдесіне Возинья атауын жаздырады. 

Жаңа атау, жаңа жол, жаңа команда. Осылайша, африкалық футболшының мансап-тас өрге домалай береді. Молдованың «Зимбру», Португалияның «Жил Висенте», Кипрдің «АЕЛ Лимасол», Словакияның «Тренчин» клубында доп тебеді. «АЕЛ» сапында 2018/19 маусымында Кипр кубогын жеңіп алады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от FIFA World Cup (@fifaworldcup)

Қызығы сол, қазір Transfermarkt порталы оның нарықтық бағасын небәрі 50 мың еуроға бағалап отыр. Әрине, бұл әлем чемпионатына дейінгі баға. Есіңізде болсын, әлем кубогыне қатысқан кез келген футболшының өмірі біріншілікке дейін және кейін деп бөлінеді. Оған Возиньяның «Шавеш» клубындағы келісімшарты 30 маусымда аяқталатынын қосыңыз. Мүмкін, Очоаның жолын беріп, жұлдызы жанар. Дегенмен алдағыны уақыт көрсететінін ұмытпағанымыз жөн. Білетініміз, Возинья 2012 жылдың қыркүйегінде ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын өткізеді. Сол матчта Кабо-Верде Камерунды 2:0 есебімен жеңіп,  алғаш рет Африка Ұлттар кубогына жолдама алады. Содан бері ол 89 матч өткізеді. 

Ешкім менсінбеген құрама

Шыны керек, Кабо-Верде құрамасы – H тобындағы аутсайдер. Одан кейін Сауд Арабиясы, Уругвай, Испания тұрады. Өткен ойын ешкімнің басынан «сипаған» жоқ. Испания жұлдыздары Возинья қақпасынан саңылау таба алмады. Уругвай мен Сауд Арабиясы тең тарқасып, оңтүстікамерикалық команданың фаворит атағына күмәнданып қалғанымыз бар. Иә, төртжылды түйіндер дода ешкімді аяп жатқан жоқ. Осы тұста «Испания бірінші матчта 2022 жылғы Аргентинаның күйін кешіп жатыр» дегендер бар. Бірақ сценарий ұқсағанымен, бір айырма бар: Аргентина құрамасы гол соқты. Қош, бұл топта жағдай күрделене түсті. Құлшына кіріссе, кімнің болмасын топтық кезеңде жанын салуға мүмкіндігі бар. Мүмкін, Кабо-Верде тарихта тұңғыш рет мундиальға қатысып қоймай, 1/8 финалға жолдама алып қалар, кім білсін...

Оқи отырыңыз