Жаңалықтар

«Жылдың соңына дейін 1 млн шина шықпаса отставкаға кетіңіз». Депутат министрмен сөзге келіп қалды

«Жылдың соңына дейін 1 млн шина шықпаса отставкаға кетіңіз». Депутат министрмен сөзге келіп қалды
Фото: коллаж El.kz 29.04.2024 13:34 597

Бүгін Мәжілістің Үкімет сағатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Жаңа өнеркәсіптік саясат – өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа моделі» тақырыбында баяндама жасады. Отырыстың сұрақ-жауап бөлімінде депутаттар министрдің жауабына көңілдері толмағанын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Наразылық білдірген депутаттардың қатарында Мұрат Әбенов те бар.

Министрге 5 сұрақ қойдым, соның біреуіне де жауап ала алмадым. Депутат Бақытжан Базарбек дұрыс айтты. Бүгін министр не үшін келді? Бұл есеп беру емес қой. Біз «ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет» деп айтамыз. Дегенмен де Үкімет сағаты келіп, ақылдасып, проблеманы ортаға салып, бір-бірімізге шындықты айтатын жер ғой. Өткен жылы 170 жоба жүзеге асуы керек еді. Ол зауыттар жұмыс істеуі керек еді. Оның 8-і ғана акт бойынша іске қосылды. Бүгін соның жауабын тыңдайын деп келдік. Бірақ бірде-бір ақпарат естіген жоқпыз. Себептері қандай? Кімді жауапкершілікке тартамыз?, - деді Әбенов.

Депутат министрдің баяндамасынан мардымды ақпарат алмағанын атап өтті.

Міне, алдымызда министрлер жалған ақпарат айтып тұр. Қаржы туралы бір есеп бермеді. Мысалы, Шарлапаев өзі «Бәйтеректі» басқарды. Мен «қанша қаржы бердіңдер?» деп бірнеше рет сұрақ қойдым. Оны депутаттардан неге жасырады? Бұл жерде сыбайлас жемқорлық бар ма? Неге ресейлік компанияға берген қаржыны жасырып отыр? Олар қанша қаржы салды? Мемлекет қаншама қаржы салып тұрса да, оның үлесі неге аз?, - деді мәжілісмен.

Мұрат Әбеновтың сөзінше, кеше жүздеген адам көшеге шығып, жұмыс дұрыс басталмағанын, айлықтың дұрыс берілмейтінін, жұмыс орны қысқарып жатқынын айтқан. Бірақ бұл мәселе бойынша министрге сұрақ қойылғанмен, жауап берілмеген.

Өндіріс неге дамымай жатыр? Кадрлық саясат сәйкес келе ме? Әріптесім Қызылордадағы жалғыз шыны зауыты туралы айтып кетті. Өзіміздің өнім өтпей жатыр. Барлық шекараны ашып қойды, бірақ ресейлік шыны зауыттары елімізде қаптап кетті. Бақытжан Базарбек айтқан, кублей зауыты, асфальт зауыты, цемент зауыты барлығы жабылудың алдында тұр. Министр ол туралы бірде бір сөз айтпайды. Бізге әдемі күліп жауап беріп тұр. Меніңше, бұл күлетін емес, жылайтын нәрсе, - деді депутат министрге.

Мұрат Әбенов егер министр белгіленген жұмысты жылдың соңына дейін атқара алмаса «отставкаға» кетуін сұрады.

Министр жылдың аяғына дейін 1 млн шина шығарамыз деп айтты. Егер шынымен азамат болсаңыз, осылай батыл сөйлеп, жылдың аяғында 1 млн шина шықпаса, онда отставкаға беріңіз. Бере аласыз ба? Әлде үндемей бізге тағы күліп жағдайды айтып кетесіз ба?, - деді мәжілісмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға