Жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтары жылы: Қандай жобалар қолға алынады?

Жұмысшы мамандықтары жылы: Қандай жобалар қолға алынады?
Фото: жасанды интеллект DALL-E-3 30.04.2025 13:13 573

Елімізде 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды.  Осы орайда елімізде түрлі шаралар мен жобалар қолға алынып жатыр. Мұндағы басты мақсат жұмысшы мамандықтарын дамыту, жастарды кәсіби даярлауды жетілдіру және өндірістік секторда жоғары білікті мамандардың қатарын арттыру. Ендеше осы бағытта жүзеге асып жатқан маңызды бастамалар мен жобаларға тоқтала кетейік.

Жұмысшы мамандықтары санатына кімдер кіреді?

Жұмысшы мамандықтары санатына әртүрлі сала қызметкерлері кіреді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда еңбекке қабілетті халық саны 9,6 миллион адамды құраса, оның ішінде 2,3 миллион адам жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді.

Көлік және байланыс саласында жүк көлігі, автобус, такси және электровоз жүргізушілері жұмыс істейді. Құрылыс пен өндіріс саласында монтаждаушылар, шеберлер, тас қалаушылар, дәнекерлеушілер, слесарлар, электриктер, жабдық операторлары, құрылыс бригадирлері және сылақшылар еңбек етеді. Қызмет көрсету саласына сантехниктер, трубопроводшылар, қонақ үй қызметкерлері, кондитерлер, аспаздар мен үй шаруашылығы қызметкерлері жатады.

Ауыл және орман шаруашылығында тракторшылар, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, жер өңдеушілер мен малшылар қызмет етеді. Өнеркәсіп пен тау-кен өндірісінде кеншілер, теміршілер, металл өңдеушілер және шахта жұмысшылары еңбек етеді. Балық шаруашылығы мен су транспорты саласында балықшылар мен су көлігі қызметкерлері жұмыс істейді.

Энергетика және коммуналдық қызметтер саласында электрмонтаждаушылар, жылу жүйесін жөндеушілер, газ және су жүйесі мамандары, сондай-ақ су және жылу энергетикасында жұмыс істейтін операторлар еңбек етеді. Өндіріс және механика саласына автокөлік жөндеушілері, станок операторлары, машинистер, металлургия және химиялық өндіріс жұмысшылары, машина жасау шеберлері кіреді.

Тамақ өнеркәсібінде ет, сүт, ұн өндірісінің жұмысшылары, кондитерлер, өсімдік өсірушілер мен мал дәрігерлері еңбек етеді. Сауда саласында сатушылар, кассирлер, дүкен қызметкерлері және курьерлер жұмыс істейді.

Қандай іс-шаралар мен жобалар іске асуда?

«Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі ұйымдастырылды

2025 жылғы 11-15 ақпан аралығында елімізде «Жұмысшы мамандықтары қаласы» атты кең ауқымды фестиваль өтті. 5 күнге созылған шара барысында 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, түрлі форматтағы семинарлар мен шеберлік сыныптары, кәсіби бағдар беруге арналған ойындар мен викториналар, жұмысшы мамандықтарын танытатын шерулер өткізілді.

Атап айтқанда, фестиваль аясында 25 семинар, 40 шеберлік сыныптары, 57 мамандықтар шеруі, 15 бос орындар жәрмеңкесі, 18 анимациялық шеру, 54 кәсіби оқыту курсы, 30 интерактивті ойын, 30 кәсіби бағдар бойынша шеберлік сабақтар, 70 викторина және 200 квиз ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 8 тақырыптық инновациялық сессия болды.

Іс-шараға жалпы 50 мыңнан астам көрермен қатысты. Фестиваль нәтижесінде колледждер мен кәсіпорындар арасында 250 меморандумға қол қойылып, 30 мыңнан астам мектеп оқушысы кәсіби диагностикадан өтті.

Қазақстан өңірлерінде Жұмысшы мамандықтары жылы кең ауқымда атап өтілуде

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы еліміздің барлық өңірінде түрлі форматтағы ауқымды іс-шаралармен басталды. Әр облыс өз өңіріне тән ерекшеліктерге сай жастар мен еңбек нарығына бағытталған форумдар, көрмелер және кәсіби бағыттағы жобалар өткізуде.

Мысалы, Ақмола облысында 19-20 ақпан аралығында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Форумға 500-ден астам қатысушы, 29 колледж және 44 әлеуметтік серіктес – өңірдегі жетекші кәсіпорындар қатысты.

Жамбыл облысында 3 наурыз күні «Адал еңбек. Адал табыс» тақырыбында салтанатты ашылу рәсімі өтті. 700-ден астам адам қатысқан шарада 11 тақырыптық көрме мен 10 интерактивті алаң жұмыс істеп, колледждер мен кәсіпорындар арасында 8 меморандумға қол қойылды.

Ұлытау облысында 26 ақпан күні «Жұмысшы мамандықтар саябағы» фестивалі өтті. Іс-шараға 600-ден астам адам қатысты.

Түркістан облысында 28 ақпанда «Жұмысшы мамандықтар шеруі» аясында колледждер көрмелер ұйымдастырып, өңірдің ірі жұмыс берушілері мен «Еңбек» мобильді орталықтары бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Жалпы 2 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды.

Қостанай облысында 24 қаңтарда өткен ашылу салтанатына 500-ден астам адам қатысты. Ал Павлодар облысында 2 ақпан күні өткен жұмысшы мамандықтар форумына 600-ге жуық адам жиналды.

Жылдың бастамасы өңірлерде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мен жастарды сұранысқа ие кәсіптерге тарту бағытындағы маңызды қадам болды.

«Жаңа кәсіптер атласы» жобасы оқушыларға бағыт береді

2025 жылы жұмысшы мамандықтарына сұранысты ескере отырып, еліміздің барлық өңірінде «Жаңа кәсіптер атласы» жобасы әзірленді. Бұл жоба оқушыларға болашақ мамандығын дұрыс таңдауға, еңбек нарығындағы жаңа талаптарды түсінуге және экономиканың нақты секторындағы мансаптық мүмкіндіктерді бағалауға көмектеседі. Атласта қазіргі және болашақта сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарының тізбесі ұсынылған.

Мектептерде кәсіби бағдар беруді күшейту мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Жамбыл облысында 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстық білім басқармасы 24 ЖОО, 47 колледжбен бірлесе отырып, кәсіптік бағдарлау бағытында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізді. Оқушылар мен ата-аналар үшін өндірістерге экскурсиялар, мамандармен кездесулер, семинарлар және видеопрезентациялар ұйымдастырылып, барлығы 5642 адам қамтылды.

Сонымен қатар, еліміздің бірқатар облыстарында бейіндік сыныптар құрылуда:

Ақмола облысында – 9 сынып (2000 оқушы),

Абай облысында – 2 сынып (50 оқушы),

Павлодар облысында – 4 сынып (110 оқушы),

Солтүстік Қазақстан облысында – 2 сынып (45 оқушы).

Мектеп оқушылары үшін кәсіпорындарға экскурсиялар өткізу дәстүрге айналуда. Мәселен, Жамбыл облысында 10-11 сынып оқушылары «Казфосфат», «Тараз қант», «Hyundai Taraz», «Әулиеата ТрансПасс» және «Энерджи Тараз» сынды ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Бұл шараларға 500-ден астам оқушы қатысты.

Сондай-ақ, оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері арасында кәсіби шеберлік байқаулары ұйымдастырылуда. Ақтөбе облысының Шалқар көпсалалы колледжінде өткен «Junior Skills», «Jas Skills», «Baby Skills» байқауына 47 бала қатысып, өздерінің алғашқы кәсіптік дағдыларын көрсетті.

Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған Жол картасы қабылданды

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында Үкімет жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарды бекітті. Сонымен қатар, Білім министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың Жол картасын қабылдады. Еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру, кадрлар даярлау сапасын арттыру және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шараларын қамтитын арнайы жоспарлар әзірленді.

Бүгінде Қазақстанда 772 колледж жұмыс істеп тұр, онда 565 мың студент білім алуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беруге бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиялары екі есеге артты. Жоспарланған іс-шаралар қатарында өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын әзірлеу, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру және құқықтарын қорғау бағыттары бар. Сонымен қатар, кәсіпорындармен ынтымақтастық аясында еліміздің мектептерінде 1000 бейінді сынып ашу жоспарланған.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, кәсіби бағдарлау реформасы оқушыларға еңбек нарығының жаңа талаптарымен танысуға және дұрыс мамандық таңдауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, жоғары сынып оқушыларына практикалық дағдыларды меңгерту және колледждер базасында алғашқы жұмыс мамандығына оқыту енгізіледі.

Мемлекет колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа нормативі бойынша қолдауды бастады. Қазіргі уақытта бір студентке бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңге болса, алдағы оқу жылында нақты нәтижелерге қол жеткізген колледждер үшін бұл сома орта есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады. Министр Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық база арқылы жабдықтау және педагогтердің біліктілігін арттыру басым міндет болып табылады.

Дуальды оқыту жүйесін дамыту және мамандарды бизнес-құрылымдар мен инвесторлардың тапсырысы бойынша даярлау бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетсе, бұл санды алдағы уақытта 4 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, кәсіптік стандарттар, мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттары және WorldSkills талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам жаңа бағдарлама дайындап, өндірістік базада 1,5 мың педагогтың тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етеді.

Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау аясында Қазақстанның 10 колледжі интернационалдандырылып, шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасу арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттері мен студенттердің академиялық ұтқырлығы дамытылады.

Мемлекет басшысының бастамасымен Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау үшін Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылмақ. Бұл орталық студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту, мамандарды қайта даярлау, біліктілікті арттыру және WorldSkills чемпионаттарын ұйымдастыру базасына айналады.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл Ақтау қаласында түркітілес елдер арасында алғашқы кәсіби шеберлік чемпионаты – Turkiskills – 2025 өтеді.

ТжКБ жүйесі мамандарды даярлаудың жаңа деңгейіне көтерілуде

2025 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрлар даярлау сапасын арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынды. ТжКБ ұйымдарының оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің шетелдік тағылымдамадан өтуі ұйымдастырылып, бұл бастама олардың кәсіби деңгейін арттыруға және халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашты. Ақмола облысынан 5 оқытушы Ұлыбританияда «Білім берудегі цифрлық трансформация: жасанды интеллект және EdTech» бағыты бойынша тағылымдамадан өтсе, Алматы қаласынан 7 оқытушы Финляндияда, 3 оқытушы Францияда, ал Алматы облысынан 10 оқытушы Германияда кәсіби біліктіліктерін жетілдірді.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен жұмыс берушілер мен салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен кадр даярлау мәселелері бойынша өңірлік және республикалық деңгейде форсайт-сессиялар өткізіле бастады. Атырау облысында өткен «Employers' Week: үздік кейстер, болашаққа бағдар» форумында 100-ден астам қатысушы болды. Шара барысында дуалдық оқытуды дамыту, мақсатты кадр даярлау, маман қажеттілігін алдын ала болжау, әлеуметтік серіктестікті нығайту, сондай-ақ мұнай-химия кешеніндегі жаңа өндіріс орындары – GPC Investment, Бутадиен, Silleno, Интаго сияқты инвестициялық жобалар аясында білікті мамандарды даярлау мәселелері кеңінен талқыланды.

Мемлекет тегін кәсіптік білім беруді қамтамасыз етеді

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер аясында 2025 жылы 9-сынып түлектерін жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған. Осы мақсатта биыл республикалық бюджеттен 2200 орын, жергілікті бюджеттен 3108 орын бөлініп, жалпы 5308 мемлекеттік тапсырыс орны қарастырылды. Бұл – жастар үшін кәсіптік білім алу мүмкіндігін кеңейту бағытындағы маңызды қадам.

Кадрлар даярлау сапасы олардың жұмысқа орналасу нәтижелерімен бағаланады. 2023 жылы колледжді бітірген 5293 студенттің 4585-і жұмысқа орналасып, жалпы көрсеткіш 86,6 пайызды құрады. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған 3401 түлектің 2903-і жұмыс тапқан (85,4%).

2024 жылы 5895 студент оқуын аяқтады, оның ішінде 3916-сы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алды. Қазіргі уақытта 4270 бітіруші жұмысқа орналасып, көрсеткіш 72 пайызды құрап отыр.

Сонымен бірге, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледждердің 100 үздік бітірушісіне тұрақты жұмысқа орналасуға арнайы жолдама беріледі.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Отбасы банкі «Наурыз жұмыскер» жаңа бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларында еңбек ететін жұмысшы мамандарды баспанамен қамтуға бағытталған.

2025 жылы «Наурыз жұмыскер» аясында 72 млрд теңге бөлініп, 2 440 несие беру жоспарланып отыр. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 17 наурызында басталды. Бағдарлама белгілі «Наурыз» тұрғын үй жобасының бір бөлігі саналады.

Несиелеу шарттары бойынша әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жылдық 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), ал басқа санаттағы азаматтарға 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна таза әрлеудегі жаңа тұрғын үй үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін 20%-дан басталады.

Несие сомасы облыстар үшін 30 млн теңгеге дейін, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңгеге дейін белгіленген. Несие мерзімі – 19 жылға дейін.

«Наурыз Жұмыскер» бағдарламасына қатысу үшін салымшының депозитінде кемінде 2 миллион теңге болуы тиіс. Бұл соманы өтініш берген сәтте бір реттік төлеммен толықтыру қажет, әйтпесе өтініш қабылданбайды. Барлық тарифтік бағдарламалар қолжетімді, тек «Табысты», «Сберегательный» және «Арнау» тарифтері жарамсыз болып табылады. Қатысушы «Кейін сатып алу құқығымен жалға беру» және «Наурыз» тұрғын үй бағдарламаларына қатыспауы тиіс. Сонымен қатар, салымшының депозитіне инкассалық өкімдер немесе төлем талаптары түрінде шектеулер қойылмаған болуы керек.

Бағдарламаға қатысушылар Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қандас мәртебесіне ие болуы шарт. Жас мөлшері 18 бен 63 жас аралығында болуы керек. Соңғы алты ай ішінде ресми табыс көзінің болуы талап етіледі, оған жалақы, кәсіпкерлік табыс, қызмет көрсету шарттары бойынша табыс, жәрдемақылар, стипендиялар немесе тұрғын үй төлемдері жатады. Сонымен бірге, соңғы үш айдағы табыс «Наурыз Жұмыскер» бағыты бойынша ұсынылған анықтамада көрсетілген нақты жұмыс орнынан болуы керек. Қатысушының және оның отбасы мүшелерінің (ерлі-зайыптылар мен кәмелетке толмаған балалар) атына соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс. Бір салымшы немесе бір отбасы бағдарлама шеңберінде тек бір рет қана тұрғын үй сатып ала алады. Бағдарламаға тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Қатысушылар қарыз алу және бағдарламаға қатысу туралы ақпараттың Банктің ресми сайтында жариялануына келісім беруі қажет.

Жұмысшы мамандықтарының имиджі артып, жастар белсенділігі күшейді

2025 жылы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және жастар арасында еңбекке деген оң көзқарасты қалыптастыру мақсатында ел көлемінде ауқымды ақпараттық, білім беру және имидждік жобалар іске асырылып келеді. Бұл бағытта «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында жұмысшы бейнесін дәріптейтін нақты қадамдар белгіленіп, олардың жүзеге асырылуы белсенді жалғасуда.

Біріншіден, жұмысшы мамандықтарының маңызын ашатын «Жұмысшының бір күні» айдары бойынша БАҚ беттерінде мақалалар жарық көруде. Мәселен, Ұлытау облысының өңірлік газетінде Сәтбаев индустриялдық колледжінің тәжірибелі аспазшысы Г.Құрманбаеваның, ал «Qarmet» АҚ көмір департаментінің тау-кен жұмысшысы Н.Савиновтың бір жұмыс күні туралы сұхбаттары жарияланды.

Екіншіден, танымал блогерлер мен медиа тұлғалар арқылы «#Жұмысшы мамандықтарының жылы» хэштегімен түрлі салалардағы мамандардың жетістіктерін насихаттайтын подкасттар түсірілуде. Youtube платформасында электрик маманы М.Аманжолов пен оның ұстазы Д.Қуатовтың, сондай-ақ «Уақыт TV» телеарнасында өрт сөндіруші капитан А.Сарыбаевтың қатысуымен мазмұнды подкасттар жарияланды.

Үшіншіден, жұмысшы бейнесін визуалды түрде насихаттау. Түркістан облысында Кентау трансформатор зауытының қызметкерлеріне арналған мурал салынса, Ұлытау облысында «Үздік еңбек династиясы» көрмесі өтті.

Төртіншіден, колледждерде ашық есік күндері мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Жамбыл, Ақмола, Астана, Қостанай, Алматы, Ұлытау облыстарында өткен іс-шараларда мыңдаған жастар мен жұмыс берушілер қатысып, жүздеген бос жұмыс орындары ұсынылды. Мысалы, Жамбыл облысында 167 жұмыс беруші 826 бос жұмыс орнын ұсынды, ал Астанада 90 ұйым 2 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынды.

Сонымен қатар, жастардың белсенділігін арттыру бағытында да кешенді жұмыс басталды. Оның ішінде колледж студенттері арасында ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» жобасы аясында қаңтарда колледжішілік, наурызда аймақтық іріктеу кезеңдері өтіп, республикалық финалы сәуірге жоспарланды. Бұл байқауға еліміз бойынша 500 мыңнан астам студент қамтылды.

Жастардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі базасында туризм саласына бағытталған кәдесый өнімдерін өндіретін бизнес-инкубатор ашылды.

Жоғарыда аталған бастамалар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, еңбек адамының бейнесін қалыптастыру және жастардың кәсіби болашағына деген сенімін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі болып есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға