Жұмыстан айырылу, жалақының қысқаруы немесе отбасылық табыстың азаюы – несие төлеп жүрген азамат үшін оңай емес. Әсіресе ай сайынғы төлемді өтеу қиындағанда көпшілігі банктен несие мерзімін ұзартуды немесе төлемді уақытша тоқтатуды сұрайды. Алайда банк мұндай өтініштің бәрін бірдей қанағаттандыруға міндетті емес. Дегенмен заңда белгілі бір санаттағы азаматтарға қаржылық жеңілдік жасау қарастырылған.
Ең алдымен, банктің әрбір клиенттің өтінішін міндетті түрде орындауы тиіс емес екенін түсіну керек. Мысалы, қарыз алушы жұмыстан шығып қалса немесе уақытша табыссыз қалса, бұл банктің оған автоматты түрде жеңілдік жасауына негіз болмайды.
Несиені 3 айға кейінге қалдыруға болады
Дегенмен заңда кредитордың несие шарттарын өзгертуге міндетті болатын жағдайлар бар. Бұл мүмкіндік халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын немесе төтенше жағдай енгізілуіне негіз болған мән-жайлардан зардап шеккен азаматтарға қатысты.
- Сонымен қатар төмендегі талаптардың кемінде бірі орындалуы қажет:
- Қарыз алушының өтініш берер алдындағы екі айдағы орташа айлық табысы алдыңғы 12 айдағы орташа табысымен салыстырғанда 30 пайыздан астам төмендеуі керек;
Азамат өтініш берген кезде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып отыруы тиіс.
Осы талаптар орындалған жағдайда банк ай сайынғы несие төлемін кемінде 50 пайыз азайтуға және (немесе) негізгі қарыз бен пайыздарды төлеуді кемінде үш айға кейінге шегеруге міндетті.
Маңыздысы, мұндай өзгерістер үшін банк комиссия немесе қосымша төлем талап ете алмайды. Бұл талап микроқаржы ұйымдарына да қатысты.
Ал заңда көрсетілген санатқа жатпайтын азаматтар да банкке өтініш бере алады. Мәселен, несие мерзімін ұзартуды, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді, төлем кестесін өзгертуді немесе берешектің бір бөлігін кешіруді сұрауға құқылы. Бірақ мұндай жағдайда шешімді кредитор қабылдайды.
Не істеу керек?
Банкке өтініш беру үшін міндетті түрде несие төлеу мерзімінің өтіп кетуін күтудің қажеті жоқ. Егер азамат алдағы айларда төлем жасауға қаржылық мүмкіндігі болмайтынын түсінсе, алдын ала банкке хабарласқаны дұрыс.
Ол үшін несие беруші ұйымға өтініш жазып, қаржылық жағдайының неліктен өзгергенін түсіндіру қажет. Мысалы, жұмысынан айырылғанын, жалақысы азайғанын немесе отбасының жалпы табысы төмендегенін көрсетуге болады.
Өтінішке жағдайды растайтын құжаттарды тіркеген жөн. Олардың қатарында жұмыстан босатылғаны туралы анықтама, табыс көлемі туралы мәлімет, жұмыс іздеуші немесе жұмыссыз ретінде тіркелгенін растайтын құжаттар болуы мүмкін.
Алайда барлық жағдайда жұмыссыз ретінде ресми тіркелу міндетті талап емес. Қандай құжаттардың жеткілікті екенін банк нақты жағдайға қарай қарайды.
Егер несие төлемінің мерзімі өтіп кетсе, қарыз алушы кешіктірілген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өтініш бере алады.
Заңда белгіленген тәртіп бойынша банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешімін хабарлауы керек. Ол өтінішті мақұлдауы, өз нұсқасын ұсынуы немесе бас тарту себебін түсіндіруі мүмкін.