Жаңалықтар

Жыл басынан бері НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құрады

Жыл басынан бері НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құрады
Фото: t.me/KZgovernment 29.05.2023 09:20 676

Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штаб отырысын өткізді, онда негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) және тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тарту барысы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы қаңтар-сәуір айларында НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық.

Тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіштері жоғары.

Қаңтар-сәуір айларында жалпы республикалық нысаналы индикаторға қол жеткізілді.

20 өңірдің 12-сі жоспарларын орындады немесе асыра орындады. Олардың қатарында Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау және Ақмола облыстары бар.

Орталық мемлекеттік органдар арасында Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар министрліктері белгіленген көрсеткіштерді асыра орындады.

Премьер-министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені НКИ бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті.

Аутсайдерлер – Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары.

Ұлытау және Жамбыл облыстары өткен жылы да жоспарды орындамаған. Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген болатын. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша инвестицияларға жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің НКИ бойынша жұмыс қарқыны өте баяу екенін атап өтіп, IT саласындағы жобалар санын ұлғайту, сондай-ақ туризм саласына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін айтты.

Премьер-министр осы жылы Үкімет алдында НКИ деңгейін 18,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты өңірлер мен ведомстволар кемшіліктерді ескере отырып, негізгі капиталға инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтуі қажет.

Сонымен қатар отырыста тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі өткен жылғы жұмыс қорытындылары қаралды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға