Жолда ішіңіз пыспайды: қай бағыттардағы пойыздарға Starlink орнатылды

Жолда ішіңіз пыспайды: қай бағыттардағы пойыздарға Starlink орнатылды
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутник интернетімен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 59 жолаушылар құрамында Starlink арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік бар. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» мәлімдеді.

Ұлттық тасымалдаушының дерегінше, бүгінде спутник интернеті 770-тен астам вагонда қолжетімді. Жоспар бойынша 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейін интернетпен жабдықталған пойыздар саны 124 құрамға дейін жеткізіледі. Нәтижесінде 50 бағыттағы 1 235 вагон спутник байланысымен қамтылмақ.

Қай бағыттарда интернет бар?

Қазіргі уақытта спутник интернеті мына бағыттар бойынша қатынайтын пойыздарда жұмыс істейді:

  • Нұрлы жол – Алматы;
  • Нұрлы жол – Өскемен;
  • Нұрлы жол – Орал;
  • Нұрлы жол – Петропавл;
  • Алматы-2 – Өскемен;
  • Қызылорда – Семей;
  • Ақтөбе – Алматы-1;
  • Маңғыстау – Ақтөбе;
  • Орал – Маңғыстау;
  • Ақтөбе – Қазалы;
  • Ақтөбе – Атырау;
  • Павлодар – Алматы.

Интернет жылдамдығы қандай?

Жолаушыларға интернеттің базалық пакетін тегін ұсыну қарастырылған. Оның жылдамдығы WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде хат алмасуға жеткілікті болады. Ал интернетті басқа мақсатта пайдалану үшін бөлек тарифтік пакеттер енгізу жоспарланып отыр.

ҚТЖ мәліметінше, спутник арнаның техникалық мүмкіндігі интернет жылдамдығын секундына 100 Мбитке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Төмен орбиталы спутник байланысын пайдалану теміржол желісінің шалғай учаскелерінде де интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады компания.

Жоба 2025 жылы сынақтан өтті

Қазақстанда пойыздарды спутник интернетіне қосу жобасы 2025 жылы сынақтан өткізіле бастады. Сол кезде Starlink және OneWeb технологиялары Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғыстау бағыттарында тексерілді.

Спутник байланысының басты артықшылығы – ұялы байланыс әлсіз немесе мүлде жоқ теміржол учаскелерінде де интернет ұсыну мүмкіндігі. Бұл әсіресе елді мекендерден алыс бағыттарда ұзақ сапарға шығатын жолаушылар үшін маңызды.

Бұған дейін цифрлық даму министрлігінің өкілдері барлық жолаушылар пойызын бірдей интернетпен жабдықтау техникалық тұрғыдан мүмкін емес екенін айтқан еді. Сондықтан жаңа технологияны ең алдымен заманауи вагондар мен тиісті техникалық мүмкіндігі бар құрамдарға енгізу көзделген.

Оқи отырыңыз