Жаңалықтар

«Тұмар тәжі»

Ұлттық музейде зергер Ілияс Сүлейменовтің көрмесі ашылды
03.03.2016 09:00 7145

 «Тұмар тәжі»

Кеше ҚР Ұлттық музейінде Франц Бирбаум және Карл Фаберже ордендерінің (2-дәрежелі гауһар) иегері, «ZergerIlyas» брендінің негізін қалаған Ілияс Сүлейменовтің «Тұмар тәжі» көрмесі ашылды.

Алтын залына автордың «Тұмар ханша» тәжі мен «Атамұралық қазына» деп аталатын сәндік шамы қойылды. Бұл туындылар «еуразиялық этномодерн» стиліне жатады. Аталған стиль арий, скиф, ғұн, түркі-монғол өркениеті өнері мен заманауи зергерлік өнер технологиясының тандемінен тұрады.

 «Тұмар тәжі»

Көрменің басты экспонаты – «Тұмар ханша» тәжі. Ол скифтердің ежелгі дәстүрлі аң стилінде жасалған. Сирек кездесетін 252 караттық жасыл ақық, қанатты барыстардың бейнелері, тәжді бойлай орнатылған өрнек пен көкке қарай тартылған жебе тәжге ерекше сән береді.

Автордың айтуынша, «Тұмар ханша» тәжі – зергер шығармашылығындағы 15 жылдық есептің нәтижесі. Оның бұл тәжді жасауына осыдан төрт жыл бұрын дүниеден озған жары себепші болыпты. Ілияс Сүлейменов «жұбайымның  сақтар туралы тарихи кітапты басына жата-жастана оқығаны мені шабыттандырды» дейді.

Шығармашылығының 20 жылдығында зергер «Атамұралық қазына» сәндік шамын жасаған. Бұл шамның дүниеге келуіне Ілияс Сүлейменовтің әкесі ықпал еткен екен. «Атамұралық қазынада» «Ажа» жұлдызы секілді нышандық элементтер мен әскери таңбалар, «Қазақ», «Алаш», «Арыс» тарихи этнонимдері және құлпытас бейнеленген.

 «Тұмар тәжі»

«Тұмар ханша» тәжінің сапалық сипаттамасы:

Алтын (500-үлгі) – 133 грамм

Аквамарин – 252 карат

Аквамарин тастары (2 грамм) – 0,4 карат

Лағыл тастары – 3 карат

Гауһар тастары – 0,87 карат

  «Тұмар тәжі»

«Атамұралық қазына» сәндік шамының сапалық сипаттамасы:

Алтын (585-үлгі) – 37 грамм

Күміс (925-үлгі) –1500 грамм

Көгілдір топаз – 9 дана (3,8 карат)

Аметист – 10 дана (3,3 карат)

 «Тұмар тәжі»

Виктор Зайберт, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Ілиястың туындыларының астарында үлкен мән жатыр. Зергердің жұмыстарынан оның әрдайым тынымсыз ізденіс үстінде жүретіні аңғарылады. Олар әр дәуірдің тарихынан сыр шертетін мазмұнға бай болғандықтан, мен секілді археологты алуан түрлі өркениеттің қойнауына жетелей жөнеледі. Ілиястың еңбектерінің кереметтігі сондай, тіпті оларды болашақта дала өркениетінің бір көрінісі ретінде басқа ғаламшарларға да көрсетуге болатындай.

 «Тұмар тәжі»

Шайзада Тоқтабаева, өнертанушы, доцент:

– Ілияс Сүлейменовтің ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар. Ол өзі ғалым адам болғандықтан, дүниетанымы да, суретшілік қиялы да шығармашылығына айрықша үлес қосады. Зергердің туындылары – оның өзгеше ойларының жарқын көрінісі. Ол өз еңбектерінде айналасын тұтас ағза ретінде қарастырады. Мәселен, «Атамұралық қазына» символикаға, элементке толы. Әрбір элементтің өзіндік тарихы, айтар сыры бар.

"Тұмар ханша" тәжі мен "Атамұралық қазына" Ұлттық музей залында бір жыл бойы тұрады.

Көрменің ашылуындағы барлық суреттерді мына жерден қарай аласыздар!


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға