Жаңалықтар

Жезқазғаннан әуежайы жаңғыртылады

Жезқазғаннан әуежайы жаңғыртылады
Фото: gov.kz 21.07.2023 04:33 621

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жаңадан құрылған Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысына Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы мәліметтер берілді. Атап айтқанда, министр ең әуелі әуежайды жаңғырту жоспарымен танысты. Қазір Жезқазғаннан үш бағыт бойынша аптасына 16 рейс орындалады. 

Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес әуежайдың жасанды ұшып-қону жолағы мен перронын жаңғырту мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, экологиялық және мемлекеттік сараптама жүргізілді. ЖСҚ-ға сәйкес жобаның құны – 9,7 млрд теңге. 

Жобаны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қаражаты есебінен іске асыру көзделген. Бүгінгі күні жобаны іске асыру басқа мерзімге ауыстырылып отыр.

Бұдан кейін Марат Кәрімжанұлы қаланың шаруашылық-ауыз су тазарту жүйелерін жаңғырту барысымен танысты. Мәселен, шаһарда сумен жабдықтау қызметтері 100%-ға қолжетімді, су құбыры желілерінің ұзындығы – 298 шақырым. Ал желілердің тозу деңгейі – 74%. Қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету және тозуды 36%-ға дейін төмендету үшін республикалық бюджет есебінен екі жобаны іске асыру көзделген. Жобалардың жалпы құны шамамен – 12 млрд теңге. Жергілікті әкімдік қолға алынған жұмысты биыл қазан айында аяқтауды көздеп отыр.

Сондай-ақ М.Қарабаев қаладағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын бағамдап көрді. «Жезқазған қаласының жылу желілерін реконструкциялау және жаңғырту. 3 кезек. 1 іске қосу кешені» жобасының жалпы құны 6 981 081 мың теңге. Бұл жобаға сәйкес 3,8 шақырым желіні жаңарту көзделген, ал биыл 0,8 шақырымдай аумаққа дейін жөнделеді деп жоспарланған. 

Жергілікті әкімдіктің ақпараты бойынша аталған жобаны одан әрі іске асыру үшін 2023 жылы 2,6 млрд теңге көлемінде қосымша қаражатқа қажеттілік туындап отыр. Өз кезегінде М.Қарабаев бюджетті түзету және үнемдеу кезінде аталған соманы бөлуді қарастыруға дайын екенін атап өтті.

Сонымен қоса министр облыс тұрғындарымен кездесу өткізіп, жергілікті БАҚ-тың қатысуымен өтетін конференцияға қатысады деп жоспарланып отыр. Күн тәртібінде ИИДМ құзыретіне жататын мәселелер қаралады.

Жұмыс сапары аясында ИИДМ басшысы облыста іске асырылып жатқан автожол жобалары және инженерлік инфрақұрылым құрылысының барысымен танысып, сондай-ақ Жәйрем тау-кен байыту комбинатына барады деп көзделіп отыр.

Айта кетейік, ИИДМ-нің инвестициялық жобалар пулы аясында Ұлытау облысында шамамен 137 млрд теңгеге 1181 тұрақты жұмыс орнын құруды қарастыратын 12 жобаны іске асыру межеленген. Тұтастай алғанда, 2023 жылдың 5 айында өңдеуші өнеркәсіптегі инвестиция көлемі 26,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл 6,4%-ға көп.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға