Жаңалықтар

Жол жылы: ШҚО-да биыл жүзден астам жоба жүзеге асырылады

Жол жылы: ШҚО-да биыл жүзден астам жоба жүзеге асырылады
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 26.03.2024 13:09 366

Биыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы болып жарияланды. Соған сәйкес облыста атқарылатын жол жөндеу жұмыстарының көлемі де, бөлінетін қаржысы да былтырғымен салыстырғанда екі есе артық болмақ. Барлығы жүзден астам жоба іске асырылады. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 600 шақырым облыстық, аудандық маңызға ие автокөлік жолы ретке келтірілмек. Еліміздегі ең ірі көпірдің құрылысы да биыл аяқталады.

Қош, жүзеге асып жатса жүзден артық жоба аз емес бір жылға. Шұрық тесік жолдардың біраз жері жамалып, темір тізгін ұстаған жұрт бір серпіліп қалатын болды. Оған қоса бұл жұмыстар туризмді тұғыр еткен Шығыс өңіріне турист тартуға да септігін тигізеді деп сенеді мамандар. Ең бастысы көршілес жатқан Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы сынды алпауыт мемлекеттер арасында халықаралық дәліз қызметін атқарып тұрған Шығыс Қазақстанда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету облыстың экономикасына оң ықпалын тигізері сөзсіз. 

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан болатын. Ел Президенті халықаралық сапа стандарттарына сай автокөлік жолдарының желісін қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударған.

Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Белгілі бір өңірдің ғана емес, тұтастай мемлекеттің дамуы жол-көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Демек Жол жылынан күтер үміт зор.

Жол жылы: ШҚО-да биыл жүзден астам жоба жүзеге асырылады

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Қазір Шығыс Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырым автокөлік жолы жатыр. Осының 1,2 мың шақырымы республикалық маңызға ие және ол «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қарамағында. Одан бөлек 1,6 шақырым облыстық, 2,4 шақырым аудандық маңызға ие жол бар. Осы жолдардың дені сапалы деуге келмейді. Әсіресе, облыстық, аудандық маңыздағы трассалардың жай-күйі көңіл көншітпейді. Атап айтсақ, облыс орталығынан Риддер, Семей қалаларына, Катонқарағай, Шемонайха, Марқакөл, Тарбағатай, Зайсан аудандарына апаратын, сондай-ақ ауданішілік жолдар жөндеуді қажет етеді. Жөндегенде де төселген асфальты көктемде қар суымен бірге «ағып кететіндей» ағымдағы жөндеу емес, бірнеше жыл бойы күрек тимейтіндей күрделі жөндеу жүргізілгенін қалайды жол азабын тартқан жолаушы жұрт.

Тұрғындармен кездесулерде көпшілік тарапынан өңіріміздегі жолдардың сапасына қатысты мәселе жиі көтеріледі. Бұл мәселе шынымен де өзекті. Біз оны білеміз. Сондықтан 2024 жылды Жол жылы деп жарияладық. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бес жылдық жоспар әзірленді. Онда облыс аумағындағы жөнделетін барлық жолдар мен көшелер, олардың аяқталу уақыты бәрі көрсетілген. Биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге бөлінетін қаржы 15 млрд теңгеге дейін өсті. Былтыр бұл сома 7 млрд теңге мөлшерінде болған, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша Жол жылы аясында өңірде жалпы сомасы 28,5 миллиард теңгенің жүзден астам жобасы іске асыралады.

Жол жылы: ШҚО-да биыл жүзден астам жоба жүзеге асырылады

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Осы қаржыға шамамен 600 шақырым жол жөндеу көзделіп отыр. Оның ішінде 220 шақырымнан астамы облыстық, 150 шақырымнан астам аудандық маңызға ие жол болса, 100 шақырымнан астамы елді мекен ішіндегі көше жолдары. Бұған қоса «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы аясында 80 шақырымнан астам жол, қалалар мен аудандардың бюджеті есебінен 29 шақырым жол ретке келтіріледі, – деп түсіндірген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиев жол жөндеуде бірінші кезекте көлік ағыны көп трассаларға басымдық берілгенін атап өтті.

Айналма жолдың азабы

Басқарма өкілінің айтуынша, ең алдымен көлік көп қатынайтын, сондай-ақ елді мекендерге кіре беріс жолдар және туристік демалыс орындарына апаратын бағыттар назарға алынған. Мәселен, жаз маусымында хан базардай қайнап жататын, туристер көп келетін Сібе көлдері, Сарыбел, Бұқтырма жағалауы қатарлы демалыс орындарына барар жолдың сапасы жақсы деп айтуға келмейді. Бұл жақтарға ат басын бұратын демалушылар саны жылдан-жылға артып келе жатқанын ескерсек, қонақтардың діттеген жеріне шаршап, шалдықпай жетуіне жағдай туғызу өте маңызды. Осы орайда аталған демалыс аймақтарына апарар жолдардың сын көтермейтін учаскелеріне жөндеу өткізіледі. Атап айтқанда, Сарыбелге апаратын Өскемен-Тарғын-Самар бағытындағы трассаның Лайлы сайындағы (133-145 шақырым) учаске қалпына келтіріледі. 

Сол сияқты көлік ағыны жоғары Алтай ауданы аумағындағы Бұқтырманың жағалауына апаратын Октябрь айлағы-Алтайка-Новохайрузовка бағытындағы жолдың (10-25, 25-36 шақырымдары) учаскелері жөнделеді.  

Ал Сібе көліне келсек, Мамай батыр-Бозанбай трассасының 17-32 шақырым аралығына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Жол жылының қандай нәтиже беретінін жыл соңында көреміз. Мәселе, жөнделген жолдың ұзындығында емес, сапасында ғой. Былтыр төселген асфальт биыл қопарылып, ойлы-шұқыры шығып жататын жағдайлар аз емес. Біз қарапайым адамдар адал еңбегімізбен тапқан ақшамыздан салық төлеп отырмыз, бірақ соған сәйкес сапалы жолмен жүріп жүрген жоқпыз. Көлікке обал. Бір жазда жүріс бөлігінің қосалқы жабдықтарын екі рет ауыстырамыз. Қанша рет дөңгелек жарылып, мәшін қирап жолда қалдық. Соның бәрі сапасыз жолдың кесірінен. Қираған мәшіннің шығынын кім төлейді? Таксиші болған соң өміріміздің көбі жол үстінде өтіп жатыр. Жолдардың сырын жақсы білеміз. Қай жерде қандай шұңқыр барын жаттап алдық, – деді облыс орталығынан Тарбағатай, Зайсан аудандарына адам тасымалдап жүрген Кенжебай Нұрқасым.  

Иә, Өскеменнен Зайсан, Тарбағатай, Күршім аудандарына апаратын жолдардың сапасына айтылар сын көп. Әсіресе, құрылысы сиырқұймышақтанып кеткен республикалық Қалбатау-Майқапшағай трассасының қолданысқа берілмеуінен айналма жолмен жүріп жатқан адамдар жол азабын тартудай-ақ тартып келеді. Жазда шаңы аспанға көтеріліп, көктем мен күзде ми батпаққа айналатын айналма жолмен Зайсан, Тарбағатай аудандарының халқы неше жылдан бері қатынап жүр.

Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайына да салқынын тигізбей қойған жоқ. Жолдың жамандығы аталған аудандарда азық-түліктің қымбаттауына, жанармай, көмір сияқты басқа да қат тауарлар бағасының өсуіне әсер етті.

Абай облысына қарасты Қалбатау ауылынан шекара түбіндегі Майқапшағай бекетіне дейінгі жол шамамен 415 шақырым болады. Оның 218 шақырымы Шығыс Қазақстанның аумағына қарайды, яғни Тарбағатай ауданының Қарой ауылынан Майқапшағайға дейінгі аралық. Алайда бұл құрылыс екі облыс бірге болған кезде басталғандықтан Шығыс Қазақстан облысында 231 шақырымдай жол учаскесі қалып отыр. Осының бүгінде 207 шақырымына асфальт төселді, оның ішінде 178 шақырым жолмен көліктер жүріп жатыр, – деген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының бөлім басшысы Алмаз Қасенов республикалық маңызы бар бұл жолдың құрылысы биыл толық аяқталып, келер жылы қолданысқа берілетінін айтты.

Осы учаскеге жауапты мердігер қытайлық «Синьсин» компаниясы қаңтар айынан бастап биылғы құрылыс маусымына әзірлікті бастап кеткен. Қиыршық тас шығаратын қондырғылар дайындалып, ақпан айынан бері битум тасымалданып жатыр. Қар кетіп, жердің беті кепкен соң жұмыс қарқын алады.

Жол жылы: ШҚО-да биыл жүзден астам жоба жүзеге асырылады

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Қалбатау-Майқапшағай трассасынан Зайсан және Тарбағатай аудандарының ауылдарына апаратын жолдардың да жағдайы мәз емес. Аталған екі ауданның Ақжар, Қарасу, Шілікті ауылдарына қатынайтын жолдары да биыл жөнделеді.   

«Көпір салынса, көзіміз ашылады» дейді жұрт

Күршім ауданында Күршім ауылынан Марқакөл ауданының Қалжыр елді мекеніне дейінгі автожолдың бірнеше учаскесі (75-91, 91-106, 106-121 шақырымдары) қалпына келтіріледі. Былтыр бөлек аудан болып құрылып, тәй-тәй басқан Марқакөл үшін жолдың сапалы болуы әсте маңызды. Бұл өңір болашақта туризмді түлетіп, аудан экономикасының басты бағытына айналдыруды көздеп отыр. Тау басындағы Марқакөлді көргісі келетіндер елімізді қойып шетелден де табылады. Әсіресе, көрші Ресей мен Қытайдан келетін туристер жыл санап көбейіп келеді. Бұқтырманың үстінен көпір түссе Марқакөлге қарай маңдай түзейтіндер қатары одан да арта түспек.

Бұқтырма көпірін Шығыс өңірінің халқы тым ұзақ күтті. Әсіресе, Ертістің арғы жағындағы Күршім, Марқакөл аудандарының тұрғындарына өткелдің зары әбден өтті. Бұл өңірдің халқы облыс орталығына жету үшін жазда пароммен, қыста мұздың үстімен жүреді. Көктем мен күз маусымында бірнеше жүздеген шақырымды артқа тастап Зайсан, Үлкен Нарын аудандары арқылы екі айналма жолмен жүреді. Тәуекелге бас тігіп, көтем-күзде жұқарған мұздың үстімен жүріп, су түбіне кеткендер қаншама. Мәселен, дәл қазір Күршімге мұз өткелімен қатынауға тыйым салынған. Паром жүргенше айналма жолмен қатынайды жұрт.

Жол жылы: ШҚО-да биыл жүзден астам жоба жүзеге асырылады

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Ес білгелі пароммен қатынап келеміз. Қыста мұзбен жүреміз. Жазда кейде екі паромның бірі бұзылып, тоқтап қалады, сол кезде жағалауда кезек күткен халықтың нөпірін көрсеңіз. Кезекке таласып бір-бірінің жағасынан алады. Айғай шу, ұрыс, тіпті төбелесіп те қалады. Енді қайтеді, бәрі де жолдан қалғысы келмейді ғой. Біреу топыраққа, біреу тойға, біреу шұғыл шаруамен бара жатады дегендей. Ең қиыны күз бен көктемде. Мұз жұқарады. Соған қарамай мұз үстімен төтелей тартатындар болады. Бірақ мұның соңы көп жағдайда суға батумен аяқталады. Қаншама адам суға кетті, қаншама көлік су түбінде жатыр. Көпір салынып бітсе көзіміз ашылар еді. Күндіз-түні алаңсыз қатынай береміз, – дейді күршімдік Әділ Сәкенұлы. 

Бұқтырма су қоймасына бір көпірдің қажеттігі көп жылдан бері айтылып келген еді. 2019 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салуға қаражат бөлуді тапсырды. Мұндай жағымды жаңалықты естіген өңір халқы бөркін аспанға атып қуанды.

Бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, көпір құрылысы 2021 жылдың ақпанында басталды. Әуел баста жобаның құны 30,2 млрд теңге болатын, кейін құрылыс материалдары қымбаттауы себепті 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп, құны 61,4 млрд теңге болды.

Бұл еліміздегі су үстінен салынған ең ұзын көпір. Алдын ала жүргізілген есепке сүйенсек, екі жолақты көпірмен тәулігіне 80 мыңға көлік жүре алады.

Алып құрылыс нысанының тағы бір артықшылығы сумен жүзетін кеме, баржа, паромдардың арлы-берілі қатынауна ешқандай кедергі болмайды.

Былтыр желтоқсан айының соңында су қоймасының екі жағалауынан қатар басталған технологиялық өткелдің құрылысы аяқталып, көпір түйіскен. Технологиялық көпірдің қолданысқа берілуі негізгі құрылыс жұмыстарын жылдам жүргізуге мүмкіндік берді.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастауды тапсырған. Жұмыс 2021 жылы басталды. Жоспардағы мерзімде көпір іске қосылады деп үміттенеміз. Бүгін технологиялық көпір түйісті. Бұл құрылыс қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Көпір бәріміз үшін, ең әуелі шалғайдағы шекаралас аудандардың тұрғындары үшін стратегиялық маңызға ие. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі, – деген болатын былтыр технологиялық көпір іске қосылған кезде облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Бұқтырма көпірінің құрылысы қысы-жазы тоқтаусыз жүріп жатыр. Стратиегиялық нысан келер жылы пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Құрылысқа жергілікті жұмысшылармен қатар еліміздің әр өңірінен білікті мамандар шақыртылып, еңбек етіп жатыр. Алматыдан көпір құрылысының қыр-сырын жетік білетін инженерлер тартылған. 

Бүгінгі таңда құрылыс нысанында көпірдің негізгі тіректері орнатылып, кірме жолдар, су өткізу құрылыстары мен айналма жолдар ретке келтіріліп жатыр. Көпірдің жалпы ұзындығы 1316 метр, ені – 12,2 метр. Бір қапталында жаяу адамдар жүретін жол болады. Судан көпірдің көлденең арқалығына дейін 18 метр болады. Өткелдің астынан кемелер емін-еркін өте береді, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Юрий Чанов.  

Айта кетейік, Бұқтырма көпірі Көлік министрлігінің иелігіне беріліп, «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының балансына өткен. Ал құрылысты «ОблШығысЖол» мердігер мекемесі жүргізіп жатыр.

Облыс басшылығы көпірдің іске қосылуы Күршім және Марқакөл аудандарының дамуына оң ықпал ететінін айтады. Яғни, шалғайдағы аудандарға қатынас жақсарып, жүк және жолаушылар тасымалы жиілейді. Соған орай өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалар тың серпін алмақ.

Өскемен-Риддер жолы қысқара ма?

Жол жылы аясында Өскеменде де бірнеше ірі жоба іске асырылады. Қаладағы көлік кептелісін азайтып, қозғалысқа қолайлы жағдай туғызу мақсатында Жібек жолы, Базовая көшелері мен Сәтпаев, Есенберлин даңғылдары қиылысында үлкен жол айырығының құрылысы қолға алынған. Қазір жерді қазу, ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге мұнда айналма жол ғана түседі. Қаржыландыру көлеміне қарай кейін бірнеше деңгейлі үлкен жол айырығын салу жоспарда бар. Жобаның қажеттігі туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Былтыр Шығыс Қазақстанға көлік министрі Марат Қарабаев жұмыс сапарымен келгенде бастапқы кезеңде айналма жол салынатыны айтылған. Жыл басынан бері бұл жерде құрылыс қызу жүріп жатыр. Айналма жолмен бірге мұнда кейінірек бой көтеретін күрделі жол айырығының тағаны да қалана бастағанын көруге болады.     

Биыл айналма жолдың құрылысы аяқталады. Ал көпдеңгейлі эстакада қаржылық мүмкіндікке қарай салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігер компания «R.B.Company» ЖШС атқарып жатыр, - дейді Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ержан Ибраев.

Бұған қоса Базовая көшесі кеңейтілуде. Өйткені «Нұрлы жол» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуы, бұл аумақтағы халық санының өсуіне, жүріп-тұратын көліктердің көбеюіне әсер етті. Жоспар бойынша жолды кеңейті жұмысы биыл аяқталады.

Сонымен қатар облыс орталығында көпшілік жұрт «Шнайдер көпірі» атап кеткен Үлбі өзенінің үстінен салынған ескі көпірдің жөндеу жұмысы жуықта аяқталып, көліктер қатынай бастады.

Ертіс көпірінің астынан өтіп Пермитина көшесі мен Е.Славский жағалауын жалғайтын жолдың құрылысы да осы жылы тиянақталады.

Темір тұлпар тақымдаған жұрттың дені облыс орталығынан Риддерге, Шемонаиха мен Алтай аудандарына апаратын жолдардың нашарлығына шағымданады. Республикалық маңыздағы бұл трассаларды күтіп ұстау «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының міндеті. Дегенмен ұлттық компания биыл аталған бағыттағы жолдардың ой-шұңқыры көп учаскелерін қалпына келтіруді жалғастырады. Жалпы, «ҚазАвтоЖол» компанимясы Шығыс Қазақстан аумағында биыл республикалық маңызға ие 200 шақырым жолға жөндеу жүргізеді. Оның ішінде Өскемен-Семей, Өскемен-Риддер, Өскемен-Шемонаиха, Өскемен-Алтай бағытындағы трассалар бар. Тиісті техникалық құжаттар әзірленіп, қаражат қарастырылған. Кейбір нысандар бойынша конкурс та жарияланып қойған көрінеді.

Бұған дейін жоспарланған Өскемен-Риддер бағытындағы Тарханка мен Топиха арқылы жүретін төте жолдың да жобасы дайын. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы тиісті сараптамадан өткен. Жоба жүзеге асса екі қаланың арақашықтығы 42 шақырымға дейін қысқарады.

Жаңа жол Риддерге дейінгі аралықты 42 шақырымға қысқартады. Ол үшін Тарханка ауылынан Топихаға дейінгі жолды қалпына келтіріп, Топихадан Черемшанкаға дейін жол салу керек. Сондай-ақ көпір және теміржол өткелінің құрылысын жүргізу керек, – деп жазды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.

Жоба дайын. Ендігі мәселе қаржыға тіреліп тұр. Қазынадан қаражат бөлінсе құрылысты биыл бастап кетуге ешқандай кедергі жоқ екенін айтады мамандар.

Жол жылында жүзеге асырылатын жүзден астам жобаның бір парасы осындай. Бұл жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын жауапты басқарма қатаң бақылауында ұстап отырады. Ол үшін облыстық басқарма мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен арнайы келісім жасалған. Соған сәйкес жол құрылысында қолданылатын материалдардың сапасы тексеріліп, технологиялардың сақталуы қатаң қадағаланып отырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға