Жол, жылу, медицина және білім: депутаттар өңірлердегі өзекті түйткілдерді талқылады

Жол, жылу, медицина және білім: депутаттар өңірлердегі өзекті түйткілдерді талқылады
Фото: gov.kz

Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарында тұрғындармен кездесулер өткізуде.

Глубокое ауданында Құрылтай депутаты Ерлан Саиров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Касенов аудан активімен кездесті. Ал Риддер қаласына жұмыс сапарымен Құрылтай депутаттары Олжас Нуралдинов пен Жұлдыз Данбаева, ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов және ҚР Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев келді.

Кездесулер барысында «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Президент Жолдауының іске асырылуы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды.

Бүгінде Шығыс Қазақстан қарқынды дамып келеді. Төрт жаңа аудан құрылды, екі әуежайдың құрылысы жүргізілуде, еліміздегі ең биік көпір пайдалануға берілді, бірегей гематология орталығы жұмысын бастады, облыс орталығында көлік айрығы салынуда. Бұл жобалар өңірдің XXI ғасырдағы экономикалық үрдістерге сай туристік, көлік және цифрлық хабқа айналуына мүмкіндік береді, - деді Ерлан Саиров.

Кездесу барысында экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қаралды. Депутаттың айтуынша, алдағы үш жылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 6,5 трлн теңге бағытталып, 70 денсаулық сақтау нысаны және білім беру, мәдениет пен спорт салаларында 50 нысан салу жоспарланып отыр.

Аудан тұрғындары елдімекендерде медициналық пунктердің тапшылығы мәселесін көтерді.

Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қарастыру қажет. Жаңа медициналық пункттер салумен қатар, қолданыстағы нысандарды жаңғырту керек. Әлеуметтік инфрақұрылымды халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, озық қарқынмен дамыту маңызды, - деді Ерлан Саиров.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков мәселелерді көтерумен қатар, олардың шешу жолдарын іздестірудің маңыздылығына тоқталды. Өзекті мәселелер қатарында коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды дамыту және жастарға қолайлы жағдай жасау бар.

Глубокое ауданының өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және адами әлеуеті зор. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі тұрақты назар аударуды талап етеді, - деді Денис Рыпаков.

Ол жылумен тұрақты қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауылдарды абаттандыру және сапалы ауызсумен қамту мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

Риддер қаласында өнеркәсіптік әлеует пен қалалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Олжас Нуралдинов қаланың өңір мен ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған маңызды өнеркәсіптік орталық екенін атап өтті.

Риддер дамып келеді, тау шаңғысы базалары салынып, инфрақұрылым жетілдірілуде. Тау-кен өнеркәсібі бұрынғысынша маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп, қалалық инфрақұрылымды ретке келтіру қажет, - деді депутат.

Ол сондай-ақ Президент Жолдауында көзделген әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамалар туралы баяндады.

Медицина саласында көп жылдық тәжірибесі бар Құрылтай депутаты Жұлдыз Данбаева денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесіне тоқталды. Риддерде жақында 200 орындық аурухана мен ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана ашылғанымен, медициналық кадрлардың тапшылығы өзекті мәселе болып отыр.

Басты міндеттердің бірі - медицина қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға арттыру. Сонымен қатар перинаталдық орталықтар мен қалалық ауруханалар салу жоспарлануда. Елімізде жыл сайын 330 мың бала дүниеге келетінін ескерсек, перинаталдық инфрақұрылымды дамыту айрықша маңызды, - деп атап өтті Жұлдыз Данбаева.

ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров 2026 жылғы 28 қазандағы Президент Жолдауында көлік саласын дамытуға қатысты белгіленген міндеттер туралы айтты. Басым бағыттар қатарында жолдардың сапасын арттыру, логистиканы дамыту, отандық тасымалдаушыларды қолдау, өткізу пункттерін жаңғырту және қызметтерді цифрландыру бар.

Қазақстан Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық орталығына айналуы тиіс. Ол үшін халықаралық көлік дәліздерін дамытып, ішкі және өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет, - деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.

Риддер тұрғындары Өскеменмен көлік қатынасына қатысты да сұрақтар қойды. Вице-министр бұл мәселелерді тиісті мердігер ұйымдарға жеткізуге уәде берді.

Бұдан бөлек, Олжас Нуралдинов кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы айтып, келесі жылдан бастап шағын және микробизнес үшін үш жылдық мораторий енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Глубокое ауданында және Риддер қаласында өткен кездесулер әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытудан бастап, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдауға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Тұрғындармен ашық диалог өзекті мәселелерді айқындап, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асырудың алдағы бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Абай облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов пен Құрылтай депутаты Айрат Базенов бастаған делегация келді. Сапар аясында қонақтар өңір жастары, студенттер және педагогтер қауымдастығымен бірқатар кездесу өткізіп, Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, оны жүзеге асырудың нақты қадамдарын талқылады.

Жұмыс сапарының алғашқы аялдамасы Шәкәрім университеті болды. Мұнда студент жастар мен профессор-оқытушылар құрамы қатысқан ашық диалог өтті.

Кездесуді ашқан «Шәкәрім университеті» КеАҚ басқарма төрағасы Думан Орынбеков Қазақстан халқына арналған жаңа Жолдауға қатысты қоғамдық талқылаудың стратегиялық маңызын атап өтті.

Біз Президент Жолдауының негізгі бағыттарын жан-жақты талқылап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу үшін жиналдық. Бүгінгі кездесуге Құрылтай депутаты Айрат Базенов пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов келіп отыр. Алдағы уақытта қазақстандық жастар үшін қандай жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер ашылатынын, соның ішінде мансаптық және кәсіби даму мәселелерін талқылаймыз, – деді Думан Орынбеков.

Өңірді дамыту тақырыбын жалғастырған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық бастамаларына тоқталып, олардың өңір тұрғындары үшін маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударды. Семей қаласында жолдардың жай-күйі, тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ су және жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті. Осыған байланысты Президент мұндай мәселелерді кешенді шешу үшін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу жөнінде тапсырма берді, – деді Нұртай Сабильянов.

Ал Құрылтай депутаты Айрат Базенов жасанды интеллект технологияларын дамыту мен цифрландыру мәселелеріне назар аударып, бұл бағыттардың жас мамандар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жастардың кәсіби дамуы, кадр даярлау сапасын арттыру және олардың өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласуы мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттердің бірі – экономиканың нақты сұранысына сай білікті мамандар даярлау екені айтылды.

Еркін пікір алмасу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Делегация өкілдері айтылған пікірлер мен ұсыныстар жинақталып, тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданатынын жеткізді.

Бұдан кейін делегация Семей қаласындағы Бизнес және сервис колледжіне барып, оқу орнының әкімшілігімен және педагогикалық ұжымымен кездесті.

Қазіргі қоғамдағы мұғалімнің рөлі мен білім беру саласын қолдауға бағытталған жүйелі шаралар туралы сөз қозғаған Нұртай Сабильянов педагогтердің ел болашағындағы маңызды рөлін атап өтті.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында білім беру саласына ерекше назар аударды. Осы бағытта бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Қазақстанда мұғалімдердің құқықтарын қорғауға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заң қолданыста. Дегенмен білім беру саласында қағазбастылық пен педагогтерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту мәселелері әлі де бар. Мұндай жағдайларды толық болдырмау үшін заңнаманы жетілдіріп, мұғалімдердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет. Педагог мәртебесі қоғамда ерекше орын алуы тиіс. Өйткені балаларымыздың білім сапасы тікелей мұғалімдердің еңбегіне байланысты, – деді Нұртай Сабильянов.

Отандық білім беру жүйесін жаңғырту тақырыбын жалғастырған Айрат Базенов инклюзивті білім беруді жүйенің даму деңгейін көрсететін маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өтті.

Президент 2026 жылғы 10 қазанға дейін педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау мәселелері бойынша кешенді ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Мұны аса маңызды қолдау шарасы деп санаймын. Бүгінде елімізде 7 миллионға жуық бала мен оқушы бар. Бұл – халықтың үштен біріне жуығы. Сонымен қатар инклюзивті және арнайы білім беруді қажет ететін балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазір олардың саны шамамен 237 мыңға жетті. Мемлекет әр баланың кедергісіз білім алуына, құрдастарымен бірге оқуына және жеке қажеттіліктеріне сәйкес қажетті қолдау алуына жағдай жасауы тиіс, – деп түйіндеді Айрат Базенов.

Талқылау қорытындысы бойынша педагогтер қауымдастығының өкілдері де өз пікірлерімен бөлісті.

Жолдауда айтылған педагогтерді қолдау және білім беру жүйесіне ерекше назар аудару шаралары бізге ертеңгі күнге сенім ұялатады. Мұғалім мәртебесін қорғау, артық есептіліктен арылту және инклюзивті ортаны дамыту мәселелерінің Президенттің жеке бақылауында болуы біз үшін өте маңызды. Бұл педагогтерге өз жұмысын сапалы әрі жауапкершілікпен жалғастыруға жігер береді, – деді педагогтер.

Оқи отырыңыз