22 жастағы Қазақстан азаматы Ернұр Алмахан Дубай қаласына жұмыс істеп, нәпақа табамын деп кетіп өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Отандасымыз 2 540 000 дирхам (300 миллион теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі растады.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 18 наурызда Дубайдың бірінші сатыдағы соты Ернұр Алмаханды бірнеше ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сонымен қатар айыппұл салу туралы шешім шығарылған.
Алайда сотталған азамат үкімге келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты сот шешімі әзірге заңды күшіне енбеген. Апелляциялық шағым 2026 жылғы 1 сәуірде берілген, ал оны қарау 27 сәуірге белгіленген.
Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігі жергілікті құзырлы органдарға ресми сұрау жолдаған. Сонымен қатар Дубайдағы Қазақстанның Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқаны хабарланды. Мәселе министрліктің бақылауында.
Ашық деректерге сүйенсек, Ернұр Алмахан 2024 жылдың қыркүйегінде жұмыс істеу мақсатында Дубайға барған. Бұған дейін ол Алматы қаласындағы мекемелердің бірінде бармен болып еңбек еткен. Кейін Дубайда такси жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан.
Ернұрдың анасы Нұргүл Алмаханова ұлының қылмысқа қатысы бар екеніне сенбейтінін айтып, оның жала жабылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ұлы отбасымен үнемі байланыста болып, әр екі-үш күн сайын хабарласып тұрған. Соңғы рет 2025 жылғы жаңа жыл қарсаңында сөйлескен. Кейін ол қылмыстық іс бойынша күдікті атанғанын хабарлаған.
Ол өзінің кінәсіз екенін айтты. Жақында босап шығамын деді. Бірақ нақты не үшін айыпталғанын түсіндірмеді, – деді анасы.
Кейінірек Ернұр тергеу изоляторынан хабарласып, тағы да кінәсіз екенін айтқан. Содан кейін байланыс толық үзілген.
2026 жылғы 14 сәуірде ата-анасына ресми хат келіп, онда 18 наурызда бірінші сатыдағы соттың өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарғаны көрсетілген.
Кейбір дереккөздердің мәліметінше, Ернұр Алмахан 2025 жылғы жаңа жыл түні Дубайда Түркия азаматының вилласына жасалған қарулы шабуыл ісіне байланысты болуы мүмкін. Ақпаратқа сәйкес, бес адамнан тұратын топ жеке үйге кіріп, үй иесі мен оның жұбайына пышақ жарақатын салып, шамамен 1,2 миллион дирхам қаражатты алып кеткен.
Марқұмның туыстары жас жігіттің кінәсіз екенін айтып, апелляциялық соттан әділ шешім күтетіндерін жеткізді.
Ол әрдайым сабырлы, еңбекқор бала болды. Мұндай қылмысқа баруы мүмкін екеніне сенбеймін, – деді анасы.