Жаңалықтар

"Жетімдерін шетелге сатқан Қазақстан". Депутат бала асырап алушыларға талапты күшейтуді ұсынды

"Жетімдерін шетелге сатқан Қазақстан". Депутат бала асырап алушыларға талапты күшейтуді ұсынды
Фото: t.me/mazhilis_kz 12.10.2023 12:40 1318

Мәжіліс депутаттары Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын талқылап жатыр. Депутат Нартай Аралбайұлы бала асырап алушыларға қойылатын талаптарды қатаңдатуды талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспаннан заң жобасын асығыс қабылдамай, әр пунктке ерекше назар аудару керегін айтты.

Кәсіби қабылдаушы отбасы үш рет баланы қайта тапсыра алады екен. Сонда қабылдап, бас тартып жүре бере ме? Қараңыздаршы, бала мүлік емес қой, хайуан емес қой. Бала адам ғой. Оны қабылдатамыз, қайтарып жібереміз, қабылдатамыз, қайтарып жібереміз. Қандай құндылық қалады бұл жерде? Спорттың өзінде рестарт деген дүние бар, ысқырықтан соң суға секірсең жарысқа қатыстырмайды. Бұл жерде баланың тағдыры жатыр. Сондықтан дәл осы нәрсені құрту керек деп санаймын. Оны неге талаптардың ішіне енгізбей, көрсетпегендеріңізді түсінбеймін. Сондықтан бір рет баладан бас тартты ма, бітті. Өйткені, қараңыздаршы, қойылатын талаптың ішіне баланы таңдау құқығын беріп, қайтарып беруге үш рет мүмкіндік бересіздер. Дәл бұлай заң жасай берсек, біз қандай ұшпаққа шығамыз?, деді Нартай Аралбайұлы.

Екіншіден, жан-жақты психологиялық даярлықтан өткізуге қатысты туындайтын мәселелерге тоқталды.

Бұл психологиялық даярлықтан кім өткізетінін айтсаңыз. Арнайы орталықтар бар ма? Оларды лицензиялаймыз ба? Өйткені, біздің мемлекетімізде отбасылық психологтар жетпейді, жоқ десек те болады. Елдің барлығы Тикток пен Инстаграмға шығатын кәсіби психологтарға айына 200-300 мың төлеп барып жүр, отбасын сақтап қалу үшін, ажырасып кетпес үшін, балалармен қалай сөйлесу керегін білу үшін. Мыналарды кім оқытады? Қандай орталықтар болады?, дейді ол.

Мәжілісмен жетімдерін шетелге сатып, заңсыз істерге жол берілгені туралы да жасырмай айтты.

Үшінші мәселе, қамқоршылық органның аккредитациясынан өту. Қамқоршылық органға кімдер кіретінін тағы бір рет айтсаңыз. Оларды тексеретін біреу бола ма? Мен бұл жерде жемқорлық дегеннен қорқамын. Өйткені, бір отбасына 2 миллиондай теңге ақша төлейміз. Ертең соған сүйеніп, қамқоршылық органдағы әр адам өзінің таныс-тамырына баланы бере бермей ме? Өйткені, бұрын да осы баланы асырап алу ісінде заңдық нормалар енгізіп едік қой. Бірақ әлемде жетімдерін сатып масқара болған елдің бірі – Қазақстан емес пе едік? Балаң өліп қалды деп, сатып жіберген біз емес пе едік? Америкаға сатылып кеткен баланың әуежайда ата-анасымен қауышқанын көрдік. Осы масқараны жіберген біз едік қой, деді Нартай Сәрсенғалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға