Жаңалықтар

Жүректі ақшаға байламаймын – Дәулет Мұқаев

Депутаттыққа өзін-өзі ұсынушылар қатарынан
Жүректі ақшаға байламаймын – Дәулет Мұқаев
Фото: dauletten.kz 04.03.2023 16:48 1909

Қоғам белсендісінің бір жарнамасының құны – 1 млн теңгенің айналасында. Ал шенеуніктің бір айлығы бір миллионға жетпейді. Қазақтың Дәулеті атанған азамат сайлауға не үшін түсіп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Аманат партиясының құрамындамын. Партия мені сайлауға ұсынған жоқ. Сол себепті, өзін-өзі ұсынушылар қатарынанмын. Қолдайтын оқырмандарым бар кезде тәуекелге бел байладым. Әділдікті талап етіп, Әділетті Қазақстан үшін күрескім келеді. Жүректі ақшаға байлаған адам емеспін. Менің түсінігімде барлық несібе Алладан. Саған басыңа тақ бұйырса да, болмаса бақ бұйырса да ол Құдайдан. Алла саған берді ме, оны ешкім алып кете алмайды. Бұйырған нәрсе бұйырады. Тура сол секілді 30 жасымда өз үйімді де, ұсақ-түйек кәсібімді де жасаған адаммын. Ақша келеді және кетеді. Дегенмен қашанға дейін блогер болып 30 күнде 30 миллион тапқанның өзінде де, айналаңның бәрі былығып, балшыққа батып жатса, ертеңкүні қолыңда қанша ақшаң болса да соған өзің де батып кетесің. Мәселе ақшамен шешілмейді», – дейді қоғам белсендісі.

Айтуынша, үш баласы бар. Үш баласына қарап ойланатынын айтты. Ондағысы бұлар да осы елде туып, осы жерде өсіп жатыр. Бірақ ұрпақ үшін не жасап жатырмын? Осы уақытқа дейін жемқорлардың істеп кеткен дүниесіне әлі де ашуланамын дейді.  

«Мұны айтып та жүрмін. Мәселен мектеп салады төбесінен су ағып, қабырғасынан жер үрлеп тұрады. Одан қалса, іші суық. Ал мұндай жерде білім алып жатқан бала патриот бола ма? Елін жақсы көре ме? Қазір мен сияқты менің замандастарымның көбі әлеуметтік сауалнама жүргізсе де, жанымда жүрген азаматтардың бәрі шетелге Еуропаға, Америкаға, кеткісі келеді. Тіпті, Кореяға кетіп қалғандар бар. Барлығы жайлы болса, осылар кететін бе еді? Себебі олар да патриоттық сана азайып қалған. Неге? Өйткені солардың барлығына кінәлі осы жемқорлық жүйесі. Балабақша, мектеп салса да ақшасын ұрлап алады. Зауыт, фабрика әлі өндіріс жоқ. Одан кейінгі мәселе LRT. Мұның бәрі болашақ қамы үшін жасалатын дүние еді ғой», - деді ол.

Сондай-ақ, ол біз бір байлықпен ғана отырған жоқпыз. Мұнайдан да бөлек, жердің астында қаншама қазба-байлық жатыр. Бұлардың бәрі тістегеннің аузында кетіп жатқанын тілге тиек етті.  

«Мен жаңағы атап өткенімдей, депутаттыққа айлық үшін түсіп жатқан жоқпын. Айналама, өскелең ұрпаққа қарап, болашақ үшін не істеп жатырмыз деген ойға келемін. Біз ұлттық құндылықтарды насихаттау керекпіз. Ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет. Әйтпесе, ертеңкүні бұл елге біреу шабуылдайтын болса, кім қорғайды? Ата-бабамыз жер үшін қасық қаны қалғанша күресті. Ал енді осы заманның тыныштығын сақтап, елге жағдай жасау қазіргі біздің басты міндетіміз», – дейді.

Яғни, қоғам белсендісінің депутаттықа түсудегі мақсаты – елдің қамы. Ақшаға мұқтаж жан  емес екенін және халықтың мұң-мұқтажын мінберлерде билікке жеткізуді көздеп отыр.

«Қазірге дейін халықтың алғысын күнде аламын. Көшеде жүрсем де, дүкенге кірсем де, әйтеуір бір жерден оқырманым кездеседі де сіздің айтқаныңызбен сабағыңыздан ақша жинадым. Үй алып, кәсібімді бастадым деп жатады. Алдымнан жоқ дегенде төрт-бес адам алғысын жаудырады. Түсінемін. Ақпараттық шабуылдар көп. Оған да шыдау керек. Tiktok желісінде салафиттерден ақша алды деген видео тарады. Бір оқырманым желі арқылы маған сіз Айнұр Тұрсынбаевадан ақша алып жатырсыз ба деп жіберді. Сол кезде түсінбей қалдым. Ақша алатындай болмаса, оны насихаттауға еш қатысым жоқ. Қазақ ит үреді, керуен көшеді дейді. Мұхтар Әуезовтің қабаған итпен ырылдаса беретін болсаң, адамдығыңнан не қалды, деген тамаша сөзі бар. Өзім де осыны іштей қайталаймын және Алланың алдындағы ар-намысым мен ұятым бар», – деп қоғам белсендісі ел ішіндегі қауесет сұрақтарға жауап берді.

Бұдан бөлек, ол қазақпен қазақша сөйлесу керектігін, ас мәзірінің қазақша болуын талап етуін және жастардың жұмысқа орналасуы сынды көптеген мәселелерді көтеру қажеттігін айтты.

«Бізде көп жағдайда адамның еңбегі бағаланбай жатады. Бағалану тек ақша және материалдық тұрғысынан емес, егер сол ұжымың жақсы болса немесе сен жұмыс істеп жүрген жерде екі адам ғана қызметін атқарып, қалғаны күні-түні шай ішіп жүретін болса, сен де ол жерде жұмыс жасағың келмей кетеді. Таныс арқылы оңай жолмен кіріп жатқандар қаншама. Осы нәрсе бізді артқа тартып отыр. Екінші бір мәселе, дипломмен мықты мамандар бар. Жұмысқа барса, ол жерде кемпір-шалдар отырады. Сондықтан жастарға мүмкіндік берілу керек», – дейді қоғам белсендісі Дәулет Мұқаев. 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға