Жеті жылда – $162 млрд: Тоқаевтың сыртқы саясаты Қазақстанға капиталды қалай әкелді

Жеті жылда – $162 млрд: Тоқаевтың сыртқы саясаты Қазақстанға капиталды қалай әкелді
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанға 2019 жылдың наурызынан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін шамамен 162,1 млрд доллар шетелдік тікелей инвестиция тартылған. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев бұл көрсеткішті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатындағы инвестициялық дипломатияның нәтижесі деп бағалады.

Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының шетелдік сапарларының экономикалық тұрғыдан маңызды бөлігі бизнес өкілдерімен кездесулерге, инвестициялық дөңгелек үстелдерге және нақты жобаларды талқылауға бағытталған.

Президент барған елде ірі бизнес өкілдерімен жеке кездеседі, инвестициялық дөңгелек үстел өткізеді, нақты компанияларды Қазақстанға шақырады. Кейін сол келіссөздердің көбісі инвестициялық келісімге, зауытқа, электр станциясына, логистикалық орталыққа немесе нақты капитал ағынына айналған, – деді Айбар Олжаев.

Айбар Олжаев Ұлттық банктің 2026 жылғы 30 маусымда жаңартылған статистикасына сүйеніп, 2019-2025 жылдары Қазақстанға шамамен 155,8 млрд доллар шетелдік тікелей инвестиция келгенін атап өтті. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 6,3 млрд доллар инвестиция тартылған.

Сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың наурызынан бері мемлекет басқарып келе жатқанын ескере отырып, аталған кезеңдегі инвестиция көлемін шамамен 162,1 млрд долларға бағалайды. Яғни осы жеті жылда Қазақстанға жыл сайын орта есеппен 23 млрд доллар көлемінде шетелдік тікелей инвестиция түскен.

Инвестиция көлемінің жылдар бойынша көрсеткіші де айтарлықтай өзгерген.

  • 2019 жыл – 24,4 млрд доллар;
  • 2020 жыл – 17,2 млрд доллар;
  • 2021 жыл – 23,8 млрд доллар;
  • 2022 жыл – 28,2 млрд доллар;
  • 2023 жыл – 23,9 млрд доллар;
  • 2024 жыл – 17,9 млрд доллар;
  • 2025 жыл – 20,5 млрд доллар;
  • 2026 жылдың I тоқсаны – 6,3 млрд доллар.

Рекордтық көрсеткіш 2022 жылы тіркеліп, инвестиция көлемі 28,2 млрд долларға жеткен.

Дәл сол жылы Президент Тоқаевтың бір күн дамылдамай сапарлағаны есімде. Сонда әр сапар экономикамыз үшін нақты есептелетін долларға айналып отырды. Бұл – инвестициялық дипломатияның көзбен көріп, қолмен ұстай алатын жемісі, – деді сарапшы.

Айбар Олжаевтың айтуынша, Президенттің Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Сауд Арабиясы, Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарларынан кейін аталған елдерден Қазақстанға келетін инвестиция көлемі айтарлықтай өскен. Әсіресе Катармен инвестициялық байланыс қарқынды дамыған.

Сарапшының дерегінше, 2023 жылға дейін Катардың Қазақстанға салған инвестициясы небәрі 9 млн доллар болған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,26 млрд долларға жетіп, шамамен 14 есе өскен.

Қытай да Қазақстанның стратегиялық инвестициялық серіктестерінің біріне айналды. 2019 жылы Қытайдан Қазақстанға 1,69 млрд доллар инвестиция тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,83 млрд долларға жеткен.

Қытайды алатын болсақ, ол тіпті стратегиялық инвестициялық әріптес деңгейіне көтерілді. 2019 жылы Қытай бізге 1,69 миллиард доллар инвестиция берсе, 2025 жылы көрші елден 2,83 миллиард доллар тартылды. Биыл бұл рекорд тағы жаңаруы мүмкін, – деді Айбар Олжаев.

Қаржы сарапшысы Қазақстанға инвестиция тарту көрсеткішін бағалағанда соңғы жеті жылдағы әлемдік экономиканың күрделі жағдайын да ескеру қажет екенін айтты.

Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі әлемдік экономика үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Бұл уақытта пандемия салдарынан өндіріс пен халықаралық сауда тежелді, инфляция күшейді, капитал нарықтарында дағдарыс байқалды. Кейін Ресей-Украина соғысы басталып, Ресейге қарсы санкциялар енгізілді.

Ол ел басқарған бір де бір жыл мамыражай болған жоқ. Мұнайдың бағасы барреліне 60-65 доллардан көтерілмей қойды. Бүкіл әлем, тіпті дамыған елдердің өзі артық капитал үшін, инвестициялар үшін қатты таласты, – деді сарапшы.

Айбар Олжаев осындай жағдайда жылына орта есеппен 23 млрд доллар инвестиция тарту Қазақстан үшін маңызды нәтиже болғанын атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін халықаралық деңгейдегі келіссөздермен шектелмей, нақты инвесторлармен және компания басшыларымен тікелей жұмыс істеу қажет.

Әр елдің бизнесімен, нақты бір кәсіпорын директорымен жеке-жеке кездесу қажет болды. Тоқаев бәрінің көңілін тапты. Қазақстанның перспективасы мен болашағына сендіре білді. Құрғақ уәде берген жоқ, нақты сандар мен жол картасын ұсынды, – деді Айбар Олжаев.

Сарапшының пікірінше, соңғы жылдардағы басты нәтижелердің бірі – Қазақстанға инвестиция салатын елдер географиясының кеңеюі.

Бұған дейін негізгі инвесторлар қатарында АҚШ пен Нидерланды сияқты елдер басым болса, кейінгі жылдары Оңтүстік Корея, Сингапур, Катар және басқа да мемлекеттердің үлесі арта түскен.

Бастысы, мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа инвестициялық картасын жасады. Инвесторлар баяғыдай АҚШ пен Нидерланды ғана емес, Корея, Сингапур, Катар сынды жаңа ойыншылармен толықты. Инвесторлар географиясы кеңейді. Осының артында жеті жыл талмай жүгірген еңбек жатыр, – деп қорытындылады қаржы сарапшысы.

Оқи отырыңыз