Жаңалықтар

Жетісу облысында аудандық аурурухана қайта жаңғырады

Жетісу облысында аудандық аурурухана қайта жаңғырады
Фото: Жетісу облысының әкімдігі 25.05.2024 13:21 434

Жетісу облысының Ақсу аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жаңарған денсаулық сақтау нысанының материалдық-техникалық базасы жақсартылып, компьютерлік томограф орнатылып, жаңа медициналық аппараттар сатып алынады. Бұл туралы облыс әкімінің Ақсу ауданына барған жұмыс сапарында белгілі болды. 

Облыс әкімі Ақсу аудандық орталық ауруханасындағы құрылыс жұмыстарын көру үшін нысанға арнайы атбасын бұрды. Бұл медицина нысаны 1972 жылы салынған. Содан бері ағымдағы жөндеу жүргізумен ғана шектеліп келген. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Байқадам Құрымбайдың айтуынша, 5 блоктан тұратын, 120 төсекке арналған ауруханаға өткен жылдың желтоқсан айында «Rakada group» ЖШС мердігер ұйымы күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізіп бастаған. Аурухана әзірге Ақсу аудандық агротехникалық колледждің жатақханасына СЭС қызметінің рұқсатымен көшіріліп, өз жұмысын жалғастыруда.

Тағы бір атап өтерлігі, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ауруханаға бұрын болмаған КТ құрылғысы орнатылады. Сол сияқты 139 млн. теңгеге 4 медициналық техника, атап айтқанда цифрлы флюороаппарат, электрокоагулятор, эндоскоптарға арналған кір жуғыш машина, бейне эндоскопиялық стенд аппараттары сатып алынады. Осылайша аудандық аурухананың медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 92%-ға жеткізіледі.

Бұл өз кезегінде түрлі сырқаттың алдын алуға, диагноздың дәлдігіне, сапалы ем жүргізуге ықпал етеді, - дейді аурухананың бас дәрігері.  

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, аурухананы жөндеу жобасын жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруға 169,3 млн.теңге бөлінген. Әзірге дайындық деңгейі - 18%, құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны - 1,8 млрд. теңге.

Құрылыс алаңындағы қазіргі жұмыс қарқынына көңілі толмаған облыс әкімі: «Елдің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты республикалық бюджеттен қаржыландыру әзірге тоқтап тұрғандықтан, биыл облыстық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігін қарастырып, құрылысты тоқтатпауымыз керек. Ал сіздер, мердігер ұйым, қазіргі бөлінген қаржының өзін сапалы игеріп, жұмысты қарқынды жүргізулеріңіз керек. Олай болмаған жағдайда мәселені сот арқылы шешетін боламыз», - деп қатаң ескертті Б. Исабаев мердігер мекеме өкілдеріне. Серіктестік басшылығы жұмыс кестесіне сай, жеткілікті жұмыс күшімен іске кірісіп, қаржыны сапалы игеретіндерін атады. 

Жалпы Ақсу ауданының денсаулық сақтау саласына үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Осы жылдың тамыз айына дейін жергілікті бюджеттен 150 млн. теңгеге Құрақсу, Қопа және Еңбек ауылдарында 3 блокты-модульді медициналық кешен орнатылады. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында Көкжайдақ, Қаракөз, Жаңалық ауылдарында 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және Ащыбұлақ ауылында медициналық пункт салу жоспарланған. Сағабүйен, Жаңалық және Арасан ауылдарына 77,5 млн.теңгеге биыл маусым айында  үш санитарлық автокөлік сатып алынады.

Қазіргі күні ауданда 19 дәрігер тапшылығы баряғни жалпы практика дәрігері, педиатр, психиатр, неонатолог, ЛОР, невропатолог, функционалдық диагностика дәрігері, хирург, кардиохирург, ангиохирург, акушер-гинеколог, сот сарапшысы керек. Биылғы жылдан бастап ауылды жерлерге дәрігер мамандарды тарту мақсатында жас маман дәрігерлер үш айлық сынақ мерзімінен кейін кемінде бес жыл жұмыс істеу келісімшартымен жұмысқа қабылданып, оларға 10 млн.теңге мөлшерінде, ал қалалық жерге келген жас мамандарға 5 млн. теңге көтерме ақы төленетін болады.  Бұл шара жергілікті жерлердегі дәрігер тапшылығын жоюға оң ықпал етеді деп күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға