Жібек Құламбаева финалға өтті

 ҚТФ баспасөз қызметі
Фото: ҚТФ баспасөз қызметі

Теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Баотоу (Қытай) ITF W50 турнирінің финалына жолдама алды. 

Фаворит екенін дәлелдеді

Отандасымыз Жібек Құламбаева мен ресейлік Екатерина Рейнгольд осы турнирдің 2 ракеткалары болып тіркелген. Олар  жартылай финалда қытайлық Жангсу Хан – америкалық Эми Жуды жұбымен кездесті. Тартысты бәсекеде қазақстандық-ресейлік жұп (7:5; 6:1) жеңіске жетті. Бір сағат 8 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева – Рейнгольд 3 эйспен бірге 5 брейкке қол жеткізді.

Олар финалда  италиялық Дилетта Черубини – қытайлық Ченги Юань және корт иелері Мэйки Го – Цзин-Цзин Лу жұптарының қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады. 

Жұптық сында жарап тұр

Жібек Құламбаева 2016 жылы мансабын бастайды. Жекелей сында да, жұптық сында да өнер көрсетеді. Әсіресе, жұптық сында өзін суда жүзген балықтай сезінеді. Көбінесе топтырақ төсеніште (грунт) өткен жарыс оң жамбасына келеді.  2025 жылы алғаш рет Қытайдың Хужоу қаласында өткен WTA 125 турнирінде жұптық сында топ жарды. Дәл осы бағытта 37 ITF турнирінде жеңіске жетті. Әр жылы Григорий Ломакин, Вероника Эрьявец (Словения), Мартина Кубка (Польша), Сапфо Сакеллариди (Грекия), Екатерина Яшина (Ресей), Екатерина Рейнгольд (Ресей) жұп болды. Қазір осы разряд бойынша әлемдік рейтингте 161 орында тұр. 

 

 

 

Оқи отырыңыз