Денсаулық сақтау министрлігі биыл стоматалогиялық клиникаларды жаппай тексеруді қолға алды.
Мамандар 392 нысан жұмысымен танысқан және соның нәтижесінде 174 стоматология өз қызметін тоқтатқан, яғни 45% талапқа сай болмай шыққан. Ол аздай 56 клиника медициналық қызмет көрсету лицензиясынан өз еркімен бас тартқан. Тексеріс қорытындысы елдегі әрбір төртінші клиниканың пациент қауіпсіздігіне қатер төндіріп келгенін көрсетті. Министрлік мәліметінше, медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдардың жалпы саны 2025 жылы 23 мыңнан асып жығылған. Оның ішінде стоматология ең проблемалы үштіктің қатарынан түспей тұр.
Әрине, стоматология ісі қазір табысты бизнеске айналды. Жыл сайын кәсіпкерліктің бұл түрі 10-18% артып келеді. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, «стоматологиялық қызмет» бойынша елімізде 5 868 нысан тіркелген. Оның 2 947-сі – заңды тұлғалар мен филиалдар, ал 2 921-і – жеке кәсіпкерлер.
Стоматологиялардың санымен бірге бұл салада былықтар да артып жатыр. Тіс емдетуге барып, ажал құшқан балалар мен ересектердің өлімі елдің есінде. Оның үстіне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаржыны стоматологиялар арқылы заңсыз шығару істері де жиілеп, мұндай алаяқтық схемаға қатысқан 40-тан астам клиниканың былығы әшкере болды. Осыдан кейін отандық медицинаға сенім азайды ма, кім білсін, қазір қазақстандықтар арасында көрші Өзбекстанға барып тісін емдетіп келетіндер көбейді. Себебі біздің елде стоматологтар қызметінің құны жыл сайын шарықтап барады. Халықтың қалтасына ауыр болған соң олар 0-0-24 аймен бөліп төлетуді бастады.
Стоматолиялық қызметтегі «сұр аймақ»
«Әділет» тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Тұрсын Баткенқызы бұл сала «сұр аймақта» тұр дегенді айтты.
Бүгінде жеке стоматологиялық клиникалар жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бірақ олардың санының көптігі сапаны білдірмейді. Керісінше, бұл сала қазір нақты «сұр аймақта» (серый зона) тұр. Тексерілген мекемелердің 70%-ында заң бұзушылықтың табылуы - осының дәлел, - дейді ол.
Тұрсын Баткенқызының сөзінше, әрбір пациент препараттардың сертификатын сұратуға құқылы.
Біз тіпті бізге қандай анестезия салып жатқанын білмейміз: ол сапалы германиялық өнім бе, әлде қытайлық арзан аналог па? Тұтынушылық құқығымызды білмейтіндіктен, денсаулығымызға зиян келтіріп жатырмыз. Есіңізде болсын: әрбір пациент қолданылатын препараттардың сертификатын, тіпті құрал-жабдықтардың соңғы рет қашан өңдеуден өткенін сұрауға толық құқылы. Барлық лицензиялар мен құжаттар пациентке көрінетін, қолжетімді жерде тұруы керек, - дейді маман.
Алайда «e-Otinish» арқылы тұтынушылар қызмет сапасына қатысты ресми арыз жазбаса, мұндай мекемелерге тексеріс жүргізу қиын.
Қазақстандықтар неге тісін Өзбекстанда емдеткісі келеді?
Отандық клиникалардың баға саясаты мен сервисіне көңілі толмағандар бүгінде шекара асып, көрші елдерден шипа іздеуге мәжбүр. Солардың бірі – баласының тісін емдету үшін Өзбекстанды таңдаған отандасымыз Әйгерім есімді жас келіншек.
Қазақстанда баламның тісін емдеу үшін клиникалар 1,5 миллион теңге шамасында сұрады. Бұл қарапайым отбасы үшін өте қомақты сома. Ал Өзбекстанға барғанымызда, дәл осы емді екі есе арзан бағаға жасап берді. Бағасы ғана емес, сервис деңгейі де бізді таңғалдырды – күту мәдениетінен бастап, дәрігерлердің қарым-қатынасына дейін бәрі көңілімізден шықты, – дейді кейіпкеріміз.
Отандық стоматологиядағы бағаның негізсіз жоғары болуы және сервистің ақсауы «медициналық туризмнің» кері бағытта дамуына, яғни капиталдың елден сыртқа ағуына әкеп соқтыруда. 1,5 миллион теңге мен оның жарты бағасының арасындағы айырмашылық – Тұрсын Баткенқызы айтқан бақылаусыз нарықтың нақты көрінісін айқындап тұр.
Стоматолог уәжі
Стоматолог Ғалия Әлиеваның айтуынша, бұл салада баға мен сапа арасындағы теңсіздіктің өзіндік объективті және субъективті себептері бар. «Соның бастысы, Қазақстан стоматологиясы 90-95% импортқа тәуелді», - дейді ол.
Материалдар, импланттар мен жабдықтар түгелдей дерлік Еуропа, Корея және АҚШ-тан келеді. Геосаяси жағдайлар мен логистиканың қиындауы, доллар бағамының құбылмалылығы бағаға тікелей әсер етті. Сапасыз салынған арзан имплант немесе стерилизациядан үнемделген қаражат ертең пациент үшін екі есе шығын болып оралады. Біз көбіне басқа жерде сапасыз жасалған емнің зардабын түзетумен айналысамыз. Сондықтан пациенттерге ең бірінші кеңесім: клиниканың лицензиясын және дәрігердің тәжірибесін («дейін/кейін» кейстерін) міндетті түрде тексеріңіз, – дейді стоматолог.
Маманның айтуынша, отандық өндірістің жоқтығы мен технологияға (3D диагностика, AI) салынған инвестиция ем құнын төмендетуге мүмкіндік бермей отыр. Дегенмен ол пациенттерге «көлеңкелі» стоматологиядан сақтануды ескертеді.
Дәрігердің ең басты алаңдаушылығы – қазақстандықтардың «ауырғанда ғана келетін» әдеті.
Егер пациент жылына екі рет кәсіби гигиенадан өтіп тұрса, 1,5 миллиондық имплантацияның қажеті де болмас еді. Жастар арасында тренд өзгеріп келеді, бірақ жалпы профилактика мәдениетін әлі де дамыту керек, – деп түйіндеді ол.
«Мемлекеттік бақылауды күшейту қажет»
Пациенттер үшін Ташкентке барып емделу немесе арзан кабинет іздеу – уақытша амал. Сол үшін сала мамандары мен сарапшылар «стоматологиялық қызметтің қолжетімді әрі қауіпсіз болуы үшін мемлекеттік бақылау күшейіп, МӘМС жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс» деп санайды.
Авторы: Жанель Омарова