21.04.2026
09:11
205
Жаңалықтар

5 млн теңгеге дейін: Қазақстанда тіс имплантациясының құны неге шарықтап кетті

Қазақстанда тіс протездеу мен имплантация қызметтерінің бағасы айтарлықтай өсті.

Жалпы алғанда, соңғы уақытта стоматологиядағы кемінде бес түрлі қызмет түрі қымбаттағаны байқалады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында тіс протездеу құны 13 пайыз артқан. Ал имплантация бағасы бір жыл ішінде 10 пайыз өскен. Ranking.kz сарапшылары Алматы мен Астанадағы тіс импланттары мен оларды орнату қызметтерінің бағасын зерттеп шықты.

ЖИ (ChatGPT)

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ең қолжетімді нұсқа – металлокерамикалық тәждер. Бір тістің бағасы 46 мыңнан 180 мың теңгеге дейін барады. Ал цирконий тәждердің құны 95 мыңнан 220 мың теңге аралығында.

Оқи отырыңыз:

Сарапшылардың айтуынша, стоматологиядағы ең қымбат қызметтердің бірі – All-on-4 әдісі арқылы жасалатын имплантация.

Бұл тәсілде төрт имплантқа бүкіл бір жақ сүйектегі тістер толық орнатылады. Мұндай кешенді емнің құны 790 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Егер екі жақ сүйекке де имплантация жасалса, жалпы шығын 1,6 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін барады. Бағаның жоғары болуы импланттардың құнына ғана емес, процедураның күрделілігіне, 3D-модельдеу қолданылуына, заманауи жабдықтар мен мамандар тобының жұмысына байланысты, – деп түсіндірді сарапшылар.

Мамандардың пікірінше, Қазақстанда тіс имплантациясы біртіндеп қымбат әрі көпшілікке қолжетімсіз қызметке айналып барады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, соңғы бір жылда қазақстандық отбасылардың стоматологияға жұмсайтын шығыны шамамен 3/1-ге артқан.

ЖИ (ChatGPT)

2026 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында ең көп қымбаттаған қызметтер қатарында тіс жиегін емдеу (17,7%) мен тіс жұлу (14,7%) бар. Сонымен қатар кәсіби тіс тазалау қызметінің бағасы да 12 пайыз өскен.

Қымбат қызметтерді қолжетімді ету үшін көптеген стоматологиялық клиника банктік несие немесе бөліп төлеу бағдарламаларын ұсына бастады. Алайда мұндай қызметті өз қаражатына жинап алу үшін де айтарлықтай уақыт қажет.

Prodengi.kz порталының дерегінше, орташа жалақысы 442 мың теңге болатын азаматқа екі жақ сүйекке имплантация жасау үшін 4 айдан 12 айға дейінгі табысын жұмсауға тура келеді. Ал айлығы 116 мың теңге шамасындағы азаматтарға бұл қызметке ақша жинау үшін 14 айдан 43 айға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.

Кімдер тегін стоматологиялық көмек ала алады?

Қазақстанда шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінде тегін көрсетіледі.

ЖИ (ChatGPT)

Шұғыл жағдайда стоматологиялық қызмет 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге, I, II және III топтағы мүгедектерге, «Күмiс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерінің иелеріне, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар және қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастарға, мүгедек балаға немесе бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға тегін. Осы санаттағы азаматтарға мынадай көмек түрлері қолжетімді:  

  • - ауырсынуды басу;   
  • - химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу;  
  • - ауырсынуды басу арқылы тіс жұлу;  
  • - периостотомия;  
  • - абсцесстерді ашу.    

Ал жоспарлы түрде стоматологтың қызметіне 18-жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер тегін жүгіне алады.  

ЖИ (ChatGPT)

 Жоспарлы түрде көрсетілетін көмек түрлері:   

- ауырсынуды басу  арқылы тіс жұлу; 

- химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу.   

Одан бөлек, жақ-бет аймағында туа біткен патологиясы бар балаларға арнайы ортодонтиялық пластина орнату бойынша стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі.    

Стоматологиялық көмек алу үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес, тек жүгінген тіс емханасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болу керек.

Бұған дейін мамандар Паркинсон ауруын қалай емдеу керектігін айтқан болатын. Сонымен қатар дәрігер бала дамуының кешеуілдеуіне әсер ететін факторларды атады.