Жаңалықтар

Зорлық-зомбылыққа қарсы заңның жаңа нормалары таныстырылды

Зорлық-зомбылыққа қарсы заңның жаңа нормалары таныстырылды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 08.01.2024 16:23 1597

Өткен жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел, 7 бала көз жұмды. Бұл туралы «Заңнамалық өзгерістер және қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зорлық-зомбылыққа қарсы заңның жаңа нормалары таныстырылды

Аталған шараға көрнекті қоғам қайраткерлері және өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қатысты. Дөңгелек үстел аясында бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қатысушыларды Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында АМАNАТ партиясы фракциясының депутаттарымен, мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасының негізгі нормаларымен таныстырды.

Зорлық-зомбылыққа қарсы заңның жаңа нормалары таныстырылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне жақында берген сұхбатында «заң және тәртіп» қағидатын нығайту қажеттігіне баса назар аударды. Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны одан әрі қатаңдату бойынша оң ұстанымын атап өтті. Бұл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру үшін өте маңызды. Жазасыздық көбінесе ауыр зардаптарға әкеліп жатады. Өткен жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел, 7 бала көз жұмды. Зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза қарастырылғанын бәрі білуі керек, – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Спикерлердің сөзінше, заң жобасында ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі және орташа, ауыр зиян келтіру сияқты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды қарастырған.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу кешенді шараларды талап етеді және бұл үшін барлық қажетті норма көзделген. Оның ішінде отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, агрессормен психологиялық жұмыс, агрессорды пәтерден шығару және тағы басқа, – деді Зәкиева.

Айта кетейік, заң жобасы қазір Үкіметтің қорытындысында және осы айдың соңында жұмыс тобында талқылану үшін Мәжіліске түспек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға