Астанада Құрбан айтта мал шалатын бес орын бекітілді

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

2026 жылы Құрбан айт мерекесі 27-29 мамыр күндері өтеді. Осыған орай Астанада құрбан шалу рәсіміне арналған арнайы орындар бекітілді. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.

Айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де Астанадағы барлық мешітте оқылады.

Құрбан шалуға арналған орындар анықталды

Әкімдік мәліметінше, мал сою жұмыстары күн сайын сағат 07:00-ден 18:00-ге дейін тек арнайы белгіленген орындарда жүзеге асырылады. Жалпы саны бес алаң дайындалған.

Байқоңыр ауданындағы орындар:

«Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6;

«Баракат» базары – А369 көшесі, 10;

«Жайлау» базары – Алаш тасжолы мен Ц313 көшесінің қиылысы;

«Шаушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б.

Алматы ауданындағы орын:

«Ет-Хан» ет өңдеу цехы – Железнодорожный тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20.

Басқа жерде союға болмайды

Қала билігі белгіленген бес орыннан тыс жерде мал союға болмайтынын ескертті. Сондай-ақ сойылған мал қалдықтарын арнайы талаптарға сай жою қажет, оларды қарапайым қоқыс жәшіктеріне тастауға рұқсат етілмейді. Мамандар тұрғындарға етті тек ресми сертификаты бар сатушылардан сатып алуға және санитарлық талаптарды сақтауға кеңес береді.

Құрбан айт – қажылық маусымының аяқталуын білдіретін мұсылмандардың ұлық мерекесі. Дәстүр бойынша ол үш күнге созылады.

Құрбандыққа қандай мал шалынады?

Діни қағидаларға сәйкес, құрбандыққа жасы бірден асқан қой мен ешкі, екі жастан асқан сиыр және бес жастан асқан түйе шалынады. Қой немесе ешкі бір адамның атынан шалынса, сиыр мен түйені жеті адам бірігіп шалуға болады. Дін қызметкерлері құрбан шалудың негізгі мәні – малды құрбан ету рәсімінде екенін атап өтеді.

Әдетте құрбандық еті үшке бөлінеді: бір бөлігі отбасыға қалдырылады, екінші бөлігі ағайын-туыс пен көршілерге таратылады, ал үшінші бөлігі мұқтаж адамдарға беріледі.

Айта кету керек, жыл сайын Құрбан айт қарсаңында елде тірі малға сұраныс күрт өсіп, баға қымбаттайды.

Оқи отырыңыз