Елордада футболдан Қазақстан кубогы аясында «Астана» мен «Тобыл» кездесіп, қостанайлық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті. Футбол сарапшылары қостанайлық ұжым ел кубогында барын салмаса, еурокубокке жол жоқ екенін жарыса жазған-ды. Жақында «Тобылдың» бас бапкері ауысты. Нұрбол Жұмасқалиевтың орнына белорус маман Мирослав Ромащенко келді. Олар көп өтпей «жаңа» құраммен ширек финалға өтті.
Елордадағы ойын
Иә, «Астана-Аренада» өтетін матчта «Тобылдың» «мұрыннан қан кеткенше» ойнайтыны әуелден белгілі еді. Өйткені чемпионаттағы халі мүшкіл. Биыл «Қайрат», «Ордабасы», «Елімай», «Астана» ауыздық тістесіп тұр. Әрине, маусымның басы екенін ескерсек жағдай оңалуы мүмкін. Дегенмен қостанайлық клуб үшін Еуропаға төте жол – Қазақстан кубогы.
Ойында «Тобыл» сапынан Данил Устименко (қ), Аманжол Бақытжанов, Александр Марочкин, Мейрамбек Қалмырза, Кирилл Глущенков – Максим Мякиш, Дамир Марат, Данияр Үсенов, Александр Зуев, Амин Мохамет Талал,Рубин Хебай өнер көрсетті.
«Астана» болса Мұхаммеджан Сейсен (қ), Дмитрий Шомко, Нұрсат Нұрмұхамбет, Айтуар Төкен, Тимур Төкенов, Дінмұхамед Қараман, Нұрәділ Серіков, Санжар Ануаров, Асылбек Абдурасулов, Нұрәлі Жақсылық, Ннамди Аханонуды алаңға шығарады.
1/8 финал кездесуі 2:1 есебімен «Тобылдың» пайдасына шешілді. Жанкүйерлер «тағы да қызыл қағаз алар» деп топшылаған Талал матчта ойқастап жүріп, 7 минутта гол соғып кетті. Дегенмен олар қызыл қағазды дәл тапқан екен. Ойынның ортан белінде Данияр Үсенов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Хабейдің жарақаты да команданы біраз есеңгіретті. Дейтұрғанмен жігіттер Ромащенконың тапсырмасын орындаған сияқты. Матчтан кейін «Тобылдың» бас бапкері Мирослав Ромощенко жеңістің оңай келмегенін айтып, сұхбат берді.
«Нәтиже – Жұмасқалиевтың жұмысы»
21 сәуірде Нұрбол Жұмасқалиев «Тобылдың» бас бапкері ретінде қызметінен кеткені туралы ресми хабарланды. Ол шешімді өз еркімен қабылдағанын жазды. Жаңа бапкер клубты жаңа деңгейге көтеретініне сенетінін айтты.
Қазір команда жағдайды түзетіп, қиын кезеңнен шығып, турнирлік кестеде жоғары көтеріледі деп сенемін. «Тобылға» барлық турнирде сәттілік және жаңа жеңістер тілеймін, – деп жазды Нұрбол Жұмасқалиев.
Артынша 22 сәуірде клуб белорус маманы Мирослав Ромащенконың команда тізгінін ұстағанын мәлімдеді. Одан кейін «Тобыл» «Каспийге» қарсы матчта жеңіске жетті. Ромащенко бұл жеңістің артында Жұмасқалиевтың еңбегі тұрғанын айтты.
Бұл жеңіс – Жұмасқалиев пен клубтан кеткен оның көмекшілерінің еңбегі. Біздің жұмысқа кіріскенімізге аз ғана уақыт болды. Сондықтан «Тоболды» алға сүйреген мамандардың еңбегін атап өткен дұрыс. Тіпті, жағдайдың осылай өрбігеніне өкінішім бар. Нұрбол менің оған деген көзқарасымды жақсы біледі, біз үнемі мәселелерді бірге талқылап жүрдік. Өмір болған соң, эмоция мен күйзеліс қатар жүреді. Нұрбол бір күні міндетті түрде оралады деп сенемін. Мен оның Данияр Мұқановпен бірге командада қалуын қаладым, – деп айтты Ромащенко.
Жұмасқалев айтқандай, Ромащенко клуб тізгінін ұстаған екі ойында да жеңіске жетті. «Астанамен» өткен матчтан кейін жаңа құрам жасақтағанын, мұнысы чемпионатта көмектесе ме, жоқ па алда сынап көретінін айтты.
Біздің командамен жұмыс істеп жатқанымызға бар болғаны бес күн болды. Сондықтан дәл қазір кейбір нюанстар мен ұсақ-түйектерге назар аударып, ойыншыларға бағыт-бағдар беру маңызды. Оның үстіне, бүгін чемпионаттағы алдыңғы матчпен салыстырғанда алаңға мүлде жаңа құрам шықты. Бұл – олардың жаңа бапкерлер штабтың жетекшілігіндегі алғашқы ойыны. Жалпы, ойынға жаман кіріскен жоқпыз. Иә, допқа иелік ету жағынан басымдық таныта алмадық. Дегенмен, ә дегеннен ойлағанымыз басқа еді, – деді Ромащенко.
Жұмасқалиев неден жаңылды?
Десе де Жұмасқалиев клубтан кету туралы шешімі әлі де әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Оған ҚПЛ-дағы жеңілістер сериясы себеп болғаны анық. Оның үстіне ел чемпионатында «Ақтөбемен» өткен ойыннан соң баспасөз мәслихатына қатыспағаны тағы бар. Естеріңізде болса, Жұмасқалиев «Тобылға» бапкер болып келген жылы «Қайратпен» өткен ойыннан кейін баспасөз мәслихатына қатыспаған-ды.
«Жетісу» клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетовтың айтуынша, бапкер денсаулығына, отбасындағы суыт хабарға бола баспасөз мәслихатына қатыспауына болады. Ал Жұмасқалиев не үшін қатыспағанын сол күйі хабарлаған жоқ. Кейіннен ҚФФ оған салғырт қарағаны үшін айыппұл салды.
Нұрбол «Тобылда» жүріп бір кубок, бір суперкубок ұтты. Иә, эксперттер оның әлеуеті бұдан да жоғары жетістікке жете алатынын алға тартатын болар. Менің ойымша, ол бапкер ретінде жақсы жұмыс істеді. «Тобыл» үшін футболшы ретінде де, бапкер ретінде де көп еңбек сіңірді. Оның еңбегін жоғары бағалаймын, – деді Қайрат Нұрдәулетов.
Ендігі қызметі қандай?
Нұрбол Жұмасқалиевтың алда қай клубты баптайтыны белгісіз. Ол «Тобылдағы» көмекшісі Данияр Мұқановпен бірге жұмыстан кеткен. Өткен жылы Жұмасқалиев ұлттық құраманың бапкері болуға үміткерлер тізімінде болды. Қазір футболдан Қазақстан құрамасын Талғат Байсуфинов баптайды.
Әрине, Нұрболдың ұлттық құраманы баптауға білімі де, қауқары да жетеді. Құрама тізгінін ұстауға лайықты азамат. Футбол алма-кезек екенін ескерсек, егер Жұмасқалиевтың кандидатурасын ұсынып жатса, өзім басым қолдаймын, – дейді Қайрат Нұрдәулетов.
Нұрбол Жұмасқалиев «Тобылды» 2024 жылдың маусым айынан бастап жаттықтырды. Биылғы Қазақстан чемпионатында команда алты матч өткізіп, оның төртеуінде жеңіліп, екі ойында тең түсті.
Нұрбол Жұмасқалиев 1981 жылы 11 мамырда туған. Кәсіби мансабында «Нарын» (Орал), «Жетісу» (Талдықорған), «Тобыл» (Қостанай), «Астана», «Ертіс» (Павлодар) клубтарында доп тепті. Ол 2018 жылдан бері бапкерлік жолды таңдап, Қазақстан 21 жасқа дейінгі жастар, ұлттық құрамада бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарды.