Жүгіру трендке айналды: дәрігер марафонның қауіпті тұстарын айтты

 Ашық дереккөз
Фото: Ашық дереккөз

Соңғы жылдары жүгіру, әсіресе марафонға қатысу кең таралған үрдіске айналды.

Әлеуметтік желіде медаль тағып, ұзақ қашықтықты еңсергенін бөлісетіндер көбейді. Бір қарағанда, бұл – салауатты өмір салтына жасалған қадам. Бірақ осы трендтің екінші жағы да бар. Соңғы уақытта жарыс кезінде өзін жайсыз сезінгендер, тіпті қайғылы жағдайлар туралы хабарлар жиілеп барады.

Алдымен денсаулықты тексеру керек

Марафон – жай ғана жүгіру емес, ағза үшін үлкен сынақ. Сондықтан оған дайындық та соған сай болуы керек. Дәрігер-кардиолог, диетолог, медицина ғылымдарының докторы Наталья Сливкина ең алдымен денсаулықты тексеруден бастау қажет екенін айтады.

Марафон алдында медициналық тексерістен өту – міндетті. Әсіресе, бұрын спортпен айналыспаған адамдар үшін бұл өте маңызды. Жалпы қан мен зәр анализі, биохимиялық зерттеу қажет. Бірақ ең бастысы – жүрек-қантамыр жүйесін тексеру. Электрокардиограмма мен жүректің ультрадыбыстық зерттеуі міндетті түрде жасалуы тиіс, – дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, көп жағдайда қауіп сырт көзге байқалмайтын мәселелерден туындайды. Адам өзін сау сезінуі мүмкін, бірақ ағзадағы кейбір өзгерістер тек тексеріс кезінде ғана анықталады.

Қауіптің басты себебі неде

Кенеттен өлім жағдайларының көпшілігі анықталмаған жүрек-қантамыр ауруларымен байланысты. Жастарда бұл – туа біткен ақаулар болуы мүмкін, ал жасы үлкен адамдарда ишемиялық жүрек ауруы немесе гипертония әсер етеді, – дейді Наталья Сливкина.

Яғни мәселе тек жүктемеде емес, ағзаның дайындық деңгейінде.

Марафон бәріне бірдей арналмаған

Қазіргі таңда марафон көпшілікке қолжетімді болып көрінгенімен, бұл жүктеме бәріне бірдей сәйкес келе бермейді.

Марафон – әр адамға арналған спорт емес. Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, жоғары қан қысымы, сондай-ақ тірек-қимыл жүйесінің созылмалы мәселелері бар адамдарға қатысуға болмайды, – дейді дәрігер.

Сонымен қатар жас ерекшелігі де маңызды. Белгілі бір жастан кейін мұндай жарыстарға қатысу қосымша тексеріс пен сақтықты талап етеді.

Дайындық бір күнде болмайды

Ал марафонға дайындыққа келсек, бұл қысқа мерзімде шешілетін мәселе емес.

Егер адам бұрын спортпен айналыспаған болса, дайындыққа кемінде бір жыл қажет. Ал белгілі бір деңгейде жаттығып жүргендер үшін де кемінде алты апта жүйелі дайындық керек, – дейді маман.

Дайындықтың басты қағидасы – жүктемені біртіндеп арттыру. Бірден ұзақ қашықтыққа жүгіру ағзаға ауыр соққы болуы мүмкін. Сондықтан бастапқыда жаяу жүруден бастап, кейін жеңіл жүгіріске көшу ұсынылады.

Жүгіру тек жүрекке ғана емес

Жүгіру кезінде ағзаға түсетін салмақ тек жүрекпен шектелмейді. Буындар мен байламдар да үлкен жүктемеге ұшырайды.

Жалпы дамыту жаттығулары, бұлшықеттер мен байламдарды күшейту маңызды. Сонымен қатар дұрыс аяқ киім таңдау керек. Ыңғайсыз аяқ киім жарақатқа әкелуі мүмкін, – дейді дәрігер.

Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл тек қатысушының ғана емес, ұйымдастырушылардың да жауапкершілігі.

Жарыс кезінде медициналық қызметкерлер бүкіл дистанция бойында болуы керек. Жедел жәрдем көлігі, қажетті құралдар дайын тұруы тиіс. Сонымен қатар ауа райы жағдайы да ескерілуі қажет, – дейді Наталья Сливкина.

Ағзаның сигналын елемеңіз

Ең маңыздысы – адам өз ағзасын тыңдай білуі. Көп жағдайда қатысушылар мәреге жетуді басты мақсат етіп, денсаулығына мән бермей жатады.

Егер жүгіру кезінде бас айналу, жүрек қағуы, әлсіздік байқалса, бірден тоқтау керек. Мұндай белгілерді елемеу өте қауіпті,– деп ескертеді маман.

Марафон – шыдам мен дайындықты талап ететін үлкен сынақ. Оған тек тренд үшін емес, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған кезде ғана шығу керек. Әйтпесе, пайдалы әдеттің өзі қауіпті тәуекелге айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз