Еуропаның бірнеше елінде жаппай наразылық шаралары өтіп жатыр. Францияда дүкендер тоналып, тарихи әкімдік ғимараты өртенсе, Италияда тасымалдаушылар жол қозғалысын тежеді.
Еуропаның бірнеше елінде әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты наразылық шаралары өтіп жатыр. Олардың себептері әртүрлі болғанымен, халықтың тұрмыс деңгейіне, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне және биліктің саясатына көңілі толмауы ортақ сипатқа ие. Кейбір елдерде акциялар бейбіт шерумен шектелсе, Франция мен Италияда тәртіпсіздікке ұласып, дүкендер мен ғимараттарға зиян келді.
Франция: жаппай шерулер мен миллиондаған еуро шығын
Францияда премьер-министр Себастьен Лекорню 17 қазанда өткен наразылық акцияларынан кейін дүйсенбі күні үкіметтің шұғыл отырысын өткізді. BBC News мәліметінше, елде болған тәртіпсіздіктер мен тонау оқиғалары қазіргі Франция тарихындағы ең елеулі қоғамдық толқулардың біріне айналған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сенбі күнгі шеруге жарты миллионнан астам адам қатысқан. Наразылық білдірушілер тұрмыс құнының қымбаттауына, мемлекеттік қызметтердің сапасына және білім беру саласындағы мәселелерге қарсылық танытты. Бастапқыда бейбіт өткен акция кейін қара киім киіп, беттерін жасырған бірқатар топтың әрекетінен соң тәртіпсіздікке ұласқан.
Салдарынан дүкендер мен кәсіпорындар тоналып, ғимараттар бүлінген. Алдын ала есеп бойынша, ел аумағында шамамен 1500 сауда орны зардап шеккен. Полиция шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданған.
Францияның Ішкі істер министрлігі сенбі күні шамамен 1000 полиция қызметкерінің жарақат алғанын хабарлады. Олардың жетеуінің жағдайы ауыр.
Парижде вандалдар Республика алаңындағы мүсінді бояумен бүлдірген. Қираған дүкендердің маңында да «жарық қаланың» қаралы кезеңін меңзейтін жазулар пайда болған.
Кәсіпкерлерге келген шығын жүздеген миллион еуроға жетуі мүмкін
Франциясауда және дистрибуция федерациясының мәліметінше, тәртіпсіздіктер ел бойынша 1500-ден астам дүкенге әсер еткен. Алдын ала шығын көлемі бірнеше жүз миллион еуроға бағаланып отыр. Carrefour сауда желісі бүлінген гипермаркеттерін жөндеуге 10 миллион еуродан астам қаражат қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Le Monde басылымының жазуынша, Céline сән үйінің дүкені толық тоналған. Louis Vuitton мен Jil Sander дүкендерінің витриналары бүлінген. Dior дүкенінің алдына ондаған жеке күзет қызметкері қойылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
@lemondefr Au lendemain de la mobilisation du 17 octobre, plusieurs villes de France constatent les dégâts. A Paris, Lyon, Marseille, Bordeaux, Limoges, les scènes de désolation sont nombreuses aux abords des commerces et bâtiments publics.
♬ son original - Le Monde
Лион қаласында The Kooples, Hugo Boss, Jott және Lancel дүкендері тоналған. Galeries Lafayette сауда желісі де Францияның бірнеше қаласындағы дүкендеріне зақым келгенін хабарлаған.
Тәртіпсіздік кезінде елдің Лимож қаласындағы тарихи әкімдік ғимаратынан өрт шықты. Жасы 143 жылға жеткен ғимараттың жоғары бөлігін жалын шарпып, кейін сағаты бар мұнараның ұшы құлаған. Ақпарат құралдары өрттің 18 қазандағы көріністерін жариялады. Өрт сөндірушілер жалынды әрең ауыздықтаған.
Макрон тәртіпсіздікке қатысқандарды жазалауға уәде берді
Франция президенті Эмманюэль Макрон жексенбі күні халыққа телеарна арқылы үндеу жасап, елді бірлікке шақырды. Ол зорлық-зомбылыққа қатысқандардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Қиратып-бүлдіргендер өз әрекеті үшін жауап беруі керек. Тонағандар келтірілген шығынды өтеуі тиіс, – деді президент.
Макрон бейбіт шерушілердің талаптарын да назардан тыс қалдырмады. Ол үкіметке оқушылармен, мұғалімдермен, кәсіподақтармен және жұмыс берушілермен келіссөз жүргізуді тапсырған.
Алайда президенттің үндеуі саяси қарсыластары мен әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Олар нақты шешімдер мен дағдарыстан шығудың айқын жоспары айтылмағанын алға тартты. CGT кәсіподағының бас хатшысы Софи Бине президент студенттердің алаңдаушылығына, тұрмыс құнының өсуіне және мемлекеттік қызметтер сапасының төмендеуіне жеткілікті жауап бермегенін мәлімдеді.
Франция парламентінің төменгі палатасының төрайымы Яэль Брон-Пиве тәртіпсіздіктердің мән-жайын тексеруді бастамақ. Макрон мен Лекорню зорлық-зомбылыққа радикалды солшыл топтар мен құқық бұзушыларды кінәлады. Ал солшыл саясаткер Жан-Люк Меланшон үкіметті біліксіздік танытты деп сынаса, Марин Ле Пен Макрон әкімшілігін елді әлсіретіп, жағдайды бақылаудан шығарды деп айыптады.
Тәртіпсіздіктерден кейін ішкі істер министрі Лоран Нуньес отставкаға кетуді сұраған. Алайда Макрон оның өтінішін қабылдамай, полиция жұмысына үздіксіз басшылық ету қажет екенін айтқан. Президент тәртіпсіздікке қарсы іс-қимыл тәсілдерін өзгертуді де талап еткен.
Бельгия: жастар мен полиция арасындағы қақтығыс
Франциядағы оқиғалар көршілес Бельгиядағы наразылықтарға да ықпал еткені хабарланды. Елде оқушылар мен жастар білім беру саласына жұмсалатын шығындардың артуына және оқуға қолжетімділікті қиындататын реформаларға қарсы шыққан.
17 қазанда Брюссельде негізінен жастардан құралған бірнеше жүз адам жиналды. Шерушілердің бір бөлігі полициямен қақтығысып, тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, наразылыққа Франциядағы оқиғалар да белгілі бір деңгейде әсер еткен.
Дегенмен Бельгиядағы шеруге қатысушылардың бәрі бірдей мақсатты көздемейді. The Brussels Times басылымы сенбідегі акциялардың біріне негізінен антифашистік белсенділер қатысқанын, оның бұған дейінгі оқушылар наразылығынан бөлек өткенін атап көрсеткен.
Брюссель орталығында қоқыс пен жалға берілетін велосипедтер өртеніп, құрылыс жабдықтары бүлінген. Көліктердің бірі аударылған. Полиция акцияға қатысушылардың бір бөлігін ұстаған.
Италия: Миландағы тәртіпсіздік және тасымалдаушылардың наразылығы
Италияда наразылықтар бірнеше бағытта өрбіп жатыр. Миланда 17 қазанда қымбатшылыққа, төмен жалақыға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерге қарсы өткен Italia in Piazza қозғалысының акциясы тәртіпсіздікке ұласқан.
Бетперде таққан адамдар полицияға тас пен петарда лақтырып, баррикадалар тұрғызған. Кейбір дүкендердің витриналары сынған. Құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды пайдаланған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Келесі күні де Миланның Дуомо алаңы маңында тәртіпсіздік жалғасқан. Reuters дерегіне сәйкес, 60-тан астам адам полиция бөлімшесіне жеткізіліп, тексеруден өткен. Ал сенбідегі Милан, Болонья, Брешиа, Бергамо және Турин қалаларындағы қақтығыстардан кейін тағы 28 адам қамауға алынған.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони зорлық-зомбылықты айыптап, дүйсенбіде үкімет отырысы өтетінін мәлімдеді.
Елдің оңтүстігінде наразылықтың негізгі себебі – жанармай бағасының қымбаттауы. 19 қазан күні таңертең жүк көліктері Неаполь мен Казерта маңындағы A1 және A30 тасжолдарында қозғалысты қиындатқан. Жол операторларының бірі автомагистральдар арасындағы жолайрықтың бір бөлігін уақытша жабуға мәжбүр болған.
Көлік қозғалысының баяулауы тауар жеткізуге де әсер еткен. La Repubblica басылымының хабарлауынша, супермаркеттердің кейбірінде көкөніс пен жеміс-жидек сөрелері босай бастаған.
Португалия: тұрғындар қолжетімді баспана талап етеді
Португалияда наразылықтың басты тақырыбы – баспана мәселесі. Лиссабон мен Порту қалаларында жүздеген адам жиналып, ондаған шатыр тіккен. Лиссабонда акцияға қатысушылар Росиу алаңына, ал Портуда Дон Жуан I алаңына орналасқан. Жиналыстар барысында наразылықты жалғастыру туралы шешім қабылданған.
RTP телеарнасының мәліметінше, шерушілер жалға берілетін тұрғын үйге қатысты жаңа заңның күшін жоюды және бос тұрған ғимараттарды қалпына келтіру арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорын ұлғайтуды талап етіп отыр.
Жалдау ақысына қатысты жаңа заң дереу күшін жоюы керек, – деді акцияға қатысушы Бруну Канселинья.
Ол билікпен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтқанымен, наразылықты тоқтату үшін үкімет нақты жауап беруі керек екенін жеткізген.
Португалиядағы акциялардың Франциядағы оқиғалардан айырмашылығы – қатысушылардың негізгі бөлігі баспана мәселесін шешуді көздейді. Олар шатырлы лагерьлерде кезекшілік ұйымдастырып, аумақты тазалап, азық-түлік жинаған. Лиссабонда 17-сінен 18 қазанға қараған түні жағдай тыныш өткен. Портуда да полиция лагерьді күшпен таратуға араласпаған.
Сонымен қатар CGTP кәсіподағы бірнеше қалада жалақы мен зейнетақыны көтеруді, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуды талап еткен акциялар өткізді.
Албания: үкіметтің отставкасын талап еткен шерулер
Албанияда студенттер наразылығы үкіметке қарсы қозғалысқа айналған. Шерушілер сыбайлас жемқорлыққа, жұмыс орындарының тапшылығына және білім беру сапасына көңілі толмайтынын айтып, премьер-министр Эди Раманың отставкаға кетуін талап етіп отыр.
Алайда үкімет басшысы қызметінен кетуден бас тартқан. Ол зорлық-зомбылық елдің Еуропаға интеграциялану үдерісіне қауіп төндіретінін мәлімдеді. Рама жағдайды ушықтыруға шетелдік күштер де араласқан деп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тиранада тәртіпсіздікке қатысушылар Мине Пеза көшесіндегі №3 полиция бөлімшесіне шабуыл жасаған. Мемлекеттік RTSH телеарнасының мәліметінше, ғимараттың келушілерді қабылдайтын бөлігінде өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көліктері барған. Шабуылдан биліктегі Социалистік партияның штаб-пәтері де зардап шеккен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жексенбі күні 28 адам жарақат алған. Олардың 19-ы – полиция қызметкері. Euronews басылымының дерегінше, тәртіп сақшыларына тас пен жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкелер лақтырылған. Полиция су атқыштар, көзден жас ағызатын газ және резеңке оқ қолданған.