Жаңалықтар

Жер қойнауын пайдалану туралы шетелдік инвесторлармен жасалған келісімшарт қашан ашық көрсетіледі?

Жер қойнауын пайдалану туралы шетелдік инвесторлармен жасалған келісімшарт қашан ашық көрсетіледі?
Фото: © Pixabay.com 14.09.2023 15:15 11397

Көптен бері Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек  «Қазақмыс» корпорациясы, «Арселор Миттал Теміртау», «ТеңізШевройл», «Қарашығанақ» сияқты ірі компаниялардың жер қойнауы пайдалану бойынша келісімшарттарын тексеруіміз керек деп айтып жүр.

Мұны күні кеше ол жалпы отырыста Энергетика министрлігінен де сұрады.

1997 жылдан бастап барлық мұнай кен орындары инвесторлардың қолында. Мысалы «Теңізшевройл», «Қарашығанақ», «Қашаған». Өкінішке қарай, осы күнге дейін халық олармен жасалған келісімшарт туралы білмейді. Келісімшарт қандай шарттармен бекітілген?  Ал Конституцияға сәйкес, халық барлық ресурстардың иесі болып саналады. Бұл ақпаратты халыққа ашу мүмкін бе? – деді депутат.

Энергетика министрлігінен вице-министр Асхат Хасенов жауап беруге тырысқан. Алғашында тақырыптан сәл қашқақтауға тырысқан.

Бізде өнімді бөлу келісімшарттарына тұрақтылық берілген. Бірақ бұл ешқандай ақпарат жоқ дегенді білдірмейді. Ашық ақпарат – ол экологиялық міндеттемелердің орындалуы, қанша салық төленіп жатыр, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өңірлерге қандай көмек көрсетіп, қанша қаржы бөліп жатқаны. Басқа да ақпараттарды көрсету үшін Үкімет пен Мәжіліс арасында арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы топ арқылы қандай да бір ақпаратты ашық ету үшін жұмыс істейміз, - деп айтты вице-министр.

Нақты сұраққа нақты жауап берілмегенін Бақытжан Базарбек шенеуніктердің есіне қайта салып, тағы бір сұрап көрді. Сол кезде ғана ол шынын айтты.

Бұл келісімшарттар халықаралық талаптарға сәйкес тек қана екі жақтың келіссөздері арқылы келісілген болса ашылады. Қандай да бір ақпаратты ашық ету керек болса, біз жаңағы үш алпауыт компанияға өз талаптарымызды қойып жатырмыз, - деді Асхат Хасенов.

Тағы бір депутат Азат Перуашев та мұндай деректердің жабық болуына наразылығын білдірді.

Бізге өнімді бөлісу туралы келісім халықаралық құқық талаптарына сәйкес жария етілмейді деп айтылды. Осы логика бойынша жер қойнауының иесі – Қазақстан халқының шетелдіктер өз мүлкіне қалай билік ететінін білуге ​​құқығы жоқ. Бұл үйіңізге біреу келіп, оны жылдар бойы басқарып, мүлкіңізді сатып, іргетасын бұзғаны сияқты. Ал оның не істеп жүргенін сұрасаңыз, заңгер оны білуге болмайтынын айтады, - дейді ол.

Мамыр айында заңгер депутат Абзал Құспан да бас прокурор Берік Асыловқа осыған қатысты сауал жолдағаны бар.

Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңірлерден Атырау облысы донор есебінде бірінші орында тұр. Қазақстанда қызмет етіп жатқан шетелдік үлесі бар компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде ТШО, яғни «ТеңізШеврОйл» компаниясы танылғаны белгілі. Жақында ғана компания өзінің Қазақстан нарығындағы қызметінің 30 жылдығын атап өтті, осы уақыт ішінде ол Қазақстан қазынасына 176 миллиард доллар қаржы құйған, - деді ол.

Депутат атағандай, шетел асқан Қазақстан қазынасын іздестіреміз десек, негізгі назарымызды осы өңірге және әлемдегі ең ірі 5 мұнай кен орнының бірі – Теңіз айлағына аударуымыз керек.

Өкінішке қарай, 30 жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен. Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс жасау емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді, - деді Абзал Құспан.

Аты аталып жатқан бұл шетелдік компанияларға Қазақстандағы жер қойнауын игеру құқығы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында берілген. Келісімшартта нақты не жазылғаны көпшілікке жұмбақ. Олардың табысы көп екені түсінікті. Оны салық т өлемдерерінен де байқауға болады.

ҚР Салық кодексінің 130-бабының 3-тармағына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесі белгіленеді. Соңғы мәліметтер бойынша бұл тізімге 354 ұйым енген.

Ірі көлемде салық төлейтін 10 компанияның тізіміне кіретіндер:

  • «Теңізшевройл» – салық төлемі 4,6 трлн теңге;
  • «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» – 1,4 трлн теңге;
  • «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 434,9 миллиард теңге;
  • «Өзенмұнайгаз» – 269,7 миллиард теңге;
  • «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» – 239,1 миллиард теңге;
  • «Қаражанбасмұнай» – 205,9 миллиард теңге;
  • «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – 190,2 миллиард теңге;
  • «Азия газ құбыры» – 166,5 миллиард теңге;
  • «Philip Morris Kazakhstan» – 161,8 миллиард теңге;
  • «Ембімұнайгаз» – 159,3 миллиард теңге.

Осыдан-ақ қандай компаниялардың еліміздің қазба байлығын табыс тауып жатқанын білуге болады. Енді Үкімет кезінде жасалған келісімшарттардың түпнұсқасын халыққа ашық түрде көрсетеді деп үміттенеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға