Жаңалықтар

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

2022 жылдың басы қанды, жазы жалынды, соңы мұзды болды
Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар
Фото: El.kz 30.12.2022 14:00 3035

Уақыт «атқан оқтай, шапқан аттай» зулап барады. Жаңа Қазақстан құру, қоғамдық сана мен мемлекеттік жүйені түбегейлі өзгерту туралы айтып болғанша бір жылдың парағы жабылғалы тұр. Дегенмен тарих қойнауына еніп бара жатқан барыс жылында ел есінде қалар оқиғалар аз болған жоқ. Бірі жанымызға өшпеспей жара салса, енді бір оқиғалар көңілімізге демеу, үмітімізге шырақ жаққандай болды.

Қаралы қаңтар

Барыс жылы басталғанда қазақстандықтар жаңа жылды мерекелік көңіл күймен қарсы алды деу қиындау еді. Себебі елдегі қымбатшылық еңсені көтертпей қойды. Сырттан келетін өнімдерден бөлек өз жерімізден шығып жатқан қарапайым газ бағасының аспандап кетуі тіпті ауыр соққы болды. Бұған шамданған мұнайлы өлкенің халқы ашуға булығып сұйытылған газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етіп алаңға шықты. Мәселені дер кезінде шешуге асықпаған жергілікті билік пен үкімет мүшелері уақытты созу арқылы жағдайды ушықтырып алды. Бірнеше күн бойы алаңнан тарамай тұрған Маңғыстау жұртын қолдау мақсатында әр өңірдің орталығына халық бірнеше мыңдап жинала бастады. Бұл жолғы наразылық бұрынғы митингтерген ұқсамады.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

4 қаңтарда Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстары мен Семей қаласында алаңға жиналғандар әкімдіктер мен құқық қорғау органы ғимараттарын басып алды. Әр өңірде алаңға жиналғандар саны 500-ден 4000-ға дейін жетті. Басқа облыстарда да осындай топалаң болды. Кінәсіз адамдар, оның ішінде тәртіп сақшылары мен әскерилер соққыға жығылды.

Халық экономикалық талаптармен қоса саяси өзгерістерді талап ете бастады. Бастапқыда бейбіт басталған наразылық шаралары артынан қарулы қақтығыстар мен тонаушылыққа ұласты. Негізінен Алматы қаласындағы жағдай тым ауыр болды.

Ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 227 адамның қаза тапқаны айтылды. Оның ішінде балалар мен әйелдер де бар, 19-ы құқық қорғау қызметкері.

Қаңтар трагедиясы кезінде Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей және басқа да қалаларда 1466 нысан бүлінген. Оның ішінде – 71 мемлекеттік мекеме, атап айтсақ 12 әкімдік ғимараты, 27 полиция бөлімшесі. Оған қоса 1395 бизнес нысаны бүлінген. ІІМ-нің мәліметіне қарағанда 700 көлік қираған. Оның ішінде жекеменшік авто, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметінің көліктері бар.

Сондай-ақ осындай төңкерісті ұйымдастырып, елге опасыздық жасады деген күдікпен билік басындағы бірнеше шенеунік ұсталды. Солардың бірі 6 қаңтарда мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен сол кездегі ҚР ҰҚК-нің төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды.  Кейін осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен ҰҚК-де басшылық қызметте болған бірқатар азамат қамауға алынды.

Одан бөлек осы оқиғаларға қатысы бар деген күдікпен «Дики Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев, әрекетсіздігі үшін сол кездегі Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов, кәсіпкер Қайрат Құдайберген, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев та қамалды.

Ресми билік бұл жағдайға мемлекеттік төңкеріс деген баға берді. Жуырда осы қанды оқиғаның қалай болғандығы туралы екі кітап жарық көрді. 

Жолдау

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурызда «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Президент сөзін қаңтар оқиғасынан бастады. Нақтырақ айтқанда, қаңтардағы дүрбелеңді елдегі өзгерісті қаламайтын жоғары лауазымды тұлғалар билікті басып алу үшін ұйымдастырғанын атап өтті.

Содан кейін президенттің өкілетін қысқартып, оның орнына парламенттің рөлін күшейту қажеттігіне назар аударды. Ол президент билікте отырғанда қандай да бір партия мүшесі болуына заңды түрде тыйым салуды ұсынып, өзі де биылдан қалмай «Аманат» партиясынан шығатынын мәлімдеді. Партиядан шығу талабы Орталық сайлау комиссиясы, есеп комитеті мен конституциялық кеңес мүшелері мен басшылығына да қатысты болмақ. Сонымен қатар, Тоқаев президенттің жақын туыстарына саяси, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға заңмен тыйым салу керек екенін айтты.

«Суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік басқару формасына көшу керек. Мұндай жүйе билік институттарының оңтайлы теңдігін қамтамасыз етеді және елдің орнықты дамуына ықпал етеді», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында Қазақстанда жаңа үш облыс пайда болатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ биыл 1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты екінші Жолдауын жолдады.

Жаңа үш облыс пайда болды

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Мемлект басшысының шешімімен биыл елімізде үш облыс пайда болды. Олар Жетісу, Абай және Ұлытау облыстары.  Жетісу облысының орталығы – Талдықорған, Алматы облысының орталығы Қапшағай болды. Айтпақшы Қапшағай қаласының да атауы өзгерді. Оған Дінмұхамед Қонаевтың аты берілді.

Жаңадан пайда болатын тағы бір облыс – Шығыс Қазақстан облысынан бөлек Абай облысы. Оның орталығы Семей қаласы болды. Тоқаев бұл мәселені өңір тұрғындары бұрыннан көтеріп келе жатқанын, қазір шешімін таппаған мәселе көп екенін айтты.

Жаңадан қосылған үшінші облыс – Ұлытау облысы. Оның орталығы Жезқазған қаласы болды. Тоқаев бұл аймақта тәуелсіз облыс құру экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да маңызды шешім болатынын атап өтті.

Бұлардың үшеуі де 1997 жылға дейін өз алдына бөлек облыстар болған еді, тек атаулары өзгеше болды.

Ұлттық құрылтай

Биыл күллі қазаққа құтты қоныс, ұлысқа ұя болған Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Жаңа облыстың төрінде өткен алқалы жиынға Мемлекет басшысынан бастап,  қайраткерлер, саясаткерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары, белсенді азаматтар қатысты. Ұлт тағдыры мен ел ертеңіне бағытталған байыпты бастамалар талқыға түсті.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Құрылтай – дала демократиясының дәстүрін жаңғыртып, Ұлытаудың ұлы миссиясын қайта жалғады. Ел бірлігін бекемдеп, Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген басқосуда тіл мен жер, еліміздің демократиялық бағыттағы даму жоспары, мемлекетіміздің жаңа саяси кезеңдегі алға жасар қадамдары мен Жаңа Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы талқыланды.

Басқосуда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың жұмысындағы маңызды бағыттарға тоқталып, оның мән-мазмұны мен құндылығын атап өтті.

«Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізу туралы ұйғарым жасалды. Ұлы ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылтай енді жылына бір мәрте жүйелі түрде ұйымдастырылады. Келесі құрылтай Түркістан өңірінде өтеді.

Референдум

5 маусым күні Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті. Бұл 27 жылдық үзілістен кейінгі ел тарихында екінші референдум еді. Референдум нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпы дауыс беру арқылы қабылданған елдің қолданыстағы негізгі заңының үштен біріне, яғни Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізуге байланысты дауыс берді.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Бұл айтулы оқиғаға арнап республиканың барлық облысынан 10 мыңнан астам дауыс беру учаскелері ашылды. Шетелдегі қазақстандықтар үшін 52 мемлекетте 65 учаске жұмыс істеді. Референдумды 10 ұйым мен 25 елден 272 бақылаушы, сондай-ақ 215 шетелдік журналист бақылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Мемлекет басшысы сол жерде қазақстандықтарды өтіп жатқан референдуммен құттықтап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Конституцияға түзету енгізу туралы ұсыныстарға сәйкес, президент, әкім, сот белгілі бір партияда мүше бола алмайды. Сонымен қатар, президент туыстарына жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген артықшылықтың бәрін алып тастау көзделген. Бұдан бөлек, елде Назарбаев билігі кезінде жойылған Конституциялық сотты қайта құру ұсынылды.

Қостанайдағы өрт

Қыркүйектің басында Қостанайдың Әулиекөл ауданында орман алқабында шыққан өрт бірнеше елді мекенді шарпыды. Екі мыңнан астам адам баспанасыз қалды. 

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Министрдің айтуынша, 2 қыркүйек күні сағат 15:10-да Әулиекөл ауданындағы Басаман орман шаруашылығы аймағында өрт басталғаны туралы ақпарат түскен. Сол кезде орманшылар ағаштың өртке оранғанын хабарлаған.

Қостанай облысындағы Әулиекөл, Ұзынкөл және Қарабалық аудандарындағы орман өртеніп, өрт 43 мың гектарды шарпыды.

Қасым-Жомарт Тоқаев та Қостанай облысына арнайы барып, өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданындағы аумақты тікұшақпен аралап шықты. Президент шұғыл әрекет ету штабы отырысынан кейін Аманқарағай ауылын аралап, тұрғындармен кездесті.

Кейін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы алапат өртке табиғи фактордың қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, алапат орман өртіне байланысты тергеу шаралары әлі жалғасып жатыр. Дегенмен, өрттің найзағай түсуден тұтанғаны туралы болжам толығымен жоққа шығарылған.

«3 қыркүйекте негізгі өртеніп жатқан орманнан 2 шақырымдай жерде бөлек ошақтары болды. Тіпті шыршалардың ұшар басын жалын шарпыды дегеннің өзінде оның түйіншек бүрлері мұндай қашықтыққа ұшып түсуі мүмкін емес. Демек, әдейі өртелген», — деді министр БАҚ өкілдерімен кездесуінде.

Сондай-ақ облыстағы орман өрттері фактілері бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру) және 2-бөлімнің 204-бабы (Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғады. Сондай-ақ Қостанай облысындағы табиғи өртке қатысы бар деген күдікпен жергілікті орман шаруашылығы мекемесінің басшысы қамауға алынды.

Одан кейін Шығыс Қазақстан, Түркістан облысы Жетісай ауданы, Алматыдағы базар өрті, Атыраудағы өрттер қосылды.

Қостанай облысында орман өртінен жапа шеккен тұрғындар үшін Мемлекет басшысының тапсырысымен екі айдың ішінде 91 тұрғын үй салынды.

Қазақстанға Рим папасы келді

Биылғы есте қалар оқиғаның бірі ретінде Рим папасы Францисктың Қазақстанға келуі болды. Ол Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің конгресіне қатысу үшін Қазақстанға үш күндік сапармен келді. Оны елорданың халықаралық әуежайынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Рим папасы Франциск билік, азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.

14 қыркүйек күні ол Әлем және дәстүрлі діндер съезіне қатысып, әлемдік бірлік, татулық туралы және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының сөздерінен мысал келтіре отырып сөз сөйледі.

Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында Рим Папасы Франциск ЭКСПО алаңында діни месса өткізді.

Католиктік ғибадат рәсіміне негізінен Орталық Азиядан келген 3 мың қажы қатысты.

Азия кеңесінің VI саммиті

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Елордада 12-13 қазан күндері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтті. Жиынға төрағалық еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәселелерге ерекше назар аударды. Осы ретте 2024 жылы Астанада кеңеске мүше елдердің экологиялық проблемаларын қаузау үшін жоғары деңгейдегі Конференция өткізу ұсынысын айтты.

Форумға Қазақстанмен қатар, 11 мемлекеттің көшбасшылары: Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Ирак Президенті Бархам Салих, Иран Президенті Сейед Эбрахим Раиси, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Аль Тани, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркия Президенті Реджеп Тайип Эрдоган, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысуда. Беларусь Президенті Александр Лукашенко АӨСШК жанындағы байқаушы елдің көшбасшысы ретінде қатысты.

«Орталық Азия – Ресей» саммиті

Сондай-ақ қазан айында 14 күні Елордада «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Жоғары деңгейдегі кездесу барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері алты жақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті болып отыр.

Кезектен тыс президент сайлауы

20 қараша қазақ елі үшін ерекше күн болды.  Республика халқы ел болашағы үшін,  кемел келешек үшін кезектен тыс өткен президент сайлауында дауыс берді.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

Бұл сайлаудың бір ерекшелігі – жеңіске жеткен президент міндетін 7 жыл атқарады.

Биылғы президент сайлауына барлығы алты кандидат қатысты. Олардың қатарында қоғам қайраткері Қарақат Жақсылыққызы Әбден, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев, «Ауыл» партиясы ұсынған кандидат Жигули Дайрабаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Тұрсынбекова мен халықтық комиссия ұсынған  Қасым-Жомарт Тоқаев бар.

Жаңа президентті сайлауға 12 миллионға жуық сайлаушының 8,3 миллионы немесе 69,44%-і қатысты. Сайлауға алты кандидат түсті. Республиканың қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыспен жеңіске жетті.

Жигули Дайрабаев – 3,42% (271 671 дауыс),

Мейрам Қажыкен – 2,53% (200 907),

Қарақат Әбден – 2,6% (206 206),

Салтанат Тұрсынбекова – 2,12% (168 731),

Нұрлан Әуесбаев – 2,22% (176 116 дауыс) жинады.

Биыл алғаш рет президент сайлауының бюллетеніне "Барлығына қарсымын" бағаны енгізілді. Сайлаушылардың 5,8%-і (460 484 адам) осы тармақты таңдаған.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті.

Екібастұздағы апат

27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары 35 градус болатын қақаған аязда жылусыз қалды. Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылып, 28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Жыл қайыру: 2022 жылы ел есінде қалған елеулі оқиғалар

ЖЭО мәліметінше, қаладағы жылу желілері тозған, сырттағы ауа температурасының төмендігінен бір уақытта бірнеше желілер істен шығып, желілік су шамадан тыс ағып кеткен.

Орталықтан жылу берілгенмен пәтерлердегі жылу батареялары берілген қысымдыққа шыдас бермей, жарылып жатты. Сондықтан үй жылу желісіне қосылған күннің өзінде пәтерге жетпеді. Батареялардан аққан су төменгі қабаттарға дейін өтіп, көршілерге одан сайын қолайсыздық тудырды. Жылусыз, сусыз, жарықсыз қалған кейбір үйлерде кәріз жүйесі де істен шықты. Құбырлар қатып  қалған соң инфрақұрылымның барлығы қолданысқа жарамай қалды.

Үкімет тиісті шешім қабылдап, апатты қалпына келтіргенше әдеттегідей қарапайым халық бір-біріне көмек көрсетумен болды.

P.S: Бұл ел есінде қалған ең елеулі деген оқиғалар ғана. Әйтпесе айтуға болатын өзге де дүниелер аз болған жоқ. Мәселен осындай төтенше жағдайға толы жылда алаштың айтулы азаматы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілді. Сонымен қатар балалар жылы аясында да ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Бір өкініштісі биылғы жылдың басы қанды, жазы жалынды, соңы мұзды болды. Енді келесі жыл еліміз үшін жайлы, берекелі, табысты, тыныш жыл болғай деп тілейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға