Кеше ғана ғылыми-фантастикалық фильмдерден көретін технология бүгінде Қазақстанда шындыққа айналып келеді. Алматы облысындағы Алатау қаласында Орталық Азиядағы алғашқы аэротакси сәтті сынақтан өтті. Енді Қазақстан 2028 жылға дейін алты вертипорт салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба елдің көлік жүйесін түбегейлі өзгертіп, қалалық әуе мобильдігін дамытуға жол ашуы мүмкін.
Алайда жаңа технологияға қоғам ғана емес, депутаттар да әртүрлі көзқарас танытып отыр. Бірі аэротаксидың болашағына сенсе, енді бірі оған қажеттілік әзірге туындамағанын айтады.
Аэротакси деген не және ол қалай жұмыс істейді?
Аэротакси – электр қуатымен жұмыс істейтін, тік көтеріліп-қона алатын ұшу аппараты. Әлемде мұндай көліктер eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing) деп аталады. Олардың басты ерекшелігі – ұшу-қону жолағын қажет етпеуі. Аэротаксилер арнайы вертипорттардан көтеріледі. Вертипорт – тік көтеріліп-қонатын аппараттарға арналған шағын әуе бекеті. Ол жер үстінде де, көпқабатты ғимараттардың шатырында да орналасуы мүмкін.
Қазақстанда сынақтан өткен V2000 Prosperity аппараты бір оператор мен бес жолаушыны тасымалдай алады. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді. Бір рет қуатталғаннан кейін шамамен 250 шақырым қашықтыққа ұша алады.
Бұл көрсеткіштер аэротаксиды қала ішіндегі бағыттардан бөлек, жақын маңдағы елді мекендер мен туристік нысандар арасында пайдалануға мүмкіндік береді.
Неліктен Алатау қаласы таңдалды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен салынып жатқан Алатау қаласы жаңа технологияларды сынақтан өткізуге арналған пилоттық алаң ретінде қарастырылып отыр. Қала толықтай заманауи цифрлық инфрақұрылымға негізделіп жобаланған. Сондықтан болашақ көлік жүйелерін енгізуге қолайлы орта қалыптасып келеді.

Жоба авторлары Алатауды Алматы қаласымен және өңірдегі негізгі туристік бағыттармен байланыстыруды көздейді. Көлік министрлігінің бағалауынша, Алматы халықаралық әуежайынан Алатау қаласына дейінгі шамамен 50 шақырымдық жолды аэротакси небәрі 10 минутта еңсеруі мүмкін. Қазіргі көлік кептелістерін ескерсек, бұл уақыт бірнеше есе қысқарады.
«Таңғалатын ештеңе жоқ»: депутаттар не дейді?
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов мұндай технологиялардың пайда болуын заңды құбылыс деп санайды. Оның айтуынша, қалалар өсіп, көлік кептелісі көбейіп жатқан жағдайда аэротакси туристік бағыттарға жылдам жетудің тиімді жолына айналуы мүмкін.
Бұрын мұндай дүниелерді тек фантастикалық кинолардан көретін едік. Қазір қалалар өсіп жатыр, туристер саны артып келеді. Сондықтан аэротаксилер арқылы Көлсай, Шымбұлақ сияқты орындарға жылдам жетуге болады. Мен үшін бұл таңғалатын нәрсе емес, – дейді депутат.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әзірге мұндай көлік түріне сұраныс жеткілікті деңгейде қалыптаспаған деп есептейді.
Адамдарды аспанға көтеріп тасымалдау үшін оған нақты қажеттілік болуы керек. Бізде әзірге қарапайым такси де бар. Сондықтан мұндай технологияның қажеттілігі уақыт өте келе анықталады, – дейді ол.
Максим Рожин болса, әзірге аэротаксиге отыруға дайын емес екенін жасырмайды.
Әлі отырмас едім. Себебі бұл – жаңа сала. Бірақ болашағы зор деп есептеймін. Әсіресе қалалардағы кептелісті азайтуға көмегі тиуі мүмкін, – дейді мәжілісмен.
Жигули Дайрабаев жаңа технологияларға қатысты асығыс қорытынды жасауға болмайтынын айтады.
Оны уақыт көрсетеді. Қазір алдын ала баға беру қиын. Жаңа жобалардың қалай дамитынын тәжірибе көрсетеді, – дейді депутат.
Ал Қарақат Әбен Қазақстан инновациялық үрдістерден шет қалмауы керек деген пікірде.
Біз халықаралық деңгейден қалмауымыз керек. Бұл бір күнде жүзеге асатын жоба емес. Бірақ инновация жағынан ешкімнен қалып қоюға болмайды, – дейді ол.
Еділ Жаңбыршин де әлемде аэротаксилерге қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.
Көптеген мегаполисте көлік кептелісі үлкен проблемаға айналды. Кейбір қалалардың бір шетінен екінші шетіне жетудің өзі ұзақ уақыт алады. Әуежайға кешікпеу керек, туристік нысандарға жылдам жету қажет. Сондықтан аэротаксилер ең алдымен туризм мен іскерлік сапарларда сұранысқа ие болуы мүмкін. Болашағы бар технология деп ойлаймын, – дейді депутат.
Аэротаксимен ұшу қанша тұрады?
Алдын ала есеп бойынша аэротаксимен ұшу құны шамамен бір шақырым үшін бір АҚШ долларын құрауы мүмкін. Бұл қарапайым таксимен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, мұндай қызметтің басты артықшылығы – уақыт үнемдеу. Сондықтан аэротаксиге ең алдымен іскерлік сапарларға шығатын адамдар, туристер және әуежайға жиі қатынайтын жолаушылар сұраныс танытуы ықтимал.
Тек жолаушы тасымалдаумен шектелмейді
Аэротакси технологиясының мүмкіндігі тек адамдарды тасымалдаумен ғана шектелмейді. Арнайы нұсқалары төтенше жағдай кезінде гуманитарлық жүктерді жеткізуге, құтқару операцияларына қатысуға және өрт сөндіру жұмыстарында қолданылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, мұндай аппараттар бір ұшу барысында шамамен 800 шаршы метр аумақтағы өртті сөндіруге қауқарлы. Сонымен қатар олар шалғай ауылдар мен қиын жететін өңірлерге қажетті жүктерді жедел жеткізуге мүмкіндік береді.