Жаңалықтар

Алатаудың айбыны, Алматының символы

Қар қабыланы – Ілбісті сақтау бағдарламасына «Карлсберг Қазақстан» компаниясы қаржылай қамқорлық көрсетіп отыр
06.08.2015 05:03 16691

Қар қабыланы – Ілбісті сақтау бағдарламасына «Карлсберг Қазақстан» компаниясы қаржылай қамқорлық көрсетіп отыр

Халықтың көнеден келе жатқан символы

Қар барысы – Ілбіс (Ирбис) қызыл кітапқа  тіркелген тау тағысы, табиғат  қазынасы. Көне  дәуірден бері Азия құрлығының таулы жерлерін мекендеген қар барысының «ирбис» атауының өзі көне түркілердің «ірбіз» сөзінен шыққан. Памир, Гималай, Тянь-шань тауларында, теңіз деңгейінен 1500-4000 метр биіктікте өмір сүретін түз тағысының тарихы тереңде жатыр. Археологиялық қазбаларға сүйенсек, Барыс біздің халықтың көне дәуірдегі тарихымен тікелей байланысты. Есік қорғанынан табылған Сақ дәуірінің  жауынгері – «Алтын адамның» алтын киімі «Сақ стилінде» сол замандағы  жануарлардың  пішінімен әрленуі, оның ішінде негзгі болып Барыстың бедерленуі айтқан­дарымызға дәлел болса керек.

Алатаудың айбыны, Алматының символы 

Жалпы тарихқа үңілсек, Барыс біздің халыққа ғасырлар бойы серік болып, жебеп келе жатқандай.

Тарихы түркі халықтарына ортақ Қар барысы – Ілбісті бүгінде біраз халықтар таңба (символ) қылып, еркіндік сүйгіш,  тәуелсіз де текті  аңның болмысына тәу ететіні рас. Барыс туысқан  Татарстанның, Хакас Респуб­ликасының елтаңбаларында бейнеленіп, Самарқан, Бішкек қалалары гербтерінің сәнін келтіріп тұр бүгінде. Ұлт пен нәсіл  таңдамайтын, барлық адамзатқа ортақ спорт саласында да ең жоғарғы жетістіктерді, биікті бағындырғандарды Барысқа бағалайды.

КСРО кезінде Кеңес одағында  орналасқан ең биік «Жетімыңдық  таулардың» барлығын бағындырған альпинистерге «Қар Барысы» атағы мен арнаулы төсбелгі берілетін. Бұл атақ  1967 жылы  тағайындалған болатын.

Шайбалы хоккейден 1956 жылдан бері өнер көрсетіп жүрген, бүгінде КХЛ көшбасшыларының бірі – Қазан командасы «Ақ Барыс» аталады.

Қазақстанның хоккей командасы, Астананың «Барысы» да ТМД-да алдыңғы буында. «Азиада-2011», «Сочи-2014» Қысқы Олимпиада ойындарында «Ирбис» логотип болды.

Ал Қазақстан, Алматы үшін Барыс бейнесінің орны ерекше. ХХ ғасырдың соңында Тәуелсіз Қазақстан атанған біздің ел болашағын «Барыс» атауымен  байланыстырып отыр.

Мемлекет дамуының «Қазақстан-2030» Стратегиясы жасалып, бағдарламаның таңбасы болып Барыс бейнеленді. Елбасы Қазақстанды «Орталық Азия Барысына» айналдыру мақсатын алға қойды.

Алатаудың айбыны, Алматының символы

Қазаққа жетпіс жыл астана болған Алматының тарихы Қар барысымен тікелей байланысты. Алатаудың бөктеріндегі оңтүстік астананың гербінде аузына  гүл тістеген қар барысы бедерленген. Асқақтық пен тектіліктің белгісіндей, өздігінен ешкімге соқтықпайтын, табиғаттың тек тұмса, таулы жерін жайлап, тұнық тау суын ішіп, таутеке мен  арқарды аулайтын тұрпаты бөлек  қар барысы қай қалаға да таңба болса  жарасары хақ. Бірақ, Ілбісті белгі қылып алу екінің  біріне бұйыра бермейтін бақ. «Барыс біздің аң» деп, Ілбістің бейнесін  иемдену үшін, жойылып бара жатқан түз тағысына қамқор болып, болашақ ұрпақ үшін оның тұқымын сақтау керек.

Қар барысы – Ілбіс және оны қорғау бағдарламасы

Адамзатпен сан ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан Қар Барысы – Ілбіске бүгінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Негізі, қар барысы – Ілбіс текті де, бекзат аң. Адам көзінен тыс, таулы аймақта, теңіз деңгейінен 1500-4000 метр биіктікте өмір сүретін қар қабыланының тұрқы ерекше, денесінің ұзындығы  200-230 см. (белінен құйрығының ұшына дейін). Салмағы 55 келіге дейін жетеді. Екі жылда бір балалайтын Ілбіс өте аз қалды. Осыған орай қар барысы Халықаралық, Ресей, Қазақстан «Қызыл кітаптарына» енгізілген. Қар барысын аулауға  қатаң тыйым салынған.

 Алатаудың айбыны, Алматының символы

Ілбіс – тек Азия құр­лы­ғын мекендейтін аң. Бүгінгі күнге дейін қар барысы  Памир, Тянь-Шань, Қарақорым,  Каш­мир, Гималай таула­рында, Ауғанстан, Қытай, Үндіс­тан, Қазақстан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Мон­ғолия, Ресейдің шығысы, Пәкістанда тіршілік етті делінген.

Ілбіс – екі жылда бір балалайды, көбіне екі тұқым  әкеледі. Орташа өмір сүруі – 13-14 жыл.

Қар барысы бұрын Қазақстанның Іле Алатауы, Сырдария Қаратауында, Алтаймен жалғасқан Шығыс Қазақстанның Тарбағатай, Күршім таулы мекендерінде кездесетін. Бүгінде Іле Алатауындағы Алматы  қорығын санаулы ғана ілбіс мекендейді. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы қар  барысының саны 120-130 бас шамасында. Ілбіс табиғатынан қолда ұстауға көнбейтін аң. КСРО кезеңінде қар барысы 11 хайуанаттар бағында болған еді. Алматы зообағында қар барысы өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері болып, балалап, 3-4 басқа дейін жеткен болатын. Бүгінгі күні хайуанаттар бағында қар барысы жоқ.

Алатаудың айбыны, Алматының символы

– Алматы зообағында  қар барысы тұратын жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстарды биыл бітіріп, қар барысына тапсырыс береміз, – дейді Алматы хайуанаттар паркінің өкілі Ағыбай Жұмабайұлы.

Жойылып кету қаупі төніп тұрған қар барысын қорғап, кейінгі ұрпақ үшін сақтап, жеткізу – бүгінгілердің парызы. Бүгінгі Қазақстанда сирек кездесетін аң – Ілбісті сақтау жұмыстары қолға алынып отыр. Солардың бірі – «Қазақ­станның ұлттық сим­волы ретінде қар барысын (Ілбіс) сақтау» жобасы. Жобаның  мақсаты – Халық­аралық қызыл кітапқа енген қар барысын Қазақстан аума­ғында сақтап қалу, оның көбеюіне  мүмкіндік тудыру. Тақырыпқа орай Қазақ­станда 2015 жыл – Қар бары­сының жылы болып жария­ланды. Әлеуметтік жобаны Қазақ­стандағы Биоалуан­түрлікті сақтау ассоциациясы қолға  алып, елдегі бизнес қауым­дастығын жобаға демеуші болуға шақырған.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген түсінік бар. Қазақстанда осы тұрғыда  сусын өндіруші «Carlsberg Kazakhstan» компаниясы аталмыш жобаны қаржылан­дыруды қолға алды. Қазақстанда сыра, сусын өндірісін қолға алған  компания өз өнімдерінің бірін «Ирбис» деп атап, қар барысын  бренд қылып алған болатын.

Биыл Қазақстандағы Биоалуантүрлілікті  сақтау ассоциациясы  (ҚБСА) мен «Carlsberg Kazakhstan»  компаниясы «Қазақстанның ұлттық символы» ретінде қар барысын сақтау жобасы бойынша ынтымақтастыққа қол қойды.

ҚБСА Кеңесінің төрайымы Вера Воронова мен «Carlsberg Kazakhstan»  компаниясының президенті Виктор Семак  қол қойған құжат «Ирбис жобасы» аталып, үлкен мақсаттарды алға қойған. Жоба бойынша Ілбіс мекен еткен  Жоңғар Алатауына бірнеше экспедиция ұйымдастырылып, қар барысының тіршілігін зерттеу жұмыстары қолға алынды. Ілбіс мекендейтін аймақта 90-нан астам фотоқақпан орнатылып, қар барысының тіршілігіне адам факторы мен   табиғаттың әсері бақыланады.

Алатаудың айбыны, Алматының символы 

Әлеуметтік жобаға демушілік жасаушы «Carlsberg Kazakhstan (Карлсберг Қазақстан)» ЖШС президенті Виктор Семак:  «Жауапты өндіруші ретінде біз өзіміз жұмыс істейтін қоғамның ұзақмерзімді дамуы үшін бизнес-қауымдастықтың әлеуметтік жобаларға қосымша үлес қосуынсыз мүмкін еместігін түсінеміз. Бизнесті қаржыландыра отырып, қоғам болашағының жақсаруына үлес қосамыз. Мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру «Ирбис» брендін қайта шығарудың арқасында мүмкін болды. Компания бюджетінің бір бөлігін зауытымыздың алғашқы брендінің атын иеленген қар барысына тікелей байланысты әлеуметтік жобаға бағыттау мүмкіндігі туды. Қар барысы аймақтың экологиялық жүйесінде маңызды рөл атқарып қана қоймай, Қазақстанның мемлекеттік символдарының бірі ретінде символикалық мәнге ие, қазақ халқының баға жетпес табиғи және мәдени мұрасын бейнелейді», – дейді.

Алатаудың айбыны болып, бүгінде Алматының ғана емес, Қазақстан болашағының символына айналған Қар барысы – Ілбісті қорғап, сақтау, көбеюіне  жағдай жасау – бүгінгі қоғамның алдында тұрған үлкен міндет. Осы  жолда қоғамдық ұйымдар мен бизнес қауымдастықтың тізе біріктіруі қуантады. Қазақстанның ертеңі үшін қолға алынған жобалардың болашағы нәтижелі болғай деп тіледік.


 Нұрлан СҮЙІН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға