Жаңалықтар

Жылу электр орталықтарын жаңғырту үшін инвесторлар қажет – Әшімбаев

Жылу электр орталықтарын жаңғырту үшін инвесторлар қажет – Әшімбаев
Фото: gov.kz 10.11.2023 14:08 676

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттен бөлінетін қаржының жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл мемлекет тарапынан қомақты қаражатты талап етеді. Әрине, жыл сайын республикалық бюджет есебінен мүмкіндікке қарай осы бағытта қаржы бөлінеді. Бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Сондықтан да жылу электр орталықтарын жаңғырту үшін бізге инвесторлар қажет. Яғни олар инвестиция құйып, кейіннен қалыпты режимде өзінің жұмсаған қаражатын қайтаратын болады. Республиканың барлық облысындағы, қаласындағы ЖЭО-ларды жаңғыртуымыз қажет. Егер де бірнеше ЖЭО-ға бірнеше инвестор келіп, заңнамамызға сәйкес инвестиция құятын болса, жылу электр орталықтарын жаңғыртып, заманауи түрлерін салатын болса, онда мұндай бағыттағы бастаманы қолдау керек деп санаймын, - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Ол сондай-ақ бүгінгі таңда еліміздегі көкейкесті мәселелердің бірі инфрақұрылымды жаңғырту екенін атап өтті.

Былтыр қаңтар айында халықты жылумен, ыстық сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту бағытында күрделі мәселелер туындады. Бұл барлығына белгілі. Павлодар облысында ғана емес, басқа өңірлерде де осындай мәселе болды. Еліміздің облыстарында Кеңес заманында бой көтерген ЖЭО-лар ескіргендіктен, олар жаңғыртуды қажет етеді. Осы жылдар ішінде жаңғырту жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмеді. Оған тарифтердің төмен болуы себеп. Жылу электр орталықтарын басқарған субъектілер тарифтік саясатты өзгертпей, ЖЭО-ларға салынатын кез келген инвестиция өзін-өзі ақтамайтынын, шығынға ұшырайтынын айтады, - деді ол.

Сондай-ақ ол «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында елімізде барлық жылу электр орталығын, барлық инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыс басталғанын баса айтты.

Бұл ретте тарифтердің күрт көтерілмеуін, халықтың көрсетіліп жатқан қызметке қанағаттануын ескеру қажет, - деді Сенат төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға