Әлеуметтік желіде сәбиімен бірге тапсырыс тасып жүрген әйелдің фотосы кең резонанс тудырған болатын. Осы жағдайға қатысты пікір білдірген еңбек министрі Асқарбек Ертаев отбасының материалдық жағдайы жақсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
«Әлеуметтік жағдайы жақсы»
Министрдің айтуынша, аталған отбасы жуырда Шымкенттен Алматыға қоныс аударған. Оның сөзінше, әйелдің жұбайы ІТ саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы арқылы оған бірнеше бос жұмыс орны ұсынылған.
Асқарбек Ертаев әлеуметтік желілерде тараған «баланы қалдыратын жер болмағандықтан жұмысқа бірге алып шыққан» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. Министр отбасының материалдық жағдайын қиын деп бағалауға негіз жоқ екенін жеткізді.
Оның несиесі бар, 2 миллион теңгелік көлігі бар. Олар Шымкентте жақсы тұрған. Туған ағасы ломбард саласында жұмыс істейді, ата-анасының да жағдайы жаман емес. Сондықтан біз бұл отбасының қандай да бір ауыр әлеуметтік жағдайға тап болғанын көріп тұрған жоқпыз. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс та ұсынылды, – деді министр.
Курьерлік қызмет көрсететін компаниялар тексеріледі
Сондай-ақ министрлік жеткізу қызметімен айналысатын компаниялардың жұмыс тәртібін тексермек. Ведомство өкілдерін әйелдің сәбиімен бірге тапсырыс жеткізуге қалай шыққаны мәселесі қызықтырып отыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде арқасына курьерлік сөмке асып, қолына сәбиін көтеріп жүрген әйел жайлы жазғанбыз. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, кейін көпшіліктің іздеуінен соң жас ананың Алматыда тұратыны анықталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстанда жұмыссыздарға қанша төленеді?
Қазақстанда ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар белгілі бір мерзімге әлеуметтік төлем ала алады. Төлемнің мөлшері адамның бұрынғы табысына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқанына байланысты есептеледі.
2026 жылы жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем бұрынғы орташа айлық табыстың белгілі бір үлесі негізінде тағайындалады. Төлем мерзімі әлеуметтік сақтандыру қорына қатысу өтіліне қарай 1 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін.
Жұмыссыз мәртебесін алу үшін азаматтар Электрондық еңбек биржасы арқылы немесе мансап орталықтарына жүгініп тіркеле алады. Ресми мәртебе алғаннан кейін оларға бос жұмыс орындары ұсынылады, ал талаптарға сай келетін азаматтарға әлеуметтік төлем рәсімделеді.
Мемлекет бұл қолдау шарасын азаматтардың жаңа жұмыс тапқанға дейінгі кезеңдегі қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ұсынады.