Жаңалықтар

«16 қыз»

Қанағат Мұстафиннің комедиясы 3 наурыздан бастап жалпыұлттық прокатқа шығады
02.03.2016 13:25 8679

«16 қыз»

3 наурыз күні режиссер Қанағат Мұстафиннің «16 қыз» романтикалық комедиясы прокатқа шығады. Жақында туындының тұсаукесері  басты кейіпкерлердің қатысуымен Қарағанды және Астана қалаларында өтті.  Енді фильм Алматы мен Талдықорғанда таныстырылады.

«16 қыз»

Бұл – Қанағат Мұстафиннің екінші толықметражды фильмі. 2010 жылы режиссердің спорт тақырыбындағы «Рывок» атты дебюті жарыққа шыққан болатын. Екі фильмнің арасында Мұстафин «Қара шаңырақ», «Өмір сынағы», «Айналайын» сериалдарын түсірді.

Қанағат Мұстафин, «16 қыз» фильмінің режиссері

«16 қыздың» түсірілім жұмыстары 2014 жылы негізінен Алматы облысы мен Павлодар облысының Баянауыл өлкесінде (Шәкен Аймановтың туған жері) өтті. Фильмнің прокатқа 2 жылдан кейін шығу себебін Қанағат Мұстафин былайша түсіндірді:

– Туындыны алғашқы монтажда 3,5 сағаттан 2 cағатқа дейін қысқартқан едік. Сосын тағы қысқарту қажет болғанда, тұтастай желілерді кесіп тастауға тура келетіндігін түсіндім. Бұл шешім режиссер ретінде маған ауыр тигендіктен, тайм-аут алдым. Атам қазақ «Асықпаған арбамен қоян алады» деген ғой. Асықпай ойлана келе, фильмді халыққа кейінірек ұсынайын деп шештім. Оның үстіне, «16 қыздың» 2016 жылы жарыққа шығуында да ерекше бір сәйкестік бар секілді.

«16 қыз»

Комедияның бюджеті 400 мың доллардан асады (2014 жылы доллардың бағамы 180 теңгеден сәл жоғары болатын). Басты рөлдерде Берік Айтжанов, Аша Матай және Әнуар Нұрпейісовтер ойнаған. «Неліктен көрерменге бұрыннан жақсы таныс әртістерді таңдадыңыз?» деген сұраққа режиссер «әртістік шеберліктерін жақсы білгендіктен, сценарийді осы үшеуіне арнап жаздым» деп жауап қатты.

Фильм желісінде жасы отыздан асқан жалғыз ұлын үйлендіруді армандайтын ата-ананың хикаясы баяндалады. Хикаяда қазақтың ежелден келе жатқан «бел құда» салты көрініс береді. Болат Әбділманов, Ғани Құлжанов, Қарагөз Тілеубекова, Жомарт Зейнәбіл, Данагүл Темірсұлтанова, Азат Сейтметов, Райхан Халиолдина сынды тісқаққан театр және кино әртістері комедияның бояуының қанық болуына үлес қосқан.

«16 қыз»

Бір айта кетерлігі, бұл – Берік Айтжанов пен Аша Матайдың комедиядағы алғашқы рөлдері. Сонымен қатар, көпшілікке «Қызғылт қоян туралы ертегі» арқылы танылған Әнуар Нұрпейісов жағымсыз кейіпкерді бірінші рет сомдап отыр.

«16 қыз»

– Негізі, адамды жылатудан гөрі, күлдіру қиын. Фильмде менің күлдіретін сахналарым жоқ болғандықтан, аса қиналған жоқпын. Бірақ, өзімнің әріптесім, жанашыр ағам Берік Айтжановтың кейіпкеріне ғашық жанның образы маған оңай тимеді. Рөлімді өзімнің жұбайым Арманды көз алдыма елестетіп, ойнап шықтым. Ал, басты кейіпкерлердің аймаласатын сахнасынан бірден бас тарттым. Ол қазақтың менталитетіне жат нәрсе ғой. Сосын Қанағат бізден бір-бірімізге жақындауымызды өтінді де, өзіне қажетті ракурста түсіріп алды. Кеше фильмнің тұсаукесерінде көрдім: режиссер бізді монтаж кезінде компьютерлік графика арқылы одан сайын жақындатыпты. Оны көрген кезде ұялып қалғаным рас. «Көрермендерге сұхбат кезінде айтып түсіндіремін» деді Қанағат. Сол сахнаның шын мәнінде басқаша түсірілгенін өзім де сіздерге айтып қойғаным артық болмас (күлді).

«16 қыз»

Асхат Маемиров, «Қазақ әуендері» АҚ президенті:

– Қанағат «16 қыз» арқылы ауыл мен қала болмысының арасындағы қайшылықты жоюға тырысыпты. Сондай-ақ, қазақтың «бел құда» деген дәстүрін әдемі жеткізе білген екен. Сюжетті аяғына дейін нанымды алып шықты. Режиссер ата-ананың үмітін ақтау бала үшін ең басты құндылық екенін көрсетті. Фильмде негізгі салмақ Берік Айтжановқа түскен. Берік комедиялық бейнені жақсы алып шықты деп есептеймін.

Шығарманың өн бойында Шәкен Аймановты ұлықтау процесі жүріп отырды. Сол сәт маған Қанағат секілді жас буын ұлы режиссердің алдында тағзым еткендей әсер етті. Фильмнен Шәкен ағаның эстетикасы сезіліп тұрды. Қанағат осы туындысы арқылы «қазіргі жас режиссерлер қазақтың ұлттық юморын, ұлттық мінезін түсінбейді» деген пікірді жоққа шығарды. Мұнда Аймановтың "Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдерімен үндестік бар.

Ал, кемшіліктерге келер болсақ, аудармада біздің сөздік оралымға келмейтін 6-7 сөзді байқап қалдым. Бұл қателікті жөндеуге болады деп ойлаймын.

«16 қыз»

Ая Өміртай есімді көрерменге фильмдегі ескі мен жаңаның арасындағы тартыста салт-дәстүрдің жеңіске жеткені ұнапты.  Ол «16 қызға» «қазақтың салт-дәстүрінің түбінде бір жақсылық бар екенін көрсететін комедия» деп баға берді.  

Аңсаған Мұстафа, суретші

Ал, суретші Аңсаған Мұстафа інісі Қанағаттың фильміне суретпен үлес қосуды ұйғарған:

– Өзім суретші болғандықтан, фильмнің тұсаукесерін суреттермен көркемдегім келді. Алдымен, ҚР Суретшілер одағына хабарласып, белгілі суретшілердің нөмірлерін алдым. Содан соң, 16 суретшіден фильмге түскен 16 қыздың портретін салып беруді өтіндім. Сұлулардың портреттерін салып беріп жіберген әріптестеріме алғысым шексіз.

«16 қыз»

2014 жылдың күзінде Алматы метросында менің жеке көрмем өткен болатын. Фильмге сол көрмеден де көріністер енді. «16 қызға» өзім де түскім келген еді. Бірақ, Қанағат «ертең ел «өзінің туыстарын киносына түсіріпті» деп айтады» деп, келіспей қойды (күлді).

Айтпақшы, фильмнің атауы әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Он алты қыз» әнінен алынған. Сондай-ақ, осы ән комедияның саундтрегі (орындайтын – Қайрат Нұртас) ретінде қолданылды. 

Тұсаукесердегі суреттерді толығымен қарау үшін мына сілтемеге өтіңіз!


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға