Қазақстанның сыртқы саяси бағыты ресейлік саясаттанушылар мен халықаралық қатынастар саласындағы сарапшылардың назарын аударып келеді. Мамандар Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесіне, әлемнің жетекші державаларымен диалог орнату және Қазақстанның бастамаларын халықаралық алаңдарда ілгерілету қабілетіне назар аударды. Толығырақ El.kz материалында.
Көпвекторлы саясат – кәсіби дипломатияның нәтижесі
2026 жылғы тамызда Орталық Азия бойынша сарапшы, профессор, саяси ғылымдар докторы Андрей Казанцев Астанада өткен Ұлттық сараптамалық орталықтар форумында сөз сөйледі. Ол Қазақстанның сыртқы саясатын «үлкен жетістіктер саясаты» деп атап, оның табысты болуына Мемлекет басшысының жеке қасиеттері елеулі ықпал ететінін айтты.
Ресейлік саясаттанушының сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше тілді еркін меңгерген, түрлі мәдениеттер мен өркениеттерді жақсы түсінеді және сындарлы диалог орната біледі.
Казанцев елдің стратегиялық ресурсы ретінде көпвекторлы саясатты ерекше атап өтті. Бұл бағыт Қазақстанға Шығыс пен Батыстың жетекші мемлекеттерімен қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік береді. Сарапшының бағалауынша, мұндай саясатты ұстану жоғары кәсіби дайындық пен белсенді дипломатиялық жұмысты талап етеді.
Мүдделер тепе-теңдігі және стратегиялық әріптестік
Ресейлік саясаттанушы, Аналитика және стратегиялық коммуникациялар орталығының директоры Александр Дроговоз 2026 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің ұстанымын «теңселмейтін тепе-теңдік дипломатиясы» деп сипаттады. Ол Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты сақтай отырып, басқа да халықаралық серіктестермен белсенді байланыс орнатудың маңызын атап өтті.
Дроговоз Қазақстанның ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ аясындағы жұмысына назар аударды. Сондай-ақ сарапшы Қазақстан мен Ресей президенттері арасындағы тікелей саяси диалогтың өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша ортақ ұстаным қалыптастырудағы маңызын жоғары бағалады.
Қазақстан – халықаралық диалогқа қатысушы ел
Ресейлік саясаттанушы, Өңірлік проблемалар институтының ғылыми жетекшісі Дмитрий Журавлев 2026 жылғы қарашада Қазақстанның Орталық Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін бағалады. Ол республиканың географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті және өңірлік бірлестіктерге қатысуы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Журавлев Астананың мемлекеттер мүддесін үйлестіруге бағытталған дипломатиялық тәсілдерін де ерекше бағалады. Оның пікірінше, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты толыққанды стратегияға айналған. Бұл бағыт тепе-теңдікті сақтауға және ықтимал қақтығыстардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Сарапшы Қазақстанмен ынтымақтастықты Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті айқындайтын негізгі факторлардың бірі деп атады.
Ал ресейлік сарапшы Александр Ананьев Тоқаевтың Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына ықтимал қатысуына қатысты бастамасына ерекше тоқталды. 2026 жылғы қарашада жарияланған сұхбатында ол «ТМҰ+» форматын қарастыру немесе Мәскеуге бақылаушы мәртебесін беру туралы ұсынысты жоғары бағалады.
Сарапшының пікірінше, мұндай форматтар халықаралық келіссөздер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттер арасындағы тікелей байланысты нығайтады және Еуразия кеңістігіндегі түрлі қатысушылардың мүдделерін үйлестіруге көмектеседі.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының дипломатиялық ұстанымын БҰҰ жүйесіндегі жұмыс тәжірибесімен және көпжақты өзара іс-қимыл тетіктерін жақсы түсінуімен байланыстырды.