ЖИ арқылы өлген адамды тірілту қаншалықты дұрыс? Қоғам пікірі қақ жарылды

 ЖИ (ChatGPT)
Фото: ЖИ (ChatGPT)

Соңғы жылдары жасанды интеллект туралы әңгіме жиілеп кетті. Әсіресе оның өмірде әртүрлі мақсатта қолданылуы, соның ішінде адамдардың тұлғасы мен естеліктерін «қайта тірілту» тақырыбы қоғамда қызу талқыланып жүр.

Бірде Оңтүстік Кореядағы телеарна қайтыс болған қыздың анасын оның VR-аватарымен «кездестіріп», бұл оқиғаны миллиондаған қаралым жинаған деректі жобаға айналдырды. Тағы бір рет жол апатынан қаза тапқан адамның жасанды интеллект арқылы жасалған бейнесі сотта сөз сөйлеген. Ал кейде ондаған жыл бұрын өмірден өткен актердің цифрлық көшірмесі жаңа фильмге «түсуге» келісім алады.

Мұндай оқиғалар қоғам пікірін екіге бөліп отыр. Бірі мұны жақын адамынан айырылған жандарға аз да болса жұбаныш сыйлайтын мүмкіндік деп қабылдаса, енді бірі мұндай технологияларды «грифботтар» (ағылшынша griefbot – «қайғы боттары») деп атап, оны адамдардың қайғысын пайдаға асыру деп бағалайды.

Жақында әлеуметтік желілерде Қытайдағы 80 жастағы әйелдің оқиғасы кеңінен талқыланды. Бір жыл бұрын оның ұлы жол апатынан қаза тапқан. Бірақ жүрек дерті бар анасы бұл қайғыны көтере алмайды деп алаңдаған отбасы шындықты жасырып, арнайы компанияға жүгінеді. Екі апта ішінде мамандар марқұмның сырт келбетін, дауыс ырғағын, сөйлеу мәнерін дәл қайталайтын 3D-аватар жасап шығарады.

Дайын болған соң, жасанды интеллект арқылы жасалған «ұлы» анасына бейнеқоңырау шалып, басқа қалаға жұмысқа кеткенін айтады. Содан бері бір жылдан астам уақыт бойы кейуана күн сайын «ұлымен» сөйлесіп, оған жылы киініп жүруін, денсаулығына қарауын ескертіп отырады.

ЖИ-аватар. Кадрлар: Weibo

Бұл жағдай да қоғамда түрлі пікір туғызды. Бірі мұны «жалған болса да, жанға медет» деп қабылдап, әйелдің өмірге деген құлшынысын сақтап отырғанын айтады. Ал енді бірі мұндай тәсіл адамның шынайы бейнесін бұрмалап, оның атынан «сөйлеуі» дұрыс емес деп санайды. Ең бастысы, бұл тірі адамдардың қайғыны қабылдап, алға жылжуына кедергі келтіруі мүмкін.

Осындай мысалдар 2013 жылы шыққан «Қара айна» (Black Mirror) сериалының бір бөлімінде бар еді. Онда да қайтыс болған адамның цифрлық көшірмесі жасалып, жақындары сонымен «қарым-қатынас» орнатады. Бірақ технология қанша дамыса да, компьютер адамды толық алмастыра алмайтыны анық.

Сарапшылар пікірінше, жасанды интеллект адамның сыртқы бейнесі мен мінез-құлқын қайталағанымен, оның орнын баса алмайды. Керісінше, мұндай иллюзия кей жағдайда шындықты қабылдауға кедергі келтіріп, адамның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз