Жаңалықтар

Жетісулық фермер жылқының ерекше тұқымын көбейткісі келеді

Жетісулық фермер жылқының ерекше тұқымын көбейткісі келеді
Фото: Жеке мұрағаттан 07.06.2023 18:41 838

Қазақ үшін тектіліктің бірден-бір нышаны саналатын жылқыны бүгінде өміріне мән, тіршілігіне арқау еткен азаматтар арамызда жетіп артылады. Солардың бірі – Жетісу облысына белгілі әуесқой селекционер Александр Софин қазақы арғымақтың жаңа тұқымын шығарған еді. Бүгінде «Жетісудың асылы» деп аталатын жылқы басы 200-ге жуықтады.

Мұндай жылқы қазақстанда жоқ

Селекционер қазақы тұлпарларды өсіруді 2000 жылы бастаған. Назбедеу сәйгүліктер аппақ түсімен, шегір көздерімен ерекшеленеді. Ең кереметі ақ аттар өмір бойы өз түсін сақтайды және көздері көк болып қалады. Табиғаты бойынша олар тыныш және туристік кластерді дамытуда қолдануға жарамды. Денсаулығы басқа жылқылардан кем түспейді.

Мұндай жылқы Қазақстанда жоқ. Елімізде ақ тұлпарлар бар, әрине. Бірақ, олардың маңдайында маңғылы, арқасында басқа түстен жолағы болады және көздері қоңыр келеді. Сондай-ақ, жетісулық селекционер өсіріп отырған жылқылар ештеңеден үркіпейді, шапшаң, қолға да тез үйренеді. Александр жылқы өсірумен 23 жылдан бері айналысып келеді. Мақсаты – қазақ жылқыларын көбейтіп, шегір көзді ақ тұлпарды Жетісудың бренді ретінде таныту.

Жетісулық фермер жылқының ерекше тұқымын көбейткісі келеді

Былдырлаған балдырған шығымда әкем маған жирен жылқы сыйлады. Сәйгүлікке күнде суын, жем-шөбін беріп қарадым. Әлгі аттың жүрісі, түр-тұрпаты ерекше болды. Осы кезден бастап менің тұлпарға деген қызығушылығым артты. Қамбарата түлігі жайлы түрлі деректер іздеп, зерттей бастадым. Кенет көгілдір экраннан ақ түсті жылқыны көбіне хандар мен сұлтандар мінеді дегенді естіп қалдым. Әсіресе, ағылшындар ақ тұлпарды ерекше қадір тұтады екен. Осы кезде маған неге қазақтың тұлпарын әлемге танытпасқа деген ой келді. Көп ғалымдармен сөйлестім. Олардың көбі біргелкі шегір көзді, аппақ жылқы шығару мүмкін еместігін айтты. Мен болсам арманыма жету үшін, қазақтың брендіне айналатын жылқы шығарамын деп шаруаға кірістім. Сөйтіп, 2000 жылы селекциялық жұмысты бастадым. Ғалымдармен көп жұмыс істедім. Қазақ жылқыларын ұрықтандыру арқылы 5-6 жыл дегенде алғашқы ақ арғымақтар пайда болды, – дейді «Софин» шаруа қожалығының басшысы.

Маржандай аппақ аттар өзіміздің меншігіміз

Алғашқы төл пайда болғаннан кейін кейіпкеріміз өзінің еңбегінің еш кетпегеніне қуанып, жұмысқа одан сайын белсене кіріседі. Ғалымдармен сөйлеседі. Түрлі көрмелерге шығарады. Оның жобасына басқа елдердің ғалымдары қызығып, «Ақалтеке», араб, ағылшын жылқыларына да селекциялық жұмыстар істеуді ұсынады. Бірақ, селекционер қан араластырғысы келмейтіндігін айтып бас тартады. Себебі, бұл бизнес емес, маржандай аппақ аттар өзіміздің меншігіміз, қазақтың асыл тұқымды жылқы таза болса екен дейді.

Жетісулық фермер жылқының ерекше тұқымын көбейткісі келеді

Аппақ жылқы кейіпкеріміздің көп жылғы еңбегінің жемісі. Бірақ, тұлпарды Жетісуда өсірілетін тұқым екенін одан әрі растау үшін патент керек. Өкінішке қарай, сирек кездесетін тұқымға патент алу қиынның-қиыны дейді ол.

Мен жылқылардың осы тұқымын патенттейін деп қаншама тырыстым, осы тақырыпта зерттеушілермен сөйлестім. Бірақ, оған ғылыми жұмыстар жүргізу үшін қыруар қаржыны қажет. Зерттеушілердің 2016 жылғы есебі бойынша тұқымды патенттеу 200 миллион теңге шамасында болды. Менде ондай ақша жоқ болғандықтан жұмысты әуесқой селекционер ретінде жалғастыруға шешім қабылдадым. Бұл менің хоббиім. Қолымнан келгенше ұстаймын, тамақ дайындаймын, облысқа тарату үшін көбейтемін. Бұл жылқы Жетісу өңіріне танылсын деп, шетелдік туристер мына жылқыны көргенде  «Жетісудың асылы» деп таныса деймін. Қазақы сәйгүліктер облыстың брендіне айналса одан асқан арманым жоқ, – дейді Александр Софин.

Сегіз жылға жуық шешілмеген мәселе

Қазір шаруашылықтағы жылқылардың жалпы саны 500-ге жетті. Оның 200-ге жуығы «Жетісу асылы». Бүгінде қожалықта 7 адам еңбек етеді. Жылқышылардың жалақысы 100 мың теңге көлемінде, оған қоса фермер бір маусымда туған құлынның 10%-ын береді. Қылқұйрықты қыста ұстау үшін жылқы өсіруші қосымша жем ретінде 250 тонна шөп, 100 тонна арпа сатып алады екен. Қысқы жем-шөп алу маманға аса ауыр жүк болмағанымен, жазда жайылымдық жер тапшы.

Өкініштісі, селекционер сегіз жылға жуық осы мәселені шеше алмай келеді. Маусымның ортасынан күзге дейін шаруашылық басшысы үшін қиынға соғады екен. Себебі, қазір жылқылар жайылып жатқан 430 гектар «Ақой» жайлауының шөбі маусым айының ортасына таман күйіп кетеді. Соның салдарына жылқылар азық іздеп жақын маңдағы шаруалардың егіс алқабына жиі шығып кетеді. Бұл түсініспеушілік пен төбелеске ғана емес, мал шығынына да әкеліп соғуда. Мәселен өріс иелері жылқыларды иесі табылмайынша жауып тастайды. Кейде олардың қайда қамалғаны белгілі болғанша бірнеше күн кетеді. Қылқұйрықтарға ешкім тамақ бермегеннен кейін аттар бір-бірінің жалы мен құйрығын тістеп, ішектеріне жылқының қатты жүні түсіп өледі. Өткен жылдың өзінде жүзге жуық бас қырылып қалған.

Бұл мәселені жайлаудан жайылымдық жер бөлу арқылы ғана шешуге болады. Бірнеше жыл бұрын әуесқой селекционер облыс әкімдігіне Бұрхан бұлақ сарқырамасының маңынан жер бөлу туралы өтінішпен жүгінгіпті. 2019 жылы әкімдік наразылық білдірмей, аталған аумақтар ведомствосына қарасты Талдықорған орман шаруашылығы кәсіпорнына құжаттарды әрі қарай бекітуге жіберді. Алайда, пандемия кезінде бұл мәселе тоқтап қалған.

Александр Талдықорған орман шаруашылығына және Қазақстан фермерлер одағына қайтадан жаңа сұраныс жіберген. Алайда олар Қора өзені аймағындағы жайылымдық жермен қамтамасыз ете алмайтындығын айтыпты. Жайылымдық жердің неге берілмей жатқанын мамандардан сұрап білдік.

Талдықорған орман шаруашылығы» КММ директоры Мади Оханов: «Талдықорған орман шаруашылығының қарамағында185 мың гектар жер бар. Оның ішінде 70 мың гектар жайылымдық жер. Оған Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандары кіреді. Бір бас жылқыға 1 гектар жер беріледі. Бұл кісі сұрап отырған жайылымдық жер Бұрқанбұлақ жақта. Ол туризм аймағына жатқандықтан жерді бере алмаймыз. Мұнда жол салынып, туризмді дамыту басты назарда. Десе де өтініш жазса, біз тіркелген мал басына қарай басқа жерден жайылымдық жер бөліп береміз, – деді.

Жетісулық фермер жылқының ерекше тұқымын көбейткісі келеді

Алдағы бірнеше жылда мемлекеттік мекеме өкілдері ақ көк көзді аруларды бағу мәселесіне осындай шешім ұсынып отыр. Алайда, малшы түсіндіргендей, қазір жылқылар жайылып жатқан «Ақой» жолынан «Қорынға»  жету үшін ең көбі екі күн қажет. Ал орман шаруашылығы өкілдері ұсынған Көксудағы Сары төрге дейін мал айдауға бір аптадан астам уақыт кетеді. Өтпелі кезеңде биелер жолда, ал жетілмеген құлындар мұндай ауысудың қиындықтарына шыдамауы мүмкін.

Сонымен қатар, климаттық ерекшеліктерге байланысты Сары төрдегі жайлауда бір айдан астам ғана мал бағуға болады. Тамыз айында ол жерде суық болғаны сонша, құлындар түнгі төмен температураға шыдауы өте қиын. Бір сөзбен айтқанда, мұндай жайлау тиімсіз дейді Александр Софин. Осы мәселелерді алға тартып фермер Жетісу облысы әкімінің қабылдауына кіріпті. Аймақ басшысы оған көмек беретінін жеткізген. Бірақ әзірге жайылымдық жер қарастырылуда. «Жетісу асылдарына» жақсы жер беру мәселесі жуық арада шешімін тапса жақсы болар еді.

Тағы бір қуанарлығы, фермердің 12 жасар қызы Маргарита да жылқы десе ішкен асын жерге қояды. 5 жастан бастап атқа мінуді үйренген қыз қазір тұлпардың құлағында ойнайды.  Тіпті демалыс күндері таңның атысынан атқа мініп, кеш бата бірақ оралады екен. Ол тек атқа мініп қана қоймай, әкесі сияқты қазақ жылқыларын әлемге танытқысы келеді. Болашақта осы салаға қатысты білім алып, жұмыс істеймін дейді Маргарита. «Қазақтың байлығы жылқыда», – дейді Ғабит Мүсірепов. Өкінішке қарай қазір қазақы қарабайырды жанына серік еткен жандар некен саяқ. Елімізде көбіне соғым мен бәйгеге ұсталатын қазақы қылқұйрықтың саны азайып барады. Сондықтан шегір көзді, ақ түсті  қазақтың жылқысын көбейтіп отырған еңбек адамына жер бөлініп берілсе жақсы болар еді. 

«Жігітте де жігіт бар, тонның ішкі бауындай» дегендей, 200-ге жуық сирек кездесетін қазақы жылқыны ұстап отырған Александр Софинді осындай азаматтар қатарына қосуға болады. Егер жайылымдық жер шешілсе, ата кәсіпті бұдан әрі өркендетпекші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға