Жаңалықтар

Жыныстық сауаттылықты үйрететін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу керек - эндокринолог

Жыныстық сауаттылықты үйрететін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу керек - эндокринолог
Фото: © Pixabay.com 22.01.2024 17:30 9519

Елімізде статистикалық деректер бойынша cоңғы 5 жылда, мектеп оқитын 29 487 жасөспірім қыз ерте жүкті болып, оның 5 792-ы жасанды түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелгендер саны. Ал ресми тіркелмегендері ше?!

Жыртығымызды қанша жасырғымыз келсе де, бұл да бір қоғамдағы өзекті проблемалардың бірі. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген жақсы сөз бар. Тіпті, жақында аталған мәселені шешу үшін жыныстық сауаттылық туралы пәнді мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс та жасалған болатын. Бірақ, қоғам пікірі екіге қақ айырылып, резонанс туды. Бірі бұған келіссе, бірі келіспейді. Осы орайда, El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі гинеколог-эндокринолог, сексолог маман Әйгерім Шәкіржановамен аталған проблемалар турасында әңгімелесіп қайтты.

El.kz: Қайырлы күн, Әйкерім ханым! Біздің қоғамда жыныстық қатынас тақырыбы "табуға" айналған тақырыптардың бірі. Енді-енді ғана көпшілік ішінде талқыланып, нормаға айналып келе жатыр. Осы орайда, сіздің қабылдауыңызға келушілер көп пе? Олардың басым көпшілігі қандай шағыммен келеді?

Әйгерім Шәкіржанова: Қайырлы күн! Иә, сізбен толықтай келісемін. Бұл тақырып төңірегінде әңгіме айту бұрын ұят саналса, қазір нормаға айналып келе жатыр және бұл дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, айтпай ауырып жүргеннен гөрі, ауруды айтып, емделіп, денің сау болғаны әлдеқайда жақсы. Ал, Қазақстанда сексология саласындағы жиі кездесетін проблемалар бұл – вагинизм, либидоның төмендеуі. Ал генекологияға келсек, бедеулік, қабынулар мен эндометриоз көп кездеседі. Маған келетін пациенттердің көшілігі осы жоғарыда айтқан проблемаларға жиі тап болады.

 El.kz: Сіз бұл салада еңбек етіп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

Әйгерім Шәкіржанова: Мен, гинекология саласында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ал, сексологияға кейінірек келдім. Себебі, сұраныс көбейді. Бірақ, елімізде сексолог маманның тапшылығы байқалды. Соны естіп, білгеннен кейін, Ресейде, Еуропада дәріс алып, сексолог маман атандым. Қазір ISSM (Халықаралық сексологтар қауымдастығы) қауымдастығының мүшесімін.

El.kz: Жоғарыда да айтып өттік. Аталған тақырып біздің таным-түсінігімізге жат тақырып секілді. Көпшілік осылай ойлайды. Бірақ, маман ретінде жыныстық сауаттылық төңірегіндегі әңгімелер ашық әрі жиі талқылануы керек деп ойлайсыз ба? «Ауруын жасырған өледі» деген сөзге келісесіз бе?

Әйгерім Шәкіржанова: Жауабым анық. Әрине талқылануы керек. Себебі, маған келетін пациенттердің шағымы бойынша баяндасам, әйел адамдардың басым көпшілігі оргазм алмайтынын айтады. Ал, ерлер қауымы импотенциядан зардап шегеді. Оған қоса, жыныстық қатынас арқылы жұғатын ВИЧ секілді инфекциялар бар.  Сауатсыздықтың кесірінен, сау басына сақина тілеп алатындар көп. Егер, осындай проблемалардың алдын алғымыз келсе, жыныстық сауаттылық тақырыбында жиі сөйлесуіміз керек.

 El.kz: Жасырын емес елімізде мектеп оқып жүріп, жүкті болып қалатын оқушылар бар. Тіпті, жақында жыныстық сауаттылықты үйрететін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс та жасалған болатын. Бірақ, нақты жауап айтылмады. Осы орайда,  мектеп қабырғасында жыныстық сауаттылықты үйрететін пән қажет пе?

Әйгерім Шәкіржанова: 2000 жылдары мектеп қабырғасында оқып жүрген уақытта «валеология» пәні оқытылатын. Аталған сабақтың дәрістерінде жыныстық сауаттылық, алдын-ала қорғану секілді тақырыптар айтылатын. Қазір, маған келетін жасөсіпірім пациенттерден, таныстарымнан сұрасам, «валеология» пәні алынып тасталған екен және мектепте жыныстық сауаттылықты үйрететін бірде-бір пән жоқ дейді. Тек, біртіндеп студенттік кезеңде ғана «sex education» төңірегіндегі әңгімелер айтылып басталады. Алайда, жасыратыны жоқ, студенттік кезеңде жасөспірімдер жыныстық қатынасқа жиі түсіп бастайды. Мен мұны өзіме келетін 16-17 жастағы пациенттер арқылы білемін. Сондықтан, ерте ауруға шалдықпау үшін, проблеманың алдын-алу үшін, ұрпағымыз сау болып өсуі үшін жыныстық сауаттылықты үйрететін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу керек.

El.kz: Өткен жылғы статистика бойынша, елімізде 20 мыңнан астам адам неке қиып, оның 4 мыңға жуығы ажырасқан. Бұл да қоғамдағы өзекті проблемалардың бірі. Осы орайда, сізге сұрақ: жаңа отау көтерген жанұяның ажырасуына сексуалды сауатсыздық пен жыныстық қарым қатынасты дұрыс құрмауы әсер ете ме?

Әйгерім Шәкіржанова: Әрине, қазір ажырасу да аз емес. Жыныстық қарым-қатынасты ажырасудың басты факторы емес десек те, кейбір жағдайда осы мәселе үшін де екі жаққа кететін жас жұбайлар кездеседі. Бірақ менің ойымша ажырасудың басты себебі бұл  – екеуара түсінбестік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жігіттің ағайындары тарапынан келінге көрсетілетін қысым. Кейбір жаңа қосылған жұптарда вагинизм, импотенция секілді кедергілер болады. Алайда, бұның барлығы медициналық жолмен емделеді. Бұны ажырасудың басты себебі деп қарай алмаймыз.

 El.kz: Сізге келетін пациенттердің санын өсім бар ма? Егер, көбейген болса, бұл соңғы уақытта адамдардың дертке жиі шалдыққаны ма, әлде, олар проблемаларын ашық айтуды үйреніп келе жатқанынан ба?

Әйгерім Шәкіржанова: Уақыт өткен сайын кеңес алатындардың саны көбейіп келеді. Жас жұбайлар, жасөпірімдер қатары көп. Бірақ, мұны жыныстық ауруға шалдыққандар санының көбейгенінен деп емес, керісінше қоғамда осы секілді проблемаларды ашық айтуды үйреніп келе жатқанынан деп білемін. Себебі, маған алғаш келіп, өзінің шағымын айтқаннан кейін олардың көздерінен жеңілдеп қалғанын көремін. Олардың көздерінен бұндай проблемаларға тап болудың норма екенін түсінгендігін көремін. Жалпы, ауруды жасырмай ашық айта алатындығын ұққанын көремін. Сондықтан, қандай адам болмасын, қандай да бір ауруға шалдықса, өзінде проблема бар екенін байқаса, қысылмай маманның көмегіне жүгінуі қажет. Аурып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс деп ойлаймын!

El.kz: Айтылған ашық әңгімеңіз үшін рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға