Бүгін еліміздегі мыңдаған оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды. Бірі Алтын белгіге үміткер болса, енді бірі мектеппен қимай қоштасып жатыр. Осы сәтте El.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарына «Мектепте қандай оқушы болдыңыз?» деген сұрақ қойып, олардың балалық шағы мен оқушы кездегі қызықты естеліктерін сұрап көрді. Сөйтсек, бүгінде мінберден сөйлеп жүрген халық қалаулыларының арасында тек «кілең беске оқығандар» ғана емес, сабақтан қашқан, бұзық болған, тіпті үш мектеп ауыстырғандары да бар екен.
Оқи отырыңыз:
- Биыл 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады: соңғы қоңырау қалай өтеді
- Астанада Құрбан айтта мал шалатын бес орын бекітілді
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза мектепте барлық пәнге бірдей қызықпағанын жасырмады. Оның айтуынша, кейбір сабақтарды ерекше жақсы оқыса, кейбіріне мүлде ынтасы болмаған.
Мен мектепте кейбір сабақтарды өте жақсы оқитын, кейбір сабақтарды мүлде оқымайтын бала болдым, – дейді депутат.
Ал Абзал Құспан өзін бұзықтау оқушылардың қатарына жатқызатынын айтты. Тіпті мінезіне байланысты бірнеше мектеп ауыстыруына тура келген.
Бұзықтығым болды. Бір емес, үш мектепті ауыстыруыма тура келді. Бірақ сабағым жақсы болды. Соңында Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей интернатын тәмамдадым. Кейін университетті де үздік дипломмен бітірдім, магистратураны да үздік аяқтадым. Қазір докторантурада оқып жатырмын, – деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров мектеп кезінен бастап үздік оқуға ерекше мән бергенін айтады. Бұл қағиданы қазір өз балаларына да талап етіп жүрген көрінеді.
Кілең «бестерге» бітіргенмін. Университетті де қызыл дипломмен аяқтадым. Сондықтан өз балаларыма да үнемі «оқы, оқы және оқы» деп айтып жүремін, – деді депутат.
Ринат Зайыт болса мектеп өмірін күліп еске алды. Оның сөзінше, үлгерімі әртүрлі болғанымен, сабақтан қашқан күндері де аз болмаған.
Жақсы оқушы болдым. Төрт жарымға оқыдым. Бірақ тоғызыншы сыныптан кейін кетіп қалдым. Алғашқы ұстазым – Жазира мұғалім, әлі есімде. Сабақтан қашқан кездерім де болды, талай болды, – дейді ол.
Ал Айтуар Қошмамбетов мектепте белсенді оқушылардың бірі болғанын айтты. Ол тек жақсы оқып қана қоймай, мектеп президенті де болған.
Мен бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін беске оқыдым. Мектептің президенті болдым, сыныптың лидері болдым. Жалпы мектепте өте жақсы оқыдым, – деді депутат.
Сонымен бірге ол депутат болу үшін тек үздік баға жеткіліксіз екенін де атап өтті.
Депутат болу үшін «5-ке» оқу маңызды ма? Менің ойымша, ең бастысы ол емес. Бірақ оқудың маңыздылығы өмірде өте зор, – деді Айтуар Қошмамбетов.
Айта кетейік, биыл 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты.