Жаңалықтар

Жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрмеді. Нартай Аралбайұлы батыстықтардың мұңын жеткізді

Жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрмеді. Нартай Аралбайұлы батыстықтардың мұңын жеткізді
Фото: t.me/mazhilis_kz 10.05.2023 12:22 697

Депутат Нартай Аралбайұлы Батыс Қазақстан облысының кейбір ауылдарында жөнделмеген жолға қатысты тұрғындардың арыз-шағымын көтеріп, премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың айтуынша Бөкей Ордасы мен Жәнібек ауданындағы жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрмеген көрінеді.

Қазір де жұрт облыс орталығы Оралға дейін көлікпен 7-8 сағат жүруге мәжбүр, жаңбыр жауса батпаққа батқан бұқара 14-15 сағат жол жүреді, көбісі күрежолдың бойында қонып қалады. Арнайы техниканың өзі көктем мен күздегі балшықтан өте алмайды. Салдарынан ауыр науқасқа шалдыққан адамдар мен сәбилер қиналады, – деді депутат.

Бұл мәселеге қатысты Президент 2022 жылдың сәуірінде үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырып, 2021 жылы аяқталуы тиіс болған Қазталов, Жәнібек, Бөкей орда аудандарын облыс орталығы Оралмен байланыстыратын күрежолға әлі асфальт төселмегенін шегелеп айтып, «тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс дегег еді.

Осы сыннан кейін сол кездегі индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылды. Бірақ сол жолдың бүгін-ертең бітетін түрі жоқ. Ақша бар, бірақ БҚО қиыршық тас пен битум жоқ. Оны көрші облыстар мен көрші елден тасымалдау керек, - дейді Нартай Аралбайұлы.

Ол  жол құрылысын аяқтау үшін биыл 1931 тонна қиыршық тас керек, оны  әкелуге 28 мың вагон қажет деп отыр.

 Бірақ биылғы жылға тек 7 жарым мың вагон қарастырылған. Бұл өз кезегінде жолға қажетті материалдың жетіспеушілігіне, жол құрылысы мерзімінің ұзаруына және жоба құнының өсуіне әкеледі, – дейді мәжілісмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға