Жаңалықтар

Жуырда көкпаршы қыз туралы фильм жарыққа шығады

«Ева. Батыр-қыз» фильмі қазақтың ұлттық спорт ойыны көкпарға арналған
Жуырда көкпаршы қыз туралы фильм жарыққа шығады
05.12.2022 12:22 1807

Қазақстанда «Ева. Батыр-қыз» атты ерлермен бір деңгейде көкпар ойнайтын қыз туралы деректі фильм түсірілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Ева. Батыр-қыз» фильмі қазақтың ұлттық спорт ойыны көкпарға арналған, оның атауы жалпытүркілік «кок бору» — көк бөрі сөзінен шыққан.

Көкпар қарсыласты жеңу үшін қажетті күш пен төзімділікке тәрбиелейді. Фильмнің желісі  бала кезінен дала өркениетінің рухын бойына сіңірген және өзінің сүйікті ісімен айналысу құқығы үшін күрескен мықты қыз туралы.

Басты кейіпкер Ева Жигалина алғаш рет атқа 10 жасында мінді, бастапқыда әкесіне мал жаюға көмектесіп, жәй ғана атпен серуендейтін. 13 жасында ауыл тұрғындары асау аттарын үйрету үшін жұмысқа жалдай бастады, ал 15 жасында Ева көкпар ойнай бастады.

Жуырда көкпаршы қыз туралы фильм жарыққа шығады

Бүгінде Ева Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарындағы ең белсенді ойыншылардың қатарына кіреді. Жылқыларды бағу, өсіру және қолға үйрету жолдасы Тельман Мусаев екеуінің отбасылық жұмысы. Ева көкпар мен бәйгеге қатысатын жылқы тұқымдарын өсірумен айналысады.

"Мен әр ойынды асыға күтемін, себебі ойыннан ерекше қуат аламын. Сүйікті жұмысыңнан рақат ала білу үлкен жетістік,- дейді Ева Жигалина.

Команданың мүшелері фильм көрінісінің жұмысы бойынша өз әсерлерімен бөлісті.

"11 жылдан аса уақыт жылқыларды түсіріп келемін. Бұл ерекше мәдениет, ерекше өмір салты. Соңғы 4 жыл At-travel.kz Ат спорты клубындағы достарыммен бірге атпен сапарға шығып тұрамыз. Бұл өз тамырымызды тану, ата-бабаларымыздың өмір салты, мәдениеті мен әдет-ғұрпы туралы түсінік береді. Біз «Ева. Батыр қыз» фильмінде жылқыларды әлі ешкім түсіріп көрмегендей  түсіреміз. Жылқылардың өзі де өте әдемі, ал күн батқан кезде Алматы тауларының керемет пейзаждарымен ерекше үйлесім табады", - деді режиссёр, сценарий авторы, «Ева. Батыр қыз» фильмінің продюсері Темірбек Аманжол.

Жобаның орындаушы продюсері Дана Мутурганова да түсірілім барысында күрделі және жаңа дүниелерге тап болғанын айтады.

Жуырда көкпаршы қыз туралы фильм жарыққа шығады

"Бұл өте қызықты жоба болды, біз үнемі күрделі және жаңа дүниелерге тап болдық. Мен үшін жанды реквизиттер, жылқылармен жұмыс жасау өте әсерлі болды. Жылқылардың қолға үйретілгендері де, асаулары да болды. Біздің әкімшілік күшейтілген режимде жұмыс істеді. Түсірілім тауда болғандықтан, қиынырақ болды.  Бірақ ондағы пейзаждардың әдемілігі соған тұрарлықтай", - дейді жобаның орындаушы продюсері Дана Мутурганова.

Фильмінің қоюшы-операторы Андрей Данельян үйір-үйір жылқыны түсіру кезінде керемет әсер алғанын жеткізді

"Әрі қызықты, әрі қиын міндеттеріміздің бірі - жылқылармен бірге жүріп, олардың жылдамдығын сақтай білу еді. Жүз жылқы үйірін түсіргеніміз ең есімде қалған сәт болды. Біз үш дронды басқара отырып, жоғарыдан түсірдік. Осыншама жылқылардың  үйлесімді қозғалуы өте керемет әсер берді.  Бұл өте әдемі көрініс", - дйді  «Ева. Батыр-қыз» фильмінің қоюшы-операторы Андрей Данельян.

Киножобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігінің тапсырысы бойынша "Ұлттық Киноны Қолдау Мемлекеттік Орталығы" КЕАҚ қолдауымен Black and White Production компаниясы түсірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға