Жасанды интеллект дамыған сайын алаяқтар да жаңа айла-тәсілдерге көшіп жатыр. Бұрын қаскөйлер өздерін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырса, бүгінде адамның дауысын айнытпай салып, тіпті бейнесін қолдан жасауға көшкен. Соның салдарынан жақындарының дауысына сенген азаматтар қомақты қаражатынан айырылып жатыр. Мұндай алаяқтықтан қалай қорғануға болады? Қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздіктің маңызы қандай? El.kz интернет басылымының тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп, заңгер, қаржыгер және ақпараттық қауіпсіздік аудиторы мамандарынан пікір алды.
Жақында бір зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, 3,5 миллион теңгесінен айырылған. Қаскөйлер жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, оның баласының дауысын айнытпай салып, телефон арқылы хабарласқан. Бейнесін көрсетпеген олар зейнеткерді сендіріп, қомақты қаражатты аудартып алған.
Бұл – алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың бірінің ғана оқиғасы. Бүгінде осындай айла-тәсілдерге алданып, жиған-тергенінен айырылып жатқан адамдар аз емес. Технологияның дамуы қаскөйлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, тіпті ең жақын адамның дауысына сенудің өзі қауіпті жағдайға айналып отыр.
Жақын адамның дауысы енді сенімді дәлел емес
Ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепинаның айтуынша, жасанды интеллект телефон алаяқтығын бұрынғыдан да қауіпті ете түсті. Себебі қазір қаскөйлер адамның дауысын ғана емес, сыртқы бейнесін де қолдан жасап, оның атынан сөйлесе алады.
Мұндай технология deepfake деп аталады. Ол жасанды интеллект көмегімен шынайы адамға ұқсайтын дыбыс немесе бейне жасауға мүмкіндік береді. Кейбір жағдайда адамның бірнеше секундтық дауыс жазбасының өзі оның сөйлеу мәнеріне ұқсас дыбыс құрастыруға жеткілікті болуы мүмкін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Маманның сөзінше, бұрын адам телефондағы таныс дауысты естісе, оған күмән келтірмеуі мүмкін еді. Ал қазір мұндай сенімнің өзі қаржылық қауіпке әкелуі ықтимал.
Бұрын алаяқтар өздерін банк қызметкері немесе полиция өкілі ретінде таныстырса, қазір жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын, тіпті бейнесін қолдан жасап, жақын туысы сияқты сөйлесе алады. Мысалы, зейнеткерге баласының немесе немересінің дауысымен қоңырау шалып, «апатқа ұшырадым, тез арада ақша керек» деуі мүмкін. Мұндай жағдайда адам қорыққанынан дауыстың шынайылығын тексермей, ақшасын аударып жіберуі ықтимал. Ең қауіптісі – алаяқтар адамның технологияны білмеуін ғана емес, оның қорқынышын, сенімін және жақындарына деген сүйіспеншілігін пайдаланады, – дейді Лаура Тлепина.
Сарапшының пікірінше, мұндай қылмыстардан қорғану үшін тек жаңа технологияларды меңгеру жеткіліксіз. Ең алдымен адам күмәнді жағдайды ажыратып, ақпаратты тексеруді әдетке айналдыруы керек.
Мәселен, жақын адамыңыз телефон соғып, шұғыл ақша сұраса, әңгімені тоқтатып, оның өзіңіз білетін нөміріне қайта хабарласқан жөн. Егер байланыса алмасаңыз, жанындағы туыстарына, достарына немесе әріптестеріне қоңырау шалып, жағдайды анықтау қажет.
Өйткені алаяқтар көбіне адамға ойлануға уақыт бермеуге тырысады. Олар «қазір ақша аудармасаңыз, кеш болады», «бұл туралы ешкімге айтпаңыз» немесе «дереу көмектесуіңіз керек» деген сөздер арқылы қысым жасауы мүмкін.
Неліктен алаяқтар көбіне зейнеткерлерді нысанаға алады?
Қаржыгер Рүстем Тоқтаров егде жастағы адамдардың алаяқтарға алданып қалуына бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Оның бірі – жақындары үшін алаңдау.
Бұған цифрлық технологиялар туралы ақпараттың жеткіліксіздігі де әсер етеді. Кейбір зейнеткерлер жасанды интеллект арқылы адамның дауысын көшіріп, бейнесін қолдан жасауға болатынын білмейді.
Егде жастағы адамдар балалары мен немерелері үшін қатты уайымдайды. «Балаңыз апатқа ұшырады» немесе «Полицияға түсті» дегенді естігенде эмоционалды күйзеліске түсетіні түсінікті. Тағы бір маңызды мәселе – цифрлық сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Сондықтан отбасында жасанды интеллект пен дипфейк технологияларының мүмкіндіктерін түсіндіру өте маңызды, – дейді қаржыгер.
Рүстем Тоқтаров әлеуметтік оқшаулану мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, жалғыз тұратын немесе айналасындағы адамдармен сирек араласатын зейнеткерлердің күмәнді ақпаратты бірден жақындарымен талқылауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан алаяқтықтың алдын алу тек банктер мен құқық қорғау органдарының міндеті болып қалмауы керек.
Ата-анаға смартфон қолдануды үйретумен шектелмей, күмәнді қоңырауларға қалай жауап беру керегін нақты мысалдар арқылы түсіндіру қажет.
Ақша сұраған адамға сенбес бұрын не істеу керек?
Қаржыгер Рүстем Тоқтаров жақын адамның атынан ақша сұраған қоңырау түскенде ең алдымен асығыс шешім қабылдамауға кеңес береді. Егер телефондағы адам өзін балаңыз немесе басқа туысыңыз ретінде таныстырып, шұғыл ақша қажет екенін айтса, бірден аударым жасамаған дұрыс. Алдымен сол адаммен басқа байланыс арнасы арқылы сөйлесуге тырысу керек.
Мұндай жағдайда телефон тұтқасын қойып, атынан хабарласқан адамға дереу байланысқа шығу қажет. Егер оған хабарласу мүмкін болмаса, жанында болуы ықтимал жолдасына, танысына немесе жұбайына қоңырау шалған жөн. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарын да хабардар ету керек. Ең бастысы, мұндай жағдайларды отбасында талқылап, үйдегі үлкендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген абзал, – дейді ол.
Қаржыгер күмәнді нөмірді бұғаттауға, қажет жағдайда банкке хабарласуға және өздігінен әрекет ету қиын болса, жақын адамдардың көмегіне жүгінуге кеңес береді.
Ал Лаура Тлепина отбасы мүшелерінің арасында алдын ала арнайы құпия сөз келісіп алуды ұсынады. Мысалы, біреу балаңыздың атынан хабарласып, шұғыл ақша сұраса, тек отбасы мүшелеріне белгілі сөзді сұрауға болады.
Дегенмен бұл тәсіл де толық кепілдік бермейді. Өйткені құпия сөз өзге адамдарға белгілі болып қалуы мүмкін. Сондықтан оны қосымша тексеру амалы ретінде ғана қолданған жөн.
Біздің мақсатымыз – ата-анамызды технологиядан қорқыту емес, оларға күмәндануды және ақпаратты тексеруді үйрету. Тіпті телефондағы дауыс өз балаңыздың дауысына қатты ұқсаса да, қоңырауды тоқтатып, өзіңіз білетін нөмірге қайта хабарласу керек, – дейді ақпараттық қауіпсіздік аудиторы.
Алаяқтарға аударылған ақшаны қайтаруға бола ма?
Алаяқтықтың құрбаны болған азаматтарды мазалайтын басты сұрақтың бірі – жоғалған қаражатты қайтару мүмкіндігі.
Ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепинаның айтуынша, мұндай жағдайда шешуші рөлді уақыт атқарады. Өйткені алаяқтар түскен ақшаны басқа шоттарға аударып немесе қолма-қол ақшаға айналдырып үлгеруі мүмкін. Сондықтан азамат алданып қалғанын түсінген сәттен бастап дереу әрекет етуі қажет.
Ең маңызды фактор – уақыт. Біріншіден, дереу банкке хабарласып, операцияның алаяқтық салдарынан жасалғанын айту керек. Банктен транзакцияны тоқтату немесе қаражатты бұғаттау мүмкіндігін тексеруді, алушы банкке шұғыл хабар беруді сұрау қажет. Екіншіден, 102 нөміріне қоңырау шалып, полицияға арыз беру керек. Үшіншіден, ақша аударымының түбіртектерін, телефон нөмірлерін, хабарламаларды, аудио және бейнежазбаларды сақтау маңызды, – дейді сарапшы.
Маман Қазақстанда алаяқтық операциялардың алдын алуға бағытталған Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл жүйе банктер мен құқық қорғау органдары арасында күдікті қаржылық операциялар туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Лаура Тлепина келтірген мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Антифрод-орталықтың көмегімен 2,8 миллиард теңге көлеміндегі күдікті операциялар бұғатталып, зардап шеккен азаматтарға 500 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Алайда бұл барлық жағдайда ақшаны қайтаруға болады деген сөз емес. Әр оқиғаның мән-жайы жеке қаралады. Егер ақша алушының шотында сақталса, оны бұғаттау мүмкіндігі жоғарырақ. Ал қаражат бірнеше шотқа бөлініп немесе қолма-қол шешіліп алынса, қайтару процесі күрделене түседі.
Алаяқтарға алданып қалғаныңызды түсінсеңіз, ұялмаңыз және уақыт жоғалтпаңыз. Әрбір минут маңызды. Қаражатты қайтару мүмкіндігі бар, бірақ ол ақшаның қайда және қаншалықты жылдам аударылғанына байланысты, – дейді Лаура Тлепина.
ЖИ арқылы алдаған қылмыскерді анықтау қаншалықты қиын?
Жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасау қылмысты тергеуді де күрделендіреді. Лаура Тлепинаның түсіндіруінше, жасанды аудио немесе бейнені анықтау мен оны жасаған қылмыскерді табу – екі бөлек міндет.
Бірінші жағдайда мамандар дыбыс пен бейнематериалдың техникалық сипаттамаларын, өзгертілу белгілерін және бастапқы деректерін зерттейді. Ал екінші жағдайда телефон байланыстары, интернеттегі әрекеттер, банк операциялары және басқа да цифрлық іздер қаралады.
Жасанды интеллект арқылы жасалған алаяқтықты анықтау мүмкін емес деген сөз емес. Мұндай қылмыстарды тергеу кезінде цифрлық криминалистика әдістері қолданылады. Сарапшылар материалдың жасанды түрде өзгертілгенін анықтауға тырысады. Ал қылмыскердің өзін табу үшін телефон байланыстары, интернеттегі әрекеттер, банктік транзакциялар және басқа да цифрлық іздер зерттеледі, – дейді сарапшы.
Сондықтан алаяқтыққа тап болған адам қоңыраулар тарихын, хат алмасуларды, телефон нөмірлерін, аккаунт сілтемелерін және ақша аударымына қатысты құжаттарды өшірмеуі керек.
Скриншоттар пайдалы болғанымен, аудио және бейнежазбалардың бастапқы файлдарын сақтау маңызды. Өйткені олардың құрамында сараптама кезінде қажет болуы мүмкін қосымша техникалық ақпарат кездеседі.
Сарапшы deepfake технологиясын анықтайтын бағдарламалардың ешқайсысына толық сенуге болмайтынын да ескертті. Қылмысты дәлелдеу бір ғана бағдарламаның қорытындысына емес, бірнеше тәуелсіз дәлелдің жиынтығына негізделуі тиіс.
Алаяқтық жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Заңгер Аржан Сәдуақас мұндай әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Оның айтуынша, алаяқтықтың жасалу тәсілі мен келтірілген залалдың көлеміне қарай жаза да әртүрлі болуы мүмкін.
Алаяқтық әрекеттер үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Егер келтірілген шығын аса ірі көлемде болса, жауапкершілік күшейеді. Сонымен қатар келтірілген залалды өтеу мәселесі де қаралады, – дейді заңгер.
Аржан Сәдуақас елімізде киберқылмыстарды анықтаумен айналысатын арнайы полиция бөлімшелері жұмыс істейтінін айтты. Сондықтан азаматтар алаяқтыққа тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу арыздануы қажет.
Заңгердің сөзінше, алаяқтар ұрланған қаражаттың ізін жасыру үшін әртүрлі қаржылық тетіктерді пайдаланады. Соның ішінде ақшаны өзге адамдардың шоттары арқылы өткізу немесе криптовалютаға айналдыру тәсілдері де кездеседі.
Қазіргі таңда алаяқтар тіркелмеген криптобиржалар арқылы азаматтардың ақшасын шетелге шығарып жіберуі мүмкін. Олар әртүрлі алдау тәсілдерімен ақша аудартқызып, кейін қаражатты басқа жаққа ауыстырады. Мұндай қылмыстарда дропперлер де пайдаланылады. Қазір осы бағытта көптеген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, – дейді Аржан Сәдуақас.
Дроппер дегеніміз – өз банк шотын немесе картасын басқа адамдардың күмәнді ақша операцияларына пайдалануға беретін адам. Мұндай шоттар алаяқтық жолмен алынған қаражатты қабылдау және әрі қарай аудару үшін қолданылуы мүмкін.
Заңгер әсіресе егде жастағы адамдар мен балаларға қаржылық қауіпсіздік ережелерін түсіндірудің маңызын атап өтті.
Қаржылық сауаттылық тек ақша жинауды білдірмейді
Көпшілік қаржылық сауаттылықты табысты дұрыс бөлу, ақшаны үнемдеу, депозит ашу немесе инвестиция жасаумен байланыстырады. Алайда цифрлық технологиялар дамыған қазіргі кезеңде бұл ұғымның аясы әлдеқайда кеңейді. Енді адам өз қаражатын басқара білумен қатар, оны алаяқтардан қорғаудың жолдарын да меңгеруі керек.
Қаржыгер Рүстем Тоқтаровтың пікірінше, қаржылық сауаттылықты тек жинақтау мен инвестициялауға қатысты түсініктермен шектеу дұрыс емес.
Қаржылық сауаттылықты тек ақшаны үнемдеу, жинақтау және инвестициялаумен шектеуге болмайды. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану арқылы инвестициялық білімді арттырып, жеке табысты ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл технологиялардың қоғамға кері әсері де жоқ емес. Соның бірі – цифрлық қылмыстардың көбеюі, – дейді қаржыгер.
Оның айтуынша, цифрлық қауіпсіздікті арттыру мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекетін талап етеді. Ал қоғам, әсіресе жастар, өз білімі мен тәжірибесін егде жастағы жақындарымен бөлісуі керек.
Мемлекет білім беру инфрақұрылымы арқылы азаматтарды жастайынан цифрлық сауаттылыққа баулуы қажет. Сонымен қатар технологиялардың қаупі мен ықтимал залалы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізгені дұрыс. Ал қоғам өз кезегінде алған білімі мен тәжірибесін пайдаланып, егде жастағы жақындарына көмектесуі тиіс, – дейді Рүстем Тоқтаров.
Ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепина да осы пікірді қолдайды. Оның айтуынша, цифрлық сауаттылық адамның смартфон немесе банк қосымшасын қаншалықты жақсы қолданатынымен ғана өлшенбейді.
Ең маңыздысы – ақпараттың шынайылығын тексеру, күмәнді жағдайды дер кезінде байқау және эмоцияға берілмей шешім қабылдау.
Қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қандай жолдары бар?
Мамандардың пікірінше, алаяқтардан қорғану үшін күрделі технологияларды меңгерудің қажеті жоқ. Күнделікті өмірде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау да қаржылық шығынның алдын алуға көмектеседі.
Ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепина азаматтарға мынадай сақтық шараларын ұсынады:
- Банкке қатысты ақпаратты тек ресми қосымшадан тексеру. Белгісіз нөмірден келген хабарламаға сеніп, қаржылық операция жасамау керек.
- SMS-код пен құпиясөзді ешкімге айтпау. Банк қызметкері ретінде танысқан адамға да PIN-кодты, банк картасының толық деректерін немесе бірреттік растау кодын беруге болмайды.
- Күмәнді сілтемелерді ашпау. Бейтаныс адамның нұсқауымен телефонға қосымша орнату алаяқтарға құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беруі мүмкін.
- Ақша аударымына лимит белгілеу. Банктік операциялар туралы хабарламаларды қосып, ірі соманы аударуға шектеу қойған дұрыс.
- Қажет болмаса, несие алуға ерікті түрде тыйым салу. Ол үшін eGov арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті бас тарту қызметін пайдалануға болады.
- Ақша сұраған адамның кім екенін тексеру. Тіпті таныс дауыспен хабарласса да, басқа сенімді байланыс арнасы арқылы оның жеке басын растау қажет.
- Күмән туған жағдайда кеңесу. Жақын адамдармен немесе банктің ресми байланыс орталығымен сөйлесіп, содан кейін ғана шешім қабылдаған жөн.
Маманның айтуынша, алаяқтар көбіне азаматтарды асықтырып, қорқытып немесе әңгімені құпия сақтауға мәжбүрлейді. Сондықтан мұндай талаптардың өзі күмән тудыруы керек.
Егер сізді асықтырып, қорқытып немесе ешкімге айтпауды талап етсе, әңгімені тоқтатыңыз. Нағыз банк немесе құқық қорғау органы азаматты осылай ақша аударуға мәжбүрлемейді. Әсіресе 1қауіпсіз шотқа ақша аударыңыз» деген сөз алаяқтықтың айқын белгісі, – дейді Лаура Тлепина.
Жасанды интеллект күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып келеді. Ол ақпарат іздеуге, білім алуға, жұмыс істеуге және көптеген процесті жеңілдетуге көмектеседі. Алайда кез келген технология сияқты оны қылмыстық мақсатта пайдаланатындар да бар.
Бүгінде алаяқтар адамның дауысын көшіріп, бейнесін қолдан жасап, жақын туысының атынан хабарласа алады. Бірақ мұндай қылмыстардың алдын алуда ең маңызды құралдардың бірі – адамның ақпаратты тексеру дағдысы.
Зейнеткердің 3,5 миллион теңгесінен айырылуы – тек бір адамның қаржылық шығыны емес, цифрлық қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселені көрсететін оқиға. Өйткені ертең дәл осындай қоңырау кез келген азаматқа түсуі мүмкін.
Демек, жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, алаяқтардан қорғанудың басты жолы – сақтық таныту, қаржылық сауаттылықты арттыру және кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізу. Өйткені цифрлық заманда өз қаражатыңды қорғау үшін технологияны меңгеру ғана емес, оның қауіп-қатерін де білу маңызды.