«Жусан иісіндегі» – Аян: Науқан Керімов туралы не білеміз?

«Жусан иісіндегі» – Аян: Науқан Керімов туралы не білеміз?
Фото: «Қазақ әдебиеті» кітабы/ «Атамұра» баспасы

Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесіндегі аяғын сілтеп басатын жетім баланың тағдыры көптің есінде қалды. Сол ертегіші Аянның көзі тірі ме, ары қарайғы өмірі қалай өрілді? 

Оқырмандарды аталған сұрақтар сан жылдар бойы қызықтырғанын білеміз. Марфуға Шапиян көптің көкейінде жүрген сұрақтың жауабын тапқан екен. Кітаптағы Аянның прототипі – Науқан Керімов. Ол 2021 жылы 85 жасқа қараған шағында өмірден озған. 

10 жасында мектепке барған

Науқан Керімов 1936 жылы Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылында туған. Төрт жасында ата-анасынан айырылып, тұл жетім қалған.  Кітаптағыдай әркімнің қолында тұрып, 10 жасында мектеп табалдырығын аттаған. 8 сынып бітіріп, еңбекке ерте араласады. Сайын Мұратбеков Науқан Керімовтан 3-4 сынып жоғары оқыған екен. Ауылға келгенінде дәптер, қарындаш әкеліп, кейіпкердің қолына ұстатып кететін көрінеді.  \

Суретте – Науқан Керімов/ Марфуға Шапиянның Instagram парақшасы
Суретте – Науқан Керімов/ Марфуға Шапиянның Instagram парақшасы

Жазушы Марфуға Шапиянның дерегінше, Науқан Керімов өмірбойы сауыншы боп, озат қызметкер ретінде марапатталған. Ақын Сара ауылында Науқан ақсақалдың қарашаңырағы бар. Отын бұтаған шөркесі, отырғызған алма ағашы, салған сарайы да сол күйінде тұр. 

Әкем «кітаптағы Аянға өмірім 100% пайыз келмесе де, 80% келеді» деп өзі айтып отыратын. Кейбір жерлерін қызықты болсын деп жазушы жанынан қосқан екен, – деді Салтанат Науқанқызы Марфуға Шапиянға берген сұхбатында. 

15 баланың әкесі

Науқан Керімов әскерге барып келген соң ауылдың қызына үйленеді. Жары екеуі 15 баланы өмірге әкеледі. Ұл-қыздары әкелерінің «Аян» екенін кейінірек білген. 

1999 жылы Талдықорған университеттерінің біріне кездесуге Сайын Мұратбеков келеді. Ол кезде 1980 жылғы Нұржанат деген сіңлім студент. Сіңлім жазушыға өзінің Науқан Керімовтың қызы екенін айтқанда «Е, айналайын» деп басынан сипап, «Аянға прототип болған Науқан бауырымның қызына. Бақытты бол» деп қолтаңба береді. Ол қолтаңбасы әлі сақтаулы. Біз әкеміздің «Аян» екенін солай білдік, – Салтанат Науқанқызы Марфуға Шапиянға берген сұхбатында. 

Сайын Мұратбековтың қолтаңбасы/ фото: Марфуға Шапиянның Instagram парақшасы
Сайын Мұратбековтың қолтаңбасы/ фото: Марфуға Шапиянның Instagram парақшасы

Науқан Керімов ұл-қыздарына барынша білім беріп, оқытып-тоқытқан. Балаларының көбі Талдықорған өңірінде тұрады. Өзі 2021 жылы қайтыс болған. Құлпытасына өсиет етіп «Жусан иісі» повесіндегі Аян» деп жаздырған. 

Біз іздеген Аян Жусандытөбеде, қабірін жусан басып, өзі өмірбойы сағынған жусанның иісін иіскеп, мәңгілік тыныстап жатыр екен, – деп жазған жазушы Марғуфа Шапиян

Жабайы алма қайда өседі?

«Жусан иісіндегі» жабайы алма қайда өсетінін білгіңіз келетін болар.  Қызыл жұлдыз – Сайын аға мен Ғали Ормановтың ауылы. Содан бері қарай Қоңырға өтетін құз бар. Жабай алмалар сол жерде өседі. Әңгімелеріндегі жабайы алма дегені – сол.

Суретте: Науқан Керімовтың қабірі/ Марфуға Шапиянның Instagram парақшасы
Суретте: Науқан Керімовтың қабірі/ Марфуға Шапиянның Instagram парақшасы

Бала кезімізде ауылда алма жоқ. Жабайы алма өскен алқапқа барып, алма жейміз. Оның дәмі қышқылтым, тілді үйіретіндей дәмі бар, – деген екен Сайын Мұратбековтың нағашысы «Жетісу» телеарнасына берген сұхбатында.

Оқи отырыңыз