Жаңалықтар

Жол апатын онлайн тіркеу: ІІМ мән-жайды түсіндірді

Жол апатын онлайн тіркеу: ІІМ мән-жайды түсіндірді
Фото: © Polisia.kz 08.01.2024 09:01 520

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.

«Еурохаттама» арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:

1) Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;

2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;

3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.

Мобильді телефонға «Еурохаттама» қосымшасы арқылы оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді.

ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаевтың сөзінше, «Еурохаттаманың» артықшылығы мынадай:

Біріншіден. Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.

Екіншіден. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Үшіншіден. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға