Зообақ 40 күннен бері қашып жүрген капибараға іздеу жариялады

Қытайдың шығысындағы Янчжоу қаласының зообағы 40 күннен астам уақыт бойы жоғалып кеткен капибараны табуға көмек сұрап отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл сәуір айының басында Дубао, Базонг және Дуодуо есімді үш капибара зообақтан қашып кеткен болатын. Қашуға Базонгтың ағаш панельді сындырып өтуі себеп болған. Кейін Базонг пен Дуодуоны қайта ұстап алғанымен, Дубао есімді үшінші капибара ізін суытып үлгерген және осы уақытқа дейін бостандықта жүр.
Қолайлы ауа райының арқасында қашып жүрген жануардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен, зообақ қызметкерлері оны аман-есен қайтаруға үміттенеді.
Дубао қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді, сондықтан алаңдамаңыздар. Ол тамаша жүзеді, сондықтан ұстау оңай емес. Біз Дубаоны өз еркімен оралуға шақырамыз. Қаңғыбастық — өмір сүру жолы емес. Тұрақты жұмыс пен жайлы өмір — нағыз патшалардың таңдауы! – деп әзілдеді зоопарк әлеуметтік желілердегі хабарламасында.
Зообақ өкілдері капибараны табуға көмектесетін ақпарат берген адамдарға сый ретінде зообаққа тегін кіру мүмкіндігін ұсынатынын мәлімдеді.
