Жаңалықтар

Жүргізуші куәлігін алып беремін деп алдаған ақмолалық тұрғын ұсталды

Бұл туралы Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті
Жүргізуші куәлігін алып беремін деп алдаған ақмолалық тұрғын ұсталды
Фото: polisia.kz 17.01.2023 14:49 978

Ақмола облысының тұрғыны астаналықтарды жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деп алдап, қызметі үшін 160 мың теңгеге дейін алған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Ақмола облысының тұрғыны әлеуметтік желілерде емтихан тапсырмай жүргізуші куәлігін алуға көмек ұсынып, хабарландырулар орналастырған. Ол өзін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырған. Бүгінгі күні полицияға алданған 8 азамат жүгінді, зардап шеккендерден өтініштер келіп түсуде», - деді Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Байқоңыр» ауданының полиция қызметкерлері алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 22 жастағы ауыл тұрғынын ұстаған. Ол өзінің көмегі үшін 80-160 мың теңге аралығында ақша алған.

Аталған алаяққа алданған елорда тұрғыны өткен жылдың маусым айында 120 мың теңгесін беріп қойған. Әйел ақшаны да, құжаттарды да алмағаннан кейін полицияға жүгінген.

«Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізуші куәліктерін дайындау тәртібі мен ережелері www.gov.kz ресми интернет-ресурсында орналастырылған. Жүргізуші куәлігін жасау туралы жеке тұлғалардың ұсыныстары, сондай-ақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі хабарландырулар алаяқтық болып табылады. Жалған құжаттарды сатып алғаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған», - делінген полиция хабарламасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға