ЖСН алу қиындай ма? Қазақстанда жаңа талап енгізілмек

ЖСН алу қиындай ма? Қазақстанда жаңа талап енгізілмек
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру және түзету тәртібіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Ішкі істер министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі.

Құжатқа сәйкес, шетел азаматтарына ЖСН рәсімдеу немесе оған өзгерістер енгізу кезінде олардың Қазақстан аумағында заңды негізде жүргені тексеріледі.

Ол үшін өтініш берушілер туралы мәліметтер иммигранттардың эталондық деректер базасымен салыстырылады. Осылайша, мемлекеттік қызмет көрсету барысында Ішкі істер министрлігі шетел азаматының Қазақстанда болу немесе тұру заңдылығын анықтай алады.

Ведомствоның түсіндіруінше, ұсынылып отырған өзгерістер ЖСН рәсімдеу кезінде пайдаланылатын мәліметтердің дұрыстығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұйрық жобасы цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулер аясында әзірленген. Құжатты қоғамдық талқылау 28 қазанға дейін жалғасады.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі шетел азаматтары ЖСН рәсімдеуді қоса алғанда, бірқатар көші-қон қызметін жаңа мобильді қосымша арқылы ала алатынын хабарлаған болатын.

ЖСН-ді заңсыз беру схемасы анықталған

Еске салайық, бұған дейін Астанада шетел азаматтарына ЖСН-ді заңсыз беру схемасы әшкереленген еді. Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру үшін сыбайлас жемқорлық тетіктері мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қолжетімділік пайдаланылған.

Заңнамаға сәйкес, шетелдіктерге ЖСН тек Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы рәсімделуі мүмкін. Алайда тергеу деректеріне сүйенсек, 2024–2025 жылдары осы талаптарды айналып өтуге мүмкіндік берген схема жұмыс істеген.

ҚМА мәліметінше, заңсыз қызметке шетел азаматтарын тарту үшін әлеуметтік желілердегі арналар пайдаланылған. Олар ЖСН-ді қашықтан алуға мүдделі адамдарды іздеген.

Агенттік дерегінше, схемаға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері де тартылған. Олар Халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН рәсімдеуге арналған жалған өтінімдер қалыптастырған.

ҚМА хабарлауынша, сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдарымен беріліп, схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған. ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке төлем жасау кезінде берілетін кассалық чектерге азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу ұсынылған еді.

Оқи отырыңыз