Жаңалықтар

Жиырмасыншы Мундиаль!

Биыл Бразилияда өтетін төртжылдықтың басты додасының финалдық кезеңіне 32 құрама қатысады. Олар сегіз топқа бөлініп сынға түседі.
13.05.2014 05:00 4776

Алаң қожайындары – Пентакампеондар

Биыл Бразилияда өтетін төртжылдықтың басты додасының финалдық кезеңіне 32 құрама қатысады. Олар сегіз топқа бөлініп сынға түседі.

 Жиырмасыншы Мундиаль!

А тобы: Бразилия, Камерун, Мексика, Хорватия;

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

 

В тобы: Испания, Чили, Австралия, Нидерланды;

С тобы: Колумбия, Кот'д-Ивуар, Япония, Греция;

 D тобы: Уругвай, Италия, Коста-Рика, Англия;

 E тобы: Швейцария, Эквадор, Гондурас, Франция;

F тобы: Аргентина, Нигерия, Иран, Босния және Герцеговина;

 G тобы: Германия, Гана, АҚШ, Португалия;

 H тобы : Бельгия, Алжир, Оңтүстік Корея, Ресей;

 

Біз бүгіннен бастап осы додаға қатысушы 32 құраманы таныстыруды бастаймыз. Әуелгі әңгімені әлем біріншілігін «А» тобынан бастамақшымыз.

 

Бес дүркін чемпиондар

Бразилия құрамасы

Бас бапкер: Луис Фелипе Сколари

Команда капитаны: Тиаго Силва

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Кафу (142)

Ең көп гол соққан ойыншы: Пеле (77)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 10

 

Футболды ағылшындар ойлап тапты дегенмен Бразилияның әлем футболындағы алатыны орны ерекше.

Семей жеріне футболға қажетті заттар енді келіп, алғаш команда құрылған кезде Бразилия өздерінің ұлттық құрамаларын жасақтап үлгерген екен. Тұңғыш кездесулерін ағылшынның «Экстер Сити» клубына қарсы өткізген. Жалпы ұлттық құрамасының алғашқы ойыны деп Аргентинаға қарсы матч есептелінеді. Бұл ойында өздерінің мәңгілік қарсыластарын 3:0 есебімен ұтып кетеді.

Бразилия 1916 жылдан бастап Оңтүстік Америка футбол Конфедерациясына (КОНМЕБОЛ) мүше болды. Кейіннен 1923 жылы ФИФА-ның құрамына өтті.

Тұңғыш рет футболдан 1930 жылы Уругвайда өткен әлем чемпионатына қатысқан құрамалардың бірі. Алғашқы екі әлем біріншілігі (1930 ж, 1934 ж) олар үшін сәтті бола қойған жоқ. Екеуінде де топтан шыға алмады. Ал 1938 жылы құраманың жалпы ойын өрнегінің деңгейінің әжептеуір өскені байқалды. Сол жолы олар жартылай финалға дейін жетті. Финалға берілетін жолдаманы Италиямен сарапқа салып, болашақ чемпионнан 1:2 есебімен ұтылып қалды. Үшінші орын үшін өткен бәсекеде Швецияны 4:2 есебімен жеңіп, Франциядан қола жүлдемен оралды. Құраманың негізгі шабуылшысы Леонидас Да Силва чемпионатта жеті доп соғып, үздік сұрмерген атанды.

Бүкіл әлемді соғыс өрті жайлаған соң, 1942 және 1946 жылдары әлем біріншіліктері болған жоқ. Кезекті төртінші чемпионатты 1950 жылы Бразилия өз жерінде өткізді. Соғыстан кейінгі біріншіліктің финалдық турниріне 13 құрама қатысты. Қатысқан құрамалар жеребе бойынша төрт топқа бөлініп, әр топтан үздік төрт құрама суырылып шықты. Осы төрт құрама бір-бірімен өзара кездесіп, ұпайы ең көп құрама чемпион атанды. Бразилия, Уругвай, Швеция, Испанияның арасындағы тартысты бәсекеде Уругвайдың бағы жанды. Бразилияға күміс бұйырды. Ал 1954 жылы Швейцарияда өткен әлем біріншілігі сәтсіз өтті. Зезе Морейра жаттықтырған құрама ширек финалда Венгриядан ұтылып, жарысты ерте аяқтайды.

1958 жыл. Футбол королі Пеленің жарқырап, жер жүзіне атағы жайылған кезең. Аладопқа ғашық жанның бәрі 17 жастағы қара баланың шеберлігіне тәнті болды. «Сантостың» 10-шы нөмірлі шабуылшысы төрт кездесуге қатысып, алты доп соқты. Шіркін қандай голдар десеңші! Топтық кезеңнен сүрінбей өткен болашақ чемпиондар ширек финалда Уэльс құрамасымен жолықты. Кездесудің 66-минутында Пеле осы біріншіліктегі алғашқы добын енгізді. Пеленің соққан жалғыз добы Бразилияның жартылай финалға шығуына жеткілікті болды. 24-ші маусым күні жартылай финалда Бразилия мен Франция кездесті. Осы ойында Пеле жастығына қарамастан өзінің шын дарын екенін жан-жақты көрсетті. Клод Абб қорғаған қақпаға үш бірдей гол кіргізіп, матчтың басты қаһарманы атанды. Жалпы ойын 5:2 есебімен Бразилияның пайдасына шешілді. Ақтық сында Бразилия алаң қожайыны Швециямен бас жүлдеге таласады. Бұл ойын да дәл жартылай финалдың көшірмесі секілді 5:2 есебімен аяқталды. Пеле дубль орындады. Бразилия өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.

1962 жылы Чилидегі әлем біріншілігінде екінші рет чемпион атанса, 1966 жылы топтан шыға алмады. Ал 1970 жылы Мекисикода үшінші рет чемпион болды. Футбол королі Пеле үш дүркін әлем чемпионы атанған тарихтағы тұңғыш әрі жалғыз футболшы.

Төртінші және бесінші чепиондық тәждерін Бразилия халқы ұзақ күтті. Сол 1970 жылдан 1994 жылға дейін жолдары бола қоймады. Буын алмасу процесі ұзаққа созылды. Пеле, Гарринчалардың орнын басатын жаңа таланттар күтілді. 1994 жылы АҚШ-та өткен төртжылдықтың басты додасында Бебето, Ромарио бастаған жігіттер Бразилия халқына төртінші чемпиондықты сыйлады. Ең соңғы бесінші чемпиондық атақтарын Оңтүстік Корея мен Жапониядағы біріншілікте жеңіп алды. Роналдо, Ривалдо, Рональдинью, Кака, Кафу, Жуниньо, Роберто Карлос секілді құраманың барлығы кілең жұлдыздардан құралды. Осы чемпионат барысында Роналдо сегіз доп соғып, өзіндік рекорд орнатты. Сондай-ақ әлем чемпионатының финалдық кезеңінде 15 доп енгізген әзірге жалғыз футболшы.

Бразилия соңғы екі әлем біріншілігінде ширек финалдан әрі аса алмады. Енді өз жерлерінде қалайда аянып қалмауды көздейді. Сондықтан Неймар бастаған жас құрама алтыншы чемпиондық тәжді жеңіп алу үшін бар күштерін сарқуға дайын. Қазіргі кезде құраманы сол 2002 жылы бесінші чемпиондықты алып берген тәжірибелі бапкер Луис Фелипе Сколари жаттықтырады. Сколари 2013 жылы тізгінді қолға алғаннан кейін жаз айында өз жерінде өткен Конфедерация кубогында бас жүлдеге қол жеткізді. Финалда әлем және екі дүркін Еуропа чемпионы Испанияны 3:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

Әлем чемпионатының деңгейі Конфедерация кубогынан әлдеқайда жоғары. Сондықтан бапкерге де, футболшыларға да оңай соқпасы анық. Дегенмен Бразилия халқының футболмен тыныстайтыны, жанкүйерлерінің қызу қолдауы барлығы футболшыларға ерекше шабыт беруі тиіс.

Қазіргі құрам

Сколари қақпа кілтін  Канада чемпионатында өнер көрсететін «Торонто»  командасының қақпашысы Жулио Сезарға сеніп тапсыратыны белгілі. Еуропада ойнамаса да, Сезардың шеберлігі еш күмән турдырмайды. 34 жастағы қақпашы осы уақытқа дейін ұлттық құрама сапында 77 ойын өткізген. Егер қажет кезде  Джефферсон («Ботафого»), Витор («Атлетику Минейру»).

 

Бразилияның қорғаныс шебі нағыз жұлдыздардан құралған. Оң және сол қапталда Испания Примерасының қос алыбы «Барселона» мен «Реалдың» футболшылары Дани Алвес пен Марсело өз орындарын ешкімге оңайшылықпен бермейді. Ортада әлемнің ең мықты орталық қорғаушылары Тиаго Силва (ПСЖ) мен Давид Луис («Челси») бар. Бұлардан бөлек Данте, («Бавария»), Максвелл (ПСЖ), Энрике («Наполи»), Майкон («Рома») секілді қорғаушы әріптестерінің бірі жарақат алып қатардан шығып жатса, орындарын жоқтата қоймас.

Қорғаныс пен шабуылдың арасын жалғайтын дәнекер ойыншы деп негізінен Паулиньо («Тоттенхэм») мен Луис Густавоны («Вольфсбург») айтуға болады. Бұл екеуінен бөлек, Эрнанес («Лацио»), Рамирес («Челси»), Фернандинью («Манчестер Сити») керек кезде қол ұштарын беруге әзір. Ал Оскар, Виллиан (екеуі де «Челси»), Бернард («Шахтер ) бастаған қолды-аяққа тұрмайтын футболшылар алаңның кез келген бұрышында өнер көрсете алады.

Шабуыл шебінде құраманың қазіргі бас жұлдызы, осы әлем чемпионатында Бразилия халқы үлкен үміт күтіп отырған футболшы ол әрине – Неймар. Маусым басында «Барселонаға» ауысқан Неймар қазіргі кезде Еуропа футболына да бейімделіп келеді. Неймар негізінен сол қапталдан шабуылдауға бейім. Оң қапталда  Халк («Зенит») бар.  Ал орталық шабуыл шебі Фредтің мойынында. «Флуминенсе» клубының тәжірибелі шабуылшысы соңғы кездері ұлттық құрамада өте нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Фредтен бөлек, Бернард («Шахтер»)  Жо («Атлетико Минейро») кез келген сәтте алаңға шығуға дайын.

Бразилия 1930 жылдан осы уақытқа дейін барлық әлем біріншілігіне қатысқан жалғыз ұлттық құрама.

Бразилия ұлттық құрамасының жетістіктері:

Әлем чемпионаты:

Бас жүлде – 1958, 1962, 1970, 1994, 2002 жылдары

Күміс жүлде – 1950, 1958 жылдары

Қола жүлде –1938, 1978 жылдары.

Америка кубогы:

Сегіз дүркін чемпион – 1919, 1922, 1949, 1989, 1997, 2004, 2007 жылдары

Күміс жүлде – 1921, 1925, 1937, 1945, 1946, 1953, 1957, 1959, 1983, 1991, 1995 жылдары

Қола жүлде – 1916, 1917, 1942, 1959, 1975, 1979 жылдары

Олимпиада ойындары:

Күміс жүлде – 1984, 1988, 2012 жылдары

Қола жүлде –1996, 2008 жылдары

Конфедерация кубогы:

Бас жүлде – 1997, 2005, 2009, 2013 жылдары

Күміс жүлде – 1999 жылы

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

12 маусым. Сан-Паулу. Бразилия – Хорватия

17 маусым. Форталеза. Бразилия – Мексика

23 маусым. Бразилиа. Бразилия – Камерун.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға