Жаңалықтар

Жітіқарадағы "Пандора жәшігі": қауіп қайтсе сейіледі?

Жітіқарадағы "Пандора жәшігі": қауіп қайтсе сейіледі?
Фото: El.kz 12.06.2023 13:06 625

Жітіқара ауданында зиянды металдар көмілген саркофаг біртіндеп мүжіліп, қоршаған ортаға төндірер қаупі арта түскен. Бір қуантары, көптеген жыл бойы жергілікті жұрттың "бас ауруы" болып келген мәселеге көңіл бөліне бастады.

Өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастап, осы жерден алтын өндірілген. Ел ішінде "Балшық тау" аталып кеткен бұл дөң сол кен қалдықтарының көмбесі. Құрамында ауыр металдардың  тұздары мен сынабы бар зиянды қалдықтар 1970 жылдары саркофагпен жабылған. Жітіқаралықтар оған қайтадан күрек салуға болмайтынын бұрыннан біледі. Алтын қазамын деп келген талай пайдакүнем фирмалардың жолын бөгеп, бетін қайтарған да — осындағы жұрт. Өйткені "тау" астындағы химиялық металдар ауаға тарап, ауыз суға қосылса, салдары орны толмас экологиялық апатқа әкеледі. Әсіресе, ел еміп отырған Шортанды өзені уланса, жағдай мүшкіл болмақ. Ал бұл өзеннің Тобылға құятынын ескерсек, мәселе одан сайын ушығып кетуі мүмкін.

Мұндай қауіптің бар екені ертеден айтылып келеді. Алаңдаулы халық бұл мәселені үнемі көтеріп жүр. Тұрғындар зиянды заттар сыртқа шығып кетсе, заһар жұтып, зәр ішеміз бе деп қорқады. Бір қуантқаны, аудан әкімі соңғы кездесуінде осы мәселені шешуге қомақты қаржы бөлінгенін айтты. Дұрыс, уақыт өткізбей мұның шешімін табу керек, — дейді осы мәселеден хабары бар аудан тұрғыны, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаңылдық Әлмұхамедова.

Саркофаг Жітіқараның ел "ескі қала" деп атайтын бөлігінде жатыр. Мұнда әлі де бір шоғыр түтін бар. Жасынан жасамысына дейін Балшық таудың қандай сыры барын бес саусағындай біледі. Қаупінен сезіктенген жұрт соңғы жылдары бұл жайт туралы қоғамдық жиындарда үн қатып жүр. "Бүрген жерден бүрге шықпасын" деп, уәждерін бүкпесіз айта бастаған. Алғашқы болып осы мәселені қозғаған жергілікті белсенділердің бірі Светлана Линник жағдайдың жылма-жыл нашарлап бара жатқанын жасырмайды.

Саркофаг жауын-шашыннан, жел эрозиясынан көз алдымызда шөгіп, үгіліп барады. Кей тұстарындағы жарықтарының тереңдігі 9 метрге жетеді. Ондағы бетондарды ішкі жағынан тіреп тұрған шпалдар – ағаштан. Дәл қазір еріген қар осы үйіндінің астынан шығып, Шортанды өзеніне құйып жатыр. Мұнда мышьяк, сынап, күкірт диоксиді, цианидтер, аммиак, азот диоксиді секілді толып жатқан зиянды заттар бар. Жалпы, бұл — кезек күттірмейтін мәселе, — дейді ол.

Экологтар ең бірінші 1990 жылы және 2017-2018 жылдары Жітіқараға арнайы барып, ауада, суда және топырақта зиянды металдардың бар-жоғына зерттеу жүргізген. Алғашқы дылы ұзын-ырғасы 200-ден астам сынама алыныпты. Ол кездері суда нитрит, темір, қорғасын, сульфат, хлорид, магний секілді химиялық заттардың көбейіп кеткені, ауада мышяктың бары анықталған. Ал 2019 жылы зерттеу жұмысы жалғасын тапқанымен, сынамалардың мерзімі өтіп, құрылғылардың істен шығуына байланысты анализ жасау аяқсыз қалған. Кезекті зерттеу жұмыстары былтыр қолға алынуға тиісті еді. Алайда техникалық құжаттары "сиырқұйымшақтап", конкурс тежеліп, жоба осы жылға шегерілді. Бұл жұмыстарға тапсырыс беруші – Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы

2022 жылы сәуір айында зерттеу жұмысымен айналысатын компаниялар арасында конкурс жарияланды. Мердігер анықталған соң жұмыс та басталды. Мақсат – жаңадан топотүсірілім жасау. Балшық тау төңірегінде судан, ауадан және топырақтан алынатын сынамалар көлемі көбейеді. Мамандардың айтуынша, зерттеу әлі жүргізіліп жатыр, әр мезгілде жүргізіліп, химиялық заттардың қоршаған ортаға әсері сарапталады. Соған сәйкес жұмыстың қаржылық шығыны да ұлғайды, — дейді аталған басқарманың Табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің басшысы Светлана Арсентьева.

2021 жылы зерттеу жұмыстарына 9,5 млн теңге қажет делінген еді. 2022 жылы бұл сома атқарылар жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты 21,643 млн теңгеге өскен. Оның 17,1 млн теңгесі осы жылы шығындалса, 4,466 млн теңгесі 2023 жылы игерілуі тиіс болды.

Жалпы, облыстық Экология департаментінің мәліметінше, "Балшық таудың" қоршаған ортаға әсерін ұдайы қадағалауда ұстап отыр. Департаменттің сынақ зертханасы жыл сайын мониторинг жүргізеді. Соңғы деректер бойынша, экологияның ластану белгілері байқалмаған. Ал бүгіндері ауадағы сынап пен мышяктың бар-жоғына сынама жүргізу мүмкін емес. Өйткені оған арнайы құрылғы жоқ немесе істен шыққан болуы мүмкін, - деп толықтырды С.Арсентьева.

Ендігі үміт қалайда ғалым мамандардың қолында тұр. Олар терең зерттеу жүргізіп, мәселені тап басып айтар деген сенім бар. Анализ қорытындылары шығарылғаннан кейін ғана бұл нысанның "тағдырына үкім шығарылып", қандай амал жасалатыны белгілі болады. Зерттеу жұмыстары биыл аяқталады. Бұл жөнінде Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегеновтің де пікір сұрап білдік.

Шын, бұндай мәселенің бар екені жасырын емес. Жітіқаралық белсенділер соңғы 5-6 жыл көлемінде осы мәселені көтеріп келеді. 2020-2021 жылдары бірнеше рет бюджеттік өтінім жасадық.Бұл, негізі облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзіретінде. Осы мекеме былтыр облыстық бюджет есебінен 21 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу ұйымдастырды. Оны «НПК «Экоресурс» ЖШС ұтып алды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап бақылау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жылына төрт маусым олар ауаны, суды және жерді тексерулері, сынамалар алулары керек. Біз бұл мамандармен тоқсан сайын кездесіп тұрамыз. Қала белсенділері де олармен қарым-қатынас ұстап отыр. Олар бізге осы жылдың қазан айына дейін толыққанды шешімін беруі тиіс. Солардың ұсынысы бойынша, біз ары қарай жұмысты жалғастырамыз. Саркофагты қайта саламыз ба, әлде басқа амалы бола ма, оны ғалымдар айтуға тиісті, - деп жауап берді аудан әкімі.

Жітіқараның қарапайым жұрты да осы мәселе түбегейлі шешілер деп үміттеніп отыр. Өйткені бұл шаруа бұдан әріге созылса, грек аңызындағыдай, ішіне кесір-кесел жасырып жатқан жітіқаралық "Пандора жәшігі" ашылып кетуі ықтимал. Ал оның залал-зардабымен күресу қияметке айналуы мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға