«Адам» дауылынан төрт адам қаза тапты: нөсер жауын Испанияны әбігерге салды

«Адам» дауылынан төрт адам қаза тапты: нөсер жауын Испанияны әбігерге салды
Фото: rtve.es

Испанияның шығысы мен оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Балеар аралдарында «Адам» дауылы салдарынан су тасқыны болды.

Көшелер мен жолдарды су басып, жүздеген адамды үйлер мен көліктерден құтқаруға тура келген. Табиғи апаттан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті.

Испанияда Жерорта теңізі жағалауына нөсер жауын әкелген «Адам» дауылының зардабы ауыр болды. RTVE басылымының хабарлауынша, дүйсенбі күні табиғи апаттан қаза тапқандар саны төрт адамға жеткен. Құтқару қызметтері су басқан аумақтарда адамдарды эвакуациялау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Дауыл елдің шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлеріне, сондай-ақ Балеар аралдарына әсер еткен. Кейбір елді мекендерде жауын-шашын мөлшері рекордтық деңгейге жетіп, тұрғындардың күнделікті тіршілігіне кедергі келтірді.

Қаза тапқандар саны төрт адамға жетті

Қайғылы жағдайлар демалыс күндері басталған. Барселона мен Сагунтода екі әйел қаза тапқан. Кейін дауыл оңтүстікке қарай жылжып, Валенсия провинциясының оңтүстігі мен Аликанте провинциясының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері бір шаршы метрге шаққанда тиісінше 600 және 700 литрден асқан.

Дүйсенбі күні ең көп зардап шеккен елді мекендердің бірі – Олива қаласында тағы екі адамның мәйіті табылды. Олардың бірі – кемпинг аумағында көз жұмған ер адам. Екіншісі – үйінің бірінші қабатында жалғыз тұрған, мүмкіндігі шектеулі әйел. Осылайша, дауыл салдарынан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті.

Құтқарушылар мен төтенше жағдай қызметтері су басқан аумақтарда жұмыс істеп жатыр. Нөсер жауын елді мекендерге айтарлықтай материалдық шығын келтірген.

Жүздеген адам су басқан аумақтардан эвакуацияланды

Испания үкіметінің Валенсия автономиялық қауымдастығындағы өкілі Пилар Бернабе құтқару қызметтері 450 адамды қауіпсіз жерге шығарғанын хабарлады.

Азаматтық гвардия авиация мен жерүсті техникасын пайдаланып, 226 құтқару операциясын жүргізген. Төтенше жағдайларға әрекет ету жөніндегі әскери бөлімше 200-ден астам адамды құтқарса, Ұлттық полиция тағы 25 адамға көмек көрсеткен.

Жолдардың жабылып, аумақтарды су басуы құтқару жұмыстарын қиындатқан. Пего қаласының мэрі Энрике Мольдің айтуынша, Пего-Олива сулы-батпақты алқабы маңындағы кейбір тұрғындар көмек келгенше үйлерінің төбесінде күтуге мәжбүр болған. Оларды эвакуациялау үшін авиация қажет болған, өйткені өрт сөндірушілердің ауыр техникасы су басқан жолдарда тұрып қалған.

Валенсия автономиялық қауымдастығында төтенше жағдай қызметкерлері 800-ге жуық шақыртуға барған. Хирона мен Верниса өзендері арнасынан асып, Беньопа су ағыны да тасқынға ұшыраған. Теңіздегі қатты дауыл судың табиғи арнамен ағып кетуіне кедергі келтіріп, жағдайды одан әрі ушықтырған.

Мектептер жабылып, көлік қозғалысы шектелді

Дауыл салдарынан дүйсенбі күні Валенсия автономиялық қауымдастығында 102 мыңнан астам оқушы үшін сабақ тоқтатылған. Аликанте провинциясының 25 муниципалитеті мен Валенсия провинциясының 42 муниципалитетіндегі мектептер жабылып, аймақ астанасының кейбір аудандарында да оқу процесі үзілген.

Балеар аралдарындағы Майорка, Ибица және Форментерада да сабақ уақытша тоқтатылды. Алайда сейсенбі күні оқушылардың мектепке оралуы жоспарланған.

Көлік қатынасы да айтарлықтай бұзылған. Гандия қаласында қалалық автобустардың қозғалысы тоқтатылып, 20-дан астам жол жабық қалған.

Қатты жауын Каталонияға қарай жылжып барады

Метеорологтар мәліметінше, кейбір аудандарда бірнеше сағат ішінде бір шаршы метрге 600 литрге дейін жауын-шашын түскен. Мұндай қарқынмен жауған жаңбыр соңғы 40 жылға жуық уақыттағы ең күшті жауын-шашын оқиғаларының бірі саналады.

Аликанте мен Валенсияда арнасынан асқан өзендер бірнеше елді мекеннің су астында қалуына себеп болған. Мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшіріліп, олардың бір бөлігі тікұшақтар көмегімен эвакуацияланған.

Балеар аралдарында ауа райына қатысты қауіп деңгейі қызыл түстен қызғылт сары деңгейге төмендетілген. Мамандар хабарлауынша, дауыл Каталония бағытына қарай жылжып, біртіндеп әлсіреп келеді. Дегенмен оның нақты бағыты мен қарқынын болжау қиын.

Ғалымдар «Адам» дауылының тұрақсыз әрі болжамы күрделі атмосфералық құбылыспен байланысты екенін ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырған.

Испания премьер-министрі Педро Санчес пен Каталония үкіметінің басшысы Сальвадор Илья тұрғындарға енгізілген шектеулерді сақтап, төтенше жағдай қызметтерінің нұсқауларын орындауға кеңес берді.

Испанияның мемлекеттік метеорологиялық агенттігі Ла-Сафор мен Марина-Альта аудандарындағы жағдайды аса қауіпті деп бағалаған.

Бұл өңірлерде осыған ұқсас ірі жауын-шашын оқиғасы 1987 жылғы 3 қарашада тіркелген. Сол кезде Олива қаласында 24 сағат ішінде бір шаршы метрге 817 литр жауын-шашын түскен. Бұл – Испанияда тәуліктік жауын-шашын мөлшері бойынша тіркелген рекордтық көрсеткіш.

Қазіргі дауыл Испаниядағы метеобақылаулар тарихындағы жауын-шашын қарқыны бойынша үшінші ірі оқиға ретінде сипатталып отыр. Бұған дейін бұдан жоғары көрсеткіштер 1987 жылы және 2024 жылғы дауыл кезінде тіркелген. 2024 жылы Турис қаласында бір шаршы метрге 772 литр жауын-шашын түскен.

Бұған дейін Еуропада наразылықтан келтірілген шығын туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Ыстамбұл да алапат су тасқынынан зардап шекті. 

Оқи отырыңыз