Жаңалықтар

Жетісуда Әнуар Әлімжановқа арналған республикалық конференция өтті

17.05.2025 02:31 736
Жетісуда Әнуар Әлімжановқа арналған республикалық конференция өтті

Жетісу облысында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, мемлекет қайраткері Әнуар Әлімжановтың 95 жылдығы аталып өтілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаламгердің мерейтойында республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хаты оқылды. 

Алакөл ауданы Қабанбай ауылына мерейтойлық шараға келген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ғалымдар, қаламгерлер, жалпы аудан жұртшылығы алдымен Ә.Әлімжановтың бюстіне гүл шоқтарын қойды. 

Бұдан әрі шара Қабанбай ауылдық мәдениет үйінде «Әлемге әйгілі Әнуар» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Мәдениет үйінің фойесінде музей экспонаттарынан және кітаптардан көрме ұйымдастырылып, Ә. Әлімжановқа арналған бейнефильм көрсетілді.

Конференция барысында Әнуар Әлімжановтың елдік мүдде жолындағы қарымды қайраткерлігі, жазушылық қыры, тұлғаларды танытудағы ерен еңбегі кеңінен баяндалды.

Жазушылардың бәрі де еңбектенеді, бірақ көптің ішінен оза шауып, халықтың көңілінде, тарихтың жадында қалатын қайраткерлер көп емес. Әнуар Тұрлыбекұлы сондай айтулы азаматтардың қатарында. Ол - Әбу-Насыр әл-Фарабиді ортамызда алып келген тұлғалардың бірі. Ол кезде ғылыми, әдеби орта Ақжан Машани арқылы әл-Фарабиді танығанымен, жалпы қоғам толық біле қоймаған еді. Әнуар Әлімжанов оның тегі қыпшақ екенін, Отырар қаласынан шыққанын дәлелдеп, өмір жолын баяндайтын «Отырардан жеткен сый», «Ұстаздың оралуы» сияқты шығармаларын жазды. Алматыдағы даңғылға әл-Фараби есімінің берілуіне бастама көтеріп, оған көп еңбек сіңіргенін бүгінгі ұрпақтың біліп жүргені жөн, - деді Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы, бас баяндамашы Нұрдәулет Ақыш. 

Өз кезегінде ақын Ұлықбек Есдәулет жазушының халықаралық әдеби байланыстарды нығайтудағы рөліне тоқталды:

Сол тұста Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжанов алдаспандай жарқылдады. Олжекең Махамбет туралы өлең, Әнуар аға проза жазды. Сол арқылы әлем Махамбеттің кім екенін білді. Мұнан соң Андрей Вознесенский Махамбетке өлең арнады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Бірінші Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов Азияға айқара жол ашты», - дейтін сөзі бар. Расында Әлімжанов КСРО-ның Азия, Африка жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, дәл осындай Еуропа жазушыларымен байланыс жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі болды. Бұл әлем әдебиетімен тікелей байланыс жасап отырған қазақтың өкілі деген сөз. Ол кісінің кезінде Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясын Қазақстанда өткізуі де үлкен еңбектің жемісі, - деді Ұ. Есдәулет өз сөзінде.

Әнуар Әлімжанов 1930 жылы Жетісу облысы Қарлығаш ауылында туған. Қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, публицист. «Литературная газетаның» меншікті тілшісі, «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан республикалары бойынша «Правда» газетінің тілшісі, «Қазақфильм» студиясының, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға