Жаңалықтар

Аптап ыстықта көлікке қандай қауіп төнеді? Мамандар кеңес берді

08.06.2026 15:43
Ажар Лаубаева
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Жаз – демалыс пен саяхат маусымы. Алайда аптап ыстық адамдарға ғана емес, көліктерге де әсер етеді. Ауа температурасы көтерілген сайын қозғалтқышқа, аккумуляторға және басқа да маңызды жүйелерге қосымша жүктеме түседі. Сондықтан мамандар көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеріп алуға кеңес береді.

Тежегіш жүйесі қауіпсіздікке тікелей әсер етеді

Жазда ерекше назар аударуды қажет ететін жүйенің бірі – тежегіш жүйесі. Мамандардың айтуынша, уақытында ауыстырылмаған тежегіш сұйықтығы жоғары температураның әсерінен қайнап кетеді. Соның салдарынан тежегіш жүйесінің жұмысы нашарлап, көлікті уақытында тоқтату қиындайды.

Жаңа тежегіш сұйықтығы шамамен 230 градус температураға дейін төзсе, уақыт өте келе оның құрамына ылғал жиналып, қайнау температурасы айтарлықтай төмендейді. Сондықтан ұзақ сапар алдында немесе өте ыстық аймаққа баруды жоспарласаңыз, тежегіш сұйықтығын ауыстырған дұрыс.

Аккумулятор қыста ғана емес, жазда да істен шығуы мүмкін

Көпшілік аккумуляторға ең көп зиянды аяз келтіреді деп ойлайды. Алайда аптап ыстық та оның жұмысына кері әсер етеді.

Оқи отырыңыз:

Ауа температурасы 40 градустан асқанда аккумулятор ішіндегі сұйықтық тезірек булана бастайды. Соның салдарынан ішкі бөлшектер тозып, аккумулятордың қызмет ету мерзімі қысқарады. Тіпті қатты ыстықта кейбір батареялар бірнеше күннің ішінде істен шығуы мүмкін.

Сондықтан жаз мезгілінде аккумулятордың жағдайын тұрақты бақылап, ондағы сұйықтық деңгейінің төмендеп кетпеуін қадағалаған жөн.

Қозғалтқышқа салқындату жүйесі маңызды

Қазіргі қозғалтқыштар жоғары температурада жұмыс істеуге бейімделгенімен, олар да күтімді қажет етеді.

Мамандар ең алдымен салқындатқыш сұйықтықтың жағдайын тексеруге кеңес береді. Уақытында ауыстырылмаған салқындатқыш сұйықтық қозғалтқыштың қызып кетуіне себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар радиаторды уақытылы тазалау маңызды. Өйткені уақыт өте келе оның арасына шаң-тозаң мен ұсақ жәндіктер жиналып, ауа айналымын нашарлатады. Нәтижесінде қозғалтқыш салқындату жүйесіне артық күш түседі.

Автоматты беріліс қорабы да ыстықтан зардап шегеді

Аптап ыстық көліктің беріліс қорабына да әсер етеді. Әсіресе автоматты беріліс қорабы қатты қызып кетсе, оның ішкі бөлшектері тезірек тозуы мүмкін. Бұл уақыт өте келе көліктің жұмысына әсер етіп, қосымша шығынға әкеледі.

Сондықтан мамандар беріліс қорабындағы майды уақытылы тексеріп, қажет болған жағдайда ауыстырып отыруға кеңес береді. Мұндай қарапайым күтім қымбат жөндеу жұмыстарынан сақтауға көмектеседі.

Кондиционерге күтім қажет

Жазда жүргізушілер ең жиі пайдаланатын жүйелердің бірі – кондиционер. Алайда ол да уақыт өте келе бұрынғыдай тиімді жұмыс істемеуі мүмкін.

Мұның басты себептерінің бірі – кондиционер жүйесіндегі салқындатқыш газдың азаюы. Егер көлік салоны бұрынғыдай тез салқындамаса, кондиционер жүйесін тексертіп, қажет болған жағдайда газын толықтырған жөн.

Қазір мұндай қызметтердің көбі арнайы жабдықтың көмегімен жүргізіледі. Мамандар жүйедегі газ мөлшерін тексеріп, қажет көлемін дәл есептеп береді.

Аптап ыстықта көліктің ішінде ұзақ отырмаңыз

Мамандар ыстық күндері көліктің ішінде ұзақ уақыт отырмауға кеңес береді. Әсіресе балалар мен үй жануарларын жабық көлікте қараусыз қалдыру қауіпті.

Тіпті кондиционер қосылып тұрғанның өзінде қауіп толық сейілмейді. Қозғалтқыш кенеттен сөніп қалса, салон ішіндегі температура небәрі 20-30 минутта 60-70 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдай денсаулыққа елеулі зиян келтіріп, өмірге қауіп төндіреді.

Сондықтан аптап ыстықта көліктің техникалық жағдайына ғана емес, өз қауіпсіздігіңізге де мән берген жөн.

Айта кетейік, бұған дейін қытай көліктері күрт қымбаттауы мүмкін екені жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз