Жасанды интеллект бүгінде көптеген тапсырманы орындай алады. Соның ішінде математика, химия және физика есептерін шығаруға да көмектеседі. Кейбір сервистер есептің суретін жүктесеңіз, шешу жолын кезең-кезеңімен көрсетеді. Ал енді бірі күрделі теңдеулерді есептеп, формулаларды түсіндіреді.
Оқу кезінде пайдалануға болатын алты сервисті назарларыңызға ұсынамыз.
Photomath
Photomath – күрделілігі әртүрлі математикалық есептерді шығаруға арналған қосымша. Оны пайдалану үшін есепті камерамен түсіріп, бағдарламаға жүктеу жеткілікті. Жасанды интеллект тапсырманы танып, оның шешімін қадам-қадамымен көрсетеді.
Қосымша iOS және Android құрылғыларында қолжетімді. Тегін нұсқасында есептің толық шешімін көруге болады, ал ақылы жазылым ережелер мен формулалардың түсіндірмелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Cymath
Cymath – математикалық есептерді шығарып, шешу жолын рет-ретімен түсіндіретін сервис. Есептің шартын қолмен енгізуге немесе суретке түсіріп жүктеуге болады. Бағдарлама ондағы әріптер мен сандарды танып, тиісті шешімді ұсынады.
Сервисті сайт арқылы да, iOS және Android қосымшалары арқылы да тегін пайдалануға болады. Ақылы жазылым жарнаманы өшіріп, есепті шығару кезінде қолданылған ережелерді түсіндіруге мүмкіндік береді.
Symbolab
Symbolab – теңдеулерді шешуге, туынды мен интегралды есептеуге және басқа да математикалық тапсырмаларды орындауға арналған онлайн-калькулятор. Пайдаланушы есептің шартын енгізсе, сервис жауабын шығарып береді.
Әзірлеушілер Symbolab-ты «қалтаңыздағы жеке математика мұғалімі» деп сипаттайды. Ол математиканың көптеген тақырыбын қамтитындықтан, жоғары сынып оқушыларына да пайдалы болуы мүмкін.
Сервис сайтта, сондай-ақ iOS және Android қосымшаларында қолжетімді. Ақылы жазылым есептің шешілу жолын кезең-кезеңімен көруге мүмкіндік береді.
NiceBot
NiceBot – GPT-4 және GPT-3.5 жасанды интеллект модельдеріне негізделген математикалық есептерді шығаруға арналған сервис. Әзірлеушілердің айтуынша, оның алгоритмдері пайдаланушылар ұсынған мысалдар арқылы үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл жауаптардың дәлдігін арттыруға бағытталған. Алайда бұл сервисте есептің суретін жүктеу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан тапсырманың шартын мәтін түрінде енгізу қажет.
NiceBot Premium ақылы нұсқасын пайдалану үшін қосымша сұраулар пакетін сатып алу керек. Бағасы – 500 сұрауға 5 мың теңгеден басталады. Әзірлеушілер премиум нұсқаның базалық нұсқадан «10 есе ақылды» екенін мәлімдейді. Сондай-ақ бұл нұсқада жауаптардың көлемі үш есе ұлғайып, оларды жасау жылдамдығы 45 пайыз артады, ал қателер саны 70 пайыз азаяды. Сервис сайт арқылы қолжетімді.
Mathway
Mathway – қарапайым теңдеулерден бастап, дифференциалдық және интегралдық есептеулерді қажет ететін күрделі математикалық тапсырмаларға дейін шығара алатын сервис. Есептің шартын суретке түсіріп жүктеуге немесе мәтін түрінде енгізуге болады.
Бұған қоса, Mathway химия мен физика есептерін де шығаруға көмектеседі.
Сервис сайтта және iOS пен Android қосымшаларында қолжетімді. Есептің жауабын тегін алуға болады, алайда оның шешілу жолын толық көру үшін ақылы жазылым қажет.
Wolfram Alpha
Wolfram Alpha – қуатты есептеу жүйесіне негізделген сервис. Ол математикалық қана емес, физика мен химияға қатысты есептерді де шығара алады. Пайдаланушы сұрағын енгізгеннен кейін сервис есептеу нәтижесі мен түсіндірмесін ұсынады. Сонымен қатар гуманитарлық пәндер бойынша тест сұрақтарының жауабын іздеуге де болады.
Wolfram Alpha сайты және iOS пен Android қосымшалары арқылы жұмыс істейді. Ақылы жазылым арқылы есептің шартын мәтінмен термей-ақ, сурет түрінде жүктеуге болады.
Нейрожелілерді тиімді пайдалану жолдары
Жасанды интеллект оқу процесін жеңілдетіп, күрделі тақырыптарды түсінуге көмектеседі. Дегенмен оны тиімді пайдалану үшін бірнеше жайтты ескерген жөн:
Әртүрлі сервисті байқап көріңіз. Кейбір қосымшалар белгілі бір есеп түрін жақсырақ шығаруы мүмкін. Сондықтан бірнеше нұсқаны салыстырып көрген пайдалы.
Әмбебап нейрожелілерді де қолданыңыз. ChatGPT, Claude және Gemini сияқты сервистерден де көмек сұрауға болады. Олардың жауаптарын арнайы есептеу бағдарламалары арқылы тексеруге мүмкіндік бар.
Шешу жолын мұқият оқыңыз. Тек дайын жауапты көшіріп алмай, есептің қалай шығарылғанын түсінуге тырысыңыз. Бұл тақырыпты жақсы меңгеруге көмектеседі.
Технологияға толық сеніп қалмаңыз. Нейрожелілер көмектескенімен, есеп шығару дағдысын өз бетіңізше дамыту және негізгі формулалар мен заңдылықтарды түсіну маңызды.